Басты ақпарат

Әйелдердің зейнет жасы: үдеріс пен күмәнді келешек

«Еңбектің зейнетін көру» деген ұғым – кейіндері пайда болған индус­триялық қоғамның жемісі. Заманауи зейнетақы жүйесін енгізудің басты шарты мемлекеттің орнықтылығы, әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығына қол жеткізу болып табылады. Осыған ұмтылған мемлекет ақырында кепілді жаппай зейнетақы жүйесіне көшу қажеттілігін түсінді.

[smartslider3 slider=2813]

Бұл үрдісті алғаш рет 1889 жылы Пруссияда Отто фон Бисмарк енгізді. Одан кейінгі жылдары Еуропа елдерінде тараған мемлекеттік зейнетақы жүйесін дамыту 1956 жылдары КСРО-да жалпы ұлттық сипат алған болатын.

Еліміздің зейнетақы жүйесі де одан бері бірнеше рет реформаланды. Ал 2018-2027 жылдар аралығында әйелдердің зейнетке шығу жасы кезең-кезеңімен 58-ден 63-ке дейін көтеру қолға алынды. 2018 жылы әйелдер 58,5 жаста зейнетке шыға алды. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы тағы да жарты жылға ұлғаяды – 60,6 жасты құрайды. 2023 жылдан бастап әйелдер 61 жастан, ал 2024 жылдан бастап – 61,6 жастан, 2025 жылы – 62 жастан, 2026 жылы 62,6 жастан зейнетке шығады. 2027 жылдан бастап ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы теңестіріліп, 63 жасты құрайтын болады. Көпбалалы аналар зейнеткерлікке жалпы белгіленген зейнеткерлік жастан ерте шығады: 53 жаста зейнетақы 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге тағайындалады.

Бес жылдың шамасында болары болып, бояуы сіңсе де көптің көңілінен шықпаған бұл өзгеріске қарсы дау айтатындар қатары азаяр емес. Саяси сахнада ұпай жинағысы келгендер көпшіліктің жанды жерін басып, әлсін-әлсін дуылдатып отыру әдетке айналды. Жақында Қазақстан халық партиясының жаңадан сайланған төрағасы Ермұхамет Ертісбаев әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа төмендетіп қана қоймай, осы бастаманы Конституциямен бекітуді ұсынды. «Мемлекет ерлер үшін 63 жастан, әйелдер үшін 58 жастан бастап зейнетке шығуға кепілдік береді. Біз негізгі әлеуметтік кепілдік ретінде Конституцияда азаматтардың зейнетке шығу жасын белгілеуді және бұл мәселеде алдағы бірнеше жылға нүкте қоюды ұсынамыз. Бұл ретте әйелдер үшін зейнет жасын арттыру шешімін түзетіп, оны 58 жасқа дейін төмендету қажет деп санаймыз» деп атап көрсетті Ертісбаев.

Бұл сөзге елең ете қалғандар жеткілікті. Қазақстанда, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2021 жылдың 3-тоқсанының соңындағы жағдай тоғыз миллион адам еңбекке қабілетті жаста, оның ішінде 4,3 миллионы – әйелдер. Олардың көбі тірлікке қолайсыз ауылдық жерлерде еңбек етеді.

Қаламыздың жағдайына келетін болсақ, бүгінгі күннің өзінде елордамызда 95 мыңнан астам зейнеткерлер тұрып жатыр. Қамқорлықсыз емес. Ай сайынғы зейнетақының сыртында соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға, соғыс ардагерлерінің отбасылары мен жесірлеріне, тыл еңбеккерлеріне, концлагерь тұтқындарына шамамен 4072 адамға көмек көрсетіледі. Әр жылда қаланың 4000-ға жуық зейнеткері тіс протездерін тегін пайдаланады. Жыл сайын қала бюджетінен барлық зейнеткерлерге біржолғы төлем жасалады. Қала әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен Достық көшесі, 13 мекенжайында қарттардың бос уақытын өткізуге жасалған «Ардагерлер орталығы» белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ашылуы айтулы оқиға болды. Орталықта түрлі үйірме, спорттық құрал-жабдықтар, музыкалық аспаптар, компьютерлік сауат­тылық және ағылшын тілін оқыту бар. Мұндай орталықтар қаланың барлық аудандарында жұмыс істейді. Аудан әкімдіктерінің белсенді көмегімен қаланың шағын аудандары мен тұрғын үй кешендерінде қарттарға арналған елуге тарта шағын орталық жұмыс істейді. Бұл санаттағы азаматтарға қаланың қоғамдық жолаушылар тасымалы қызметі де тегін.

Алайда  «үмітсіз шайтан ісі» демекші, зейнет жасын бұрынғы қалпына келтіру  туралы уәжге қайта орала бергіміз келеді. Өзгерісті енгізбес бұрын  реформашыл топ ел-елді жағалап түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Зейнеткерлік жасты ұлғайтуды жақтайтындар болашақта бюджет қаражаты зейнеткерлерді тиісті деңгейде қамтамасыз етуге жетпейтінін алға тартты.  Бұл қадамды қызметте не жұмыста жүрген әйелдердің жинақтау­шы зейнетақы жүйесінде ұзақ тұруына және тиісінше жинақтарының көлемін арттыруға мүмкіндік береді деп те алдарқатты. Расында да, бұл мәселе барша халықты алаңдатып отыр. Басқа елдерде зейнет жасы қай мөлшерде деген сұраққа жауап іздеу арқылы мәселенің шешіміне тоқтайтын боламыз. Халықаралық еңбекті ұйымдастыру мәліметіне сүйенсек, экономикасы дамыған батыс Еуропа елдерінде зейнет жасы – 65-67 аралығында. Десе де, әлемде байқалып отырған үрдісті атап өткен жөн. Яғни, ерлер мен әйелдердің зейнеткерлік жасын теңестіру, дәлірек айтсақ, әйелдердің зейнеткерлік жасын ерлердікіне жеткізу арқылы бірдей теңестіру жүріп жатыр. Екінші бір үрдіс – ерлер мен әйелдердің зейнеткерлік жасын одан сайын ұлғайту.

Ал жалпы әлемдік тәжірибе бойынша қалыптасқан зейнет жасы – 55-67 жас аралығында. Бұл, алдымен, белгілі бір мемлекеттегі адамдардың өмір сүру  жасының ұзақтығына тікелей байланысты. Мысалы, Азияда ерлер мен әйелдер өмір сүру ұзақтығы 69 жылды құраса, Африкада 55 жас шамасында, Батыс Еуропада 79 жастан астам, Солтүстік Америкада – 80 жас шамасында. Ең төменгі зейнетке шығу жасы Азия мен Африкада (Малайзия, Габон, Таиланд, Гвинея және т.б. – ерлер мен әйелдер үшін 55 жас), ал ең жоғары – Еуропа мен Солтүстік Америкада – 65 жас. Өмір сүру ұзақтығының ұлғаюымен егде жастағы азаматтардың жұмыс істеу мерзімі де артады, бұл да ескеріледі. Қазір бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 223 елдің рейтингінде 151-орында тұр. Ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығының айырмашылығы өте жоғары болып қалуда. Әйелдер үшін бұл 75,6 жас, ал ерлер үшін – 65,7 жас. Бұл жағдайдағы айырмашылық 9,4 жасты құрайды. Бұл – әйелдер мен ерлердің жер бетіндегі ғұмырының көрсеткіші. Егер қарапайым есеппен айтқанда, қарттарымыз егде жасында кемелденбей  ерте кетеді. Оған алдымен геніміз, ішер тамағымыз бен жұтқан ауамыз,  қоршаған ортамыз бен ауыр бейнетіміз де есептеледі. Медицинаның сапалы дамуы да адам өмірінің ұзақтығына тікелей әсер ететін фактор.

Қазіргі уақытта, Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша, Еуродақ елдерінде 100 миллионға жуық қарт адамдар бар екен. Ол елдердің  халқының жалпы саны 321 миллион адамды құрайды. Сарапшылардың болжауынша, 2025 жылға қарай 65 жастан асқан азаматтар саны 21 миллион адамға артады, ал белсенді еңбекке қабілетті халық саны 15 миллион адамға азаяды. Бұл, әрине, бақуатты саналатын, бейнетінің зейнетін молынан қайтарып, қарттарын қамсыз етіп, ерекше қаморлықпен қамтамасыз ететін елдердің жағдайы.

Тағы да салыстырмалы көрсеткіштерге көңіл бөлейік. Халықаралық валюта қорының деректері бойынша дамыған елдердің көпшілігінде 65 жастан асқан (еңбекке қабілетті жас ретінде 15-тен 64-ке дейінгі жас) бір адамға еңбекке қабілетті жастағы 4-5 адамнан келеді екен. Егер ең төменгі еңбек жасы 20-25 жас деп белгіленсе, Еуропада бұл қатынас 1:2, АҚШ-та 1:3,5 болады. Ресейде бұл қатынас 1:1,7, ал кейбір бағалаулар бойынша 1:1,3. Жұмыс істейтін халыққа зейнетақы жүктемесінің артуы және барлық елдердің экономикасына зейнетақы жүйесінің бұзылуына артуы байқалады. Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы баяндамасында 2050 жылға қарай планетада 15 жастан асқандарға қарағанда 60 жастан асқан адамдар көп болады деп айтылған. Демек, халықтың жалпы санындағы егде жастағы адамдардың үлес салмағының өсу тенденциясы тұрақты және ұзақ мерзімді болып табылады.

Халық саны 19 миллионнан асқан еліміздің ахуалы қандай болмақ? Егер 2010 жылы зейнеткерлік жастағы халықтың үлесі 9,9 пайызды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 11 пайызды құрайтын болады. Бұл ретте, еңбекке қабілетті азаматтардың үлесі, керісінше, айтарлықтай төмендеді: 2010 жылғы 64%-дан 2020 жылы 58,3%-ға дейін. Жан-Беус-Гарнье – Э.Россеттің демографиялық қартаю шкаласы бойынша Қазақстан «шын мәнінде қартаю қарсаңында» деңгейінде. Сонымен қатар, еңбекке қабілетті бір адамға түсетін демографиялық жүктеме де артып келеді. Мәселен, Қазақстан Республикасында еңбекке жарамды жастағы әрбір 1000 азаматқа 692 еңбекке жарамды жастан үлкен немесе жасы кіші адамнан (бір жыл бұрын – 687, ал он жыл бұрын – 555 адам) келеді.

Осыған ұқсас жағдай бүкіл әлемде байқалады. БҰҰ болжамы бойынша, әлемнің барлық дерлік елдері халықтың қартаю үдерісіне тап болады.

Бүкіл әлем құлағын тігіп отыр­ған үдерістің алдын алуға дайындық бүгіннен басталған секілді.

Бірқатар дамыған елдерде зейнеткерлік жасты ұлғайту бірінші кезекте болса, кешеуілдетіп зейнетке шығуды ынталандыру мен бірге зейнетке ерте шығу ережелерін қатайтуды қолға алуда.

Қоғамның әлеуметтік-­эко­­номикалық және саяси тұрақ­тылығының бір ұштығы зейнет­ақы жүйесінің қалай қызмет ететініне байланысты екені мәлім. Зейнеткерлердің қалың тобын зейнетақымен қамтамасыз ету де күрделі мәселелердің біріне айналып келеді. Ендеше, әйелдердің зейнет жасының осыдан бес жылғы мөлшерін қайта оралу деген сөз бос әңгіме болып қалмақ.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button