Жаңалықтар

ӘЙЕЛДЕРДІ ӘСПЕТТЕЙТІН АЛЬМАНАХ

Жақында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жаңа заман: табыс кілті» баспа­ жобасының шеңберінде, қазақ және орыс тілдерінде «Астана: әйел келбеті» иллюстрацияланған таныстырылымдық альманағы жарық көреді. Осыған байланысты кітапты баспаға дайындап жатқан топтың жетекшісі Элита Владимировна Осокинаны әңгімеге тартқан едік.

– Альманахты шығару­да­ғы мақсатты айтып өтсеңіз.
– Биыл Астананың 15 жылдық мерейтойы екенін білесіздер. Альманах осынау мерейлі датаға арналып­ отыр. Онда саясат пен бизнесте, ғылым мен спортта, өнерде, оқу-ағарту саласында және медицинада жүрген әйелдердің өмірі мен еңбегі жайлы баяндалады. Қазіргі таңда нәзік жан­дылар қай істе болсын белсенділікпен көрінуде. Біздің мақсатымыз – Аста­на­дағы еңбекте үлкен жетіс­­тік­терге жетіп, асқақ арман­­дарын жүзеге асырған әйелдерді ел назарына шығару.
– Альманах тарау, бөлім­дер­ге бөлінген бе?
– Бөлінген. Атап айтсақ, альманахта «Елорда әйел­дері: ХХІ ғасыр», «Даңқ галереясы», «Жансерігім, жол­дасым, жұлдызым», «Заман әйелдері» тараула­ры бар. Бұл тарауларда әйелдердің басқару, эко­но­ми­калық және әлеу­мет­тік саланы дамыту, Қазақстан­ның келешегі – өскелең ұрпақ тәрбиесі істеріне қосып жатқан үлесі жөнінде айтылады. Сонымен бірге, Отан мен қала тарихының беттерінде өз атын қалдырған даңқты әйел­дердің тағдыры туралы сыр шертіледі.
Астанада өмір сүріп, қызмет етіп жүрген, өмірде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өзінің саласында беделге ие болған тама­ша замандастарымыз жөнін­де айтылатын «Заман әйел­дері» тарауы кітаптың ең көлемді бөлігін құрайды. Оған «Үкімет адамдары», «Елорда мақтанышы», «Табысты әйел», «Әйел – ана» бөлімдерін енгіздік.
Сондай-ақ, нәзік әйел жанымен ауыр жүк көтеріп, қашанда еріне, балаларына тірек бола білген әйел-ана, әйел-жар, әйел-серік, әйел-муза туралы сөз болады.
– Кітапқа қанша әйелдің енгізілгені туралы және таралымы жайлы, оның нақты жарыққа шығатын уақытымен хабардар етсеңіз.
– Таралымы 1000 дана болатын кітапқа жүз шақты әйел енгізілген. Ол оқыр­ман­ның қолына алдағы күз айларының бірінде тимек.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button