ДенсаулықСұхбат

Айгүл АБДУЛДАЕВА, диетолог-нутрициолог: АУРУДЫҢ КӨБІ ДҰРЫС ТАМАҚТАНБАУДАН БОЛАДЫ

диетолог

Айгүл Абдулдаева – Астана қаласындағы жас профессорлардың бірі. Астана медицина университетіндегі профилактикалық медицина және тағамтану кафедрасында жұмыс істейді. Медицина ғылымдарының кандидаты, доцент. Дұрыс тамақтану тәртібін терең зерделеп жүрген маманның ақыл-кеңесі оқырмандарымызға артық болмас деп ойлаймыз.

– Айгүл Абдулдақызы, өзіңіз елорда мектептеріндегі тағам мәселесін ұйымдастыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшесі әрі оның сарапшысы екенсіз. Қазіргі балалар қалай тамақтанып жүр? Жалпы мектептердегі мәзір дұрыс жасалған ба?

– Астана мектептеріндегі балаларға арналған мәзірді біздің Тағамтану кафедрасы дайындайды. Бүгінде білім мекемелерінде «чипсы», кока-кола сынды өнімдер сатылмайтынын білетін шығарсыз. Бұл да мамандарымыздың еңбегі. Ал балалардың тамақтану мәселесіне келсек, былтыр біз осыған байланысты оқушылардың арасында арнайы сауалнама ұйымдастырған едік. Сонда қалалық жеткіншектердің 53 пайызы дұрыс тамақтану ережесін білетін болып шықты. Соған қарамастан, хот-дог секілді жартылай дайын өнімді балалардың 86 пайызы күнделікті тұтынады екен. Яғни балалар оны жиі тұтыну ағзаға зиян екенін саналы түрде біле тұра жейді. Ал 18 пайызы газды сусындарды күнделікті ішетінін айтты. Демек, ата-аналар да балаларының дұрыс тамақтануына мән беруі керек. Бірде бір мектепте дұрыс тамақтану жөнінде дәріс оқып, газды сусындардың зияны жөнінде айтып тұрсам, бір бала: «кока-коланы менің папам күнде ішеді ғой. Ол зиян болса, ішпес еді» деп қара-а-ап тұр. Сондықтан баласының ертеңгі денсаулығын ойлаған әр ата-ана балаларын салауатты тамақтандыруға күш салуы керек.

– Сонда салауатты тамақтану дегеніміз не?

– Салауатты тамақтану – тамақ рационын, тамақтану тәртібін, тамақтану ережесін дұрыс сақтау деген сөз. Адамның денсаулығы салауатты тамақтануға көп байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, шамамен сырқаттың 80 пайыздан астамы дұрыс тамақтанбаудан болады. Адамның күнделікті тұтынатын асында белок, май, көмірсу сынды қоректік заттар, микроэлементтер мен дәрумендер жеткілікті мөлшерде болуы қажет. Мүмкіндік болса, тағамды белгілі бір уақытта қабылдау керек. Бұл астың сіңірілуін жақсартып, адам денсаулығына игі әсер етеді. Ал ретсіз, кеш және шамадан тыс көп ішілген тағам асқазан-ішек жолдарына салмақ түсіріп, тамаққа тәуелді сырқаттардың асқынуына әкеліп соғады.

Тағамды күніне 4-5 рет аз-аздан жеу керек. Егер күніне 3 рет тамақтанатын болсаңыз, таңғы асыңыз тәуліктік рационның 30-35 пайызын, түскі ас – 40 пайызын, кешкі ас – 25-30 пайызын құрауы қажет. Бірақ тамақ қабылдау аралығы 3 сағаттан аспауы шарт. Негізі әр үш сағат сайын ағзаға тағам түсіп тұру қажет. Ал соңғы ас қабылдау ұйықтардан 2-3 сағат бұрын болуы керек. Егер түнге қарай шамадан тыс ауыр тағамдарды қабылдасаңыз, бұл астың қорытылуына кері әсер етіп, семіздік, жіті панкреатит және басқа да асқазан-ішек ауруларының дамуына әкелуі мүмкін. Жалпы кешкі ас жеміс-жидектерден құралғаны ләзім.

– Кейде қыздар арықтаймыз деп күні бойы тамақ ішпей жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Бұл – мүлде дұрыс емес. Күні бойы ашқұрсақ жүрген адам керісінше салмақ тастамайды. Тіпті қосуы мүмкін. Себебі, тұтынатын калориялар кенет азайған кезде ағза дағдарысқа ұшырап, заттектер қорға жинала бас­тайды. Бұл калорияның баяу жойылуына әкеледі. Яғни, ашыққан кезде керісінше салмақтың қосылуы артады. Сондықтан, күні бойы аш жүріп арықтаймын деген ойдан аулақ болу керек. Салмақты қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін жоғарыда айтқан тамақ рационын сақтай білу қажет. Бұған күніне 5 рет аз-аздан тамақтану, дене белсенділігін біртіндеп арттыру, ұн өнімдерін, жануар майларын, ащы тағамдарды тұтынуды азайту жатады. Тамақ құрамында жеміс-жидектер мен көкөністердің мөлшері көп болғаны дұрыс. Салмақ төмендетудің дұрыс тәсілін таңдау үшін алдымен дәрігермен кеңесу қажет. Бұл жерде сіздің жеке бас ерекшеліктеріңіз бен сырқаттарыңыз жеке есепке алынады. Сонда ғана нәтиже жақсы болады.

– Сіз жоғарыда айтқан күніне 5 рет аз-аздан тамақтану балаларға да қатысты ма?

– Әрине, балалардың тамақтануының тәртібі қатаң қадағалануы қажет. Себебі бала – өсіп-жетілуші организм болғаннан кейін оларға ешқандай да шектеу қойылмайды. Бірақ жеткіншектерге мүмкіндігінше, жартылай дайын өнімдерді бермеуге тырысу керек. Оның зияны көп. Мысалы, чипсыде трансмайдың мөлшері көп. Ал мұндай жасанды майлар қатерлі ісік ауруын туғызатынын көзі қарақты қауым жақсы білсе керек.

– Трансмайлар деп маргариндер, аспаздық және кондитерлік майларды айтып тұрсыз ғой?

– Иә, дұрыс айтасыз. Сол трансгендік майларды шамадан тыс көп пайдалану – қауіпті аурулардың пайда болуына әкелетінін ұмытпауымыз керек. Өзіміз де бауырсақ, басқа да өнімдерді пісірерде өсімдік майын қолданып, майды жиі ауыстырып отыру қажет. Бір рет пайдаланылғаннан кейін қайтадан қолданылған өсімдік майы да трансмайларға айналады.

– Бүгінде әлемді гендік модификацияланған организмдер мен өнімдер (ГМО) жайлап алғаны шындық. Оның адам ағзасына қаншалықты зияны бар?

– Шынын айту керек, біз ГМО деп үріккеніміз болмаса, осындай өнімдердің адам ағзасына зияндығы жөнінде әлі толыққанды не дәлел, не зерттеу жоқ. Ол көбіне қандай да бір өнімнің сақталу мерзімін ұзарту үшін қолданылады. Біздің сауда орындарына келіп түсіп жатқан жеміс-жидектер де одан сырт емес. Бірақ саудаға түсерде олардың бір легі міндетті түрде қауіпсіздігі жағынан жан-жақты тексеруден өтеді. Егер жеміс-жидектердің құрамында мысалы, пестицидтер шамадан тыс көп болса, онда тиісті мамандар міндетті түрде дабыл қағады. Сондықтан күнделікті тұтынып жүрген көкөністер сатылымда болса, онда зияны жоқ деуге болады.

– Қазір елдің бәрі тамақ тез дайындайтын «мультиваркаға» көше бастады ғой. Осындай ыдыста дайындалған өнімдер шынымен пайдалы ма?

– Менің «мультиваркаға» қатысты жеке көзқарасым бар. Меніңше, ешқандай тағам қолдан дайындалғанға жетпейді. Өйткені кейбір тағам түрі бар. Мысалы, ет. Ол көп қайнатуды қажет етеді. Ал «мультиваркада» пісірілген ет ұзақ қайнамағандықтан, дұрыс өңделмеуі мүмкін. Ал дұрыс өңделмеген ет тағамдарынан адам ағзасына түрлі инфекциялар түсуі мүмкін. Сондықтан осы жағын да ескерген жөн.

Әңгімелескен Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

2 пікірлер

Пікір үстеу

Back to top button