Руханият

«Айгөлек» апаймен кездесу

Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында ақын, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, «Айгөлек» республикалық балалар журналының негізін қалаушы-бас редакторы Қымбат Әбілдақызымен «Бала жанының бағбаны» атты кездесу өтті.

 

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – адал азамат» атты екінші отырысында өскелең ұрпақ тәрбиесі өте маңызды екенін айта келе, жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту керектігін атап өтті. «Балалар кітапханасы» атты бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын әзірледі. «Балалар кітапханасы» жобасы – соның бір тармағы. Қымбат Әбілдақызы – аталмыш бағдарламаны іске асырудың комиссия мүшесі.

Қаламгермен кездесуде кітап оқудың пайдасы, мән-маңызы, ұлттық құндылықтар, ұрпақ тәрбиесі мәселелері қозғалды. Қымбат Әбілдақызы өзінің кітап оқуға құштарлығына ата-әжесінің ықпалы болғанын айтты.

«Ата-әжем 2-сыныпта оқығанымда мені ертіп алып ауыл пош­тасына апаратын. Пошташыға «Біздің Қыпан заулатып оқиды. Дауысы мұғалімнің дауысындай. Алматыдан шығатын оқитын не бар? Біздің Қыпанға соны алдыртып берші» дейтін. Солай келген кітаптар мен газет-­журналдарды оқыдым» деген Қымбат Әбілдақызы бала кезінен оқудың маңызына тоқталды.

Биыл «Айгөлек» журналының шыға бастағанына 25 жыл толады. Бас редакторы басылым тарихын, осы журналды ашудың идеясы қалай келгенін әңгімелеп берді. Қазір көп жерде журнал басшысын «Айгөлек» апай деп атайды. Қымбат Әбілдақызы аталмыш басылымға жазылуға шақырды. Кездесуге қатысқан мұғалімдер, ата-аналар мен оқушылар қаламгерге сұрақтарды қойды. Кездесуді қорытындылаған Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева мазмұнды кездесу болғанын атап өтті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button