Құқық

ӘЙЕЛ ЖЫЛАСА, КӨҢІЛ ҚҰЛАЗЫР…

Елімізде жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шыдамаған 316 әйел өзіне-өзі қол жұмсаған. Отбасылық жанжал кезінде қолын қанға малған 300 әйел темір тордың арғы бетінде өмір сүруде. Міне, осыған қарап қаншама ша­ңы­рақтың шайқалып, бала­ларының жетім қал­ға­нын бағамдауға болады. Осын­дай түйткілді мәсе­ленің алдын алу үшін Бас про­­ку­ратура келелі кеңес өткізді.

2-z34-e9f0bf60-1ff8-4ce4-89b1-3a9d19dde49c

ЗАҢНАМАНЫ ЖЕТІЛДІРУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – мемлекеттің даму деңгейіне қарамастан, әлемнің барлық елдерінде кездесетін қиын мәселе. Бас прокуратурада өткен Зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша ведомствоаралық кеңес жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбді­халықова, Президент Әкімшілігі мен Премьер-министр Кеңсесінің өкілдері, Парламент депутаттары, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері, өзге де мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, дип­ломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Бас прокуратураның жанындағы Консультативтік кеңес мүшелері қатысты.

Кеңес барысында отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шаралар, құқық қолданушылық тәжірибесінің проблемалары, сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңнаманы жетілдіру перспективалары талқыланды.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы саласындағы заңнаманы әрі қарай жетілдіру бойынша жұмыс жүргізу қажет. Заң барлық тұрғындарға түсінікті болуы және әр адам үшін қалыпты норма болуы үшін қызмет ету керек. Біз әйел адамдарға медициналық, құқықтық, психологиялық көмек көрсету жөнінде мемлекеттік кепілдіктерді қалай нығайтатынымыз туралы айту үшін жиналдық, – деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова өз сөзінде.

ОТБАСЫНЫҢ ШЫРҚЫ НЕГЕ БҰЗЫЛАДЫ?

Ал, Бас прокурор Жақып Асанов келтірген деректерге назар аударсақ, бұл мәселені шешудің уақыты жеткен секілді. Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық – ауыр әлеуметтік салдары бар проблема. Зорлық-зомбылық өз алдына тек жәбірленушілердің құқықтарын бұзып қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі болып келеді. Бас прокурор өмірден алынған нақты деректер келтірді.

«Күйеуім, қайнағам, атам 11 жыл бойы ұрып-соқты» деп, Шемонаихада бір келіншек кішкентай үш баласын асып өлтіріп, өзі де дарға асылған. Түркістанда үй иесі 6 адамды: анасын, әйелін, 5 жасар қызы мен ұлын, екі бауырын өлтіруге ұмтылған. Шешесі мен ұлы тірі қалып, төртеуі қаза тапты. Астанада бұрынғы әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген. Кішкентай төрт бала жетім қалды. Қызылорданың Жосалы кентінде айтқаныма көнбеді деп, әйелін байлап, атпен сүйреп өлтірген. Статистика бойынша өткен жылы үй-жайларда 308 адам көз жұмды. Бұл – жалпы кісі өлтірудің үштен бірі. Зорлық-зомбылықтың басқа да сорақы түрлері көп. Екібастұз тұрғыны 11 жастағы туған қызын екі жыл бойы зорлап келген. Оны видеоға түсіріп, интернетке жариялаған азғын қызын тіпті саудаға да салған. Алматыда қызы мен күйеу баласының үнемі ұрып-соққанына қорланған қарт ана дарға асылып қалды. Тек биылдың өзінде 316 әйел өзіне қол салған. Бүгінде түрмеде 300 әйел отбасындағы жанжал кезінде адам өлтіргені үшін жазасын өтеп жатыр. Қаншама шаңырақ шайқалып, кереге сөгілді, балалар жетім қалды» дейді ол.

ПІКІР
Жақып АСАНОВ, ҚР Бас прокуроры:

– Статистика бойынша Қазақ­станда отбасындағы зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыс­тардың 90 пайызға жуығын әйел адамдар жасайды. Егде адамдар мен балалар зорлық-зомбылық әре­кеттерге тап болатын жағдайлар да аз емес. Біздің мақсатымыз – тұрғындардың сана-сезімін өзгертудің жаңа жолдарын іздес­тіру, осы проблемаға деген көз­қарасты өзгерту.

Кейінгі жылдар ішінде елімізде осы саладағы заңдылықты ны­ғайту бойынша заңнамалық және практикалық шаралар қабыл­данды. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң қабылданды. Бұл заң зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауды және отбасылық жан­жалшыларға қатысты қылмыс­тық-процестік мәжбүрлеуді қам­тамасыз ету мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті. Соның арқасында отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстардың азаю динамикасына қол жеткізу мүмкін болды.

Алайда, бұл проблема әлі де өзек­тілігін жоғалтқан жоқ. Тұр­мыстық зорлық-зомбылық сол күйінде маңызды әлеуметтік проб­­лема болып қалып отыр. Көп­теген құқық бұзушылар жазасыз қалуда, ал зорлық-зомбылық фак­­тілері айтылмаған күйінде тір­келмей қалады. Ресми статис­ти­ка жәбірленушілердің полицияға шағымдануына кедергі келтіретін көптеген факторлар салдарынан жағдайдың нақты сипатын көр­сетпей отыр.

ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ – АУЫР КЕСАПАТ

Иә, шынында жан ауыртар статистика. Бас прокурор атап өткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен сәтті күрес жүр­гізудің негізгі шарты – қоғамның парадигмасын өзгерту. Ол үшін қоғамдық сана мен қалыптасқан стереотиптерді түбегейлі өзгертіп, отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдарына сәйкес түсінік қалыптастыру қажет, қоғамға қарсы мінез-құлықты еркімен жібермеу керек. Әрбір жазасыз қалған үй бұзақысы өзінің бойында бұдан да ауыр құқық бұзушылықтарды жасауға негіз болатын жауапкершіліксіздік сезімін дамытады.

Осы орайда, Бас прокурор тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетік­терін жетілдіруге бағытталған заңна­малық ұсыныстарды алға тартты. Мысалы, ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді әкімшілік құқық бұзу­шылықтар қатарына қайтару, отба­сылық жанжалшыларды ұстау мер­зімін үштен 48 сағатқа дейін арттыру, қорғау нұсқамасының мерзімін 90 тәу­лікке дейін ұзарту ұсынылды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button