Қала мен Сала

Әйел кәсіпкерге демеу болады

Елордада әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды.

[smartslider3 slider=2442]

 

Орталықтың ашылу рәсімі Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасында өтті. Оған қалалық палатаның директорының міндетін атқарушы Б.Жолболдиев, өңірлік кеңестің төрағасы ­Б.Омаров, қалалық кәсіпкерлер палатасының өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайы­мы Б.Бисембаева және бір топ кәсіпкер әйелдер қатысты. Қатысушылар орталықтың ашылғанына қуанып отыр әрі бұл қырық жанды қыз-келіншектер үшін ерекше қолдау екенін айтуда.

«Бүгінгі таңда бас қаламызда белсенді жұмыс істейтін 163 мыңға тарта кәсіпкер бар. Соның 77 мыңы немесе 47 пайызы – қыз-келіншектер. Мұндай орталықтың еліміз бойынша 14-і ашылған. Бүгін елордада тұсауы кесіліп отыр. Осы жерде үй шаруасынан бөлек кәсіппен айналысатын әйелдердің кәсіпкерлігін дамытуға сеп болатын ұсыныстар тыңдалып, жинақталып жоғары жаққа жолданатын болады. Олар, негізінен, жұмысты жүргізу үшін ғимарат сұрайды. Өйткені орынды жалдау ақысы қымбат. Бұл – шағын кәсіпкерлер үшін үлкен шығын. Сол сияқ­ты қаржы институттары жағынан төмендетілген несие немесе гранттар берілсе деген өтініштері бар. Сонымен қатар бүгінгі шарада  шағын жәрмеңке өткізілді. Оған «Бастау бизнес» жобасына қатысып, қайтарымсыз ақша алған әйелдер қатысуда» дейді Б.Жолболдиев.

Жәрмеңкеге келіп экоқалта, алжапқыш, дастарқан, сүлгі, орамал секілді бұйымдарын көрсеткендердің арасында ерекше күтімді қажет ететін баласы бар ана бар. Гүлбаршын Құрманова өткен жылы «Бастау бизнес» жобасына қатысып, онлайн түрдегі оқуға қатысқан. Оқудан кейінгі сынақтардан сүрінбей өтіп, «Үйге қажетті дайын бұйымдар» атты бизнес жоспарын сәтті қорғап шыққан. Осылайша 583 мың теңге көлемінде грантқа ие болған. Аталған қаржыға қуаты жоғары тігін машинасы мен қажетті жабдықтар алып, кәсібін бастаған. Отбасылық жағдайына байланысты шаруасын үйде жүргізуге рұқсат алған.

Аталмыш орталық Ұлттық экономика министрлігінің «Ынтымақтастық қоры», ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Атамекен» ҰКП серіктестігі аясында ашылды. Бастама Азия Даму Банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылады және оны Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасы іске асырады.

Расында, қазіргі таңда қолдаудың түрлі тетіктері бар. Тек ынта мен ыждаһат керек. Өнім алушы емес, өндіруші ел болу үшін мемлекеттік мұндай жобалары керек әрі өміршең болғаны мақұл.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button