Мәдениет

Айгүл – «актриса» бейнесінде

Астанадағы Оқушылар сарайында көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Алтын тордағы тоты» пьесасының желісімен «Актриса» драмасының премьерасы жаңаша сипатта өтті. Шығарманы «А.И.» музыкалық театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Қуандық Қасымов сахналады. Инсценировкасын аталмыш театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Назгүл Сарыбаева жасады. Ал, басты рөлді Айгүл Иманбаеваның өзі сомдады.

Астаналықтар талай театрларда сахналанған аталмыш драманы алғаш рет тамашаламағанын айта кетейік. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Актрисаны» Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық  қазақ музыкалық драма театрының режиссері Нұрлан Жұманиязов қойған болатын. Ал, бұл жолы қойылымның ықшамдалған нұсқасы көрерменге ұсынылды.

Мұнда басты рөлді сомдайтын кейіпкер өмірдегі өзін-өзі ойнайды деп айтуға болады. Яғни, сахнадағы өмірі, оның сыртындағы тіршілігі барша сүйініші, күйінішімен бірге көрініс табады. Басқаша айтсақ, актриса бейнесі әртістік жолды таңдаған әйел адамдардың жиынтық образы іспеттес. Мәселен, қойылымда шырқалатын «Гәкку» әнінен көз алдымызға Күләш Байсейітова елестейді. Алайда, Айгүл Иманбаева бас кейіпкердің бейнесін өз өміріне мейлінше жақындатқан. Драмада шырқалатын әндер де көбінесі оның өзінің репертуарынан алынды.

Қойылымды тамашалаған Дулат Исабековтің өзі де бұған назарды жетілдіретін тұстарын да атап көрсетті. «Драматургия ретінде, драмалық спектакль ретінде Бәйтен Омаров қойған «Актрисадан» артығы жоқ. Бүгінгі қойылымды Айгүл Иманбаеваның бенефисі деп қарау керек. Алайда, көптеген көрерменді жылататын сценалар бүгін көрінбей қалғаны өкіндіреді. Бұл спектакль өзінің биімен құнды. Бірақ, Айгүл сылбыр қимылдайды, қимылдарды сәл тездету керек. Қойылымда бизнесменнің қайдан шыға келгені де түсініксіз. Әрбір рөлде биография болуы керек. Ол дегеніміз – кейіпкер қайдан пайда болды, оған не керек көрерменге айқын болуы тиіс. Ал мұнда дидактикаға ұрынғансыздар. Десек те, бір актрисаның театрын көрдік. Айгүл Иманбаева басты рөлді сомдамаса, оны қоюға рұқсат бермес едім. Оның театрының да болашағы зор, басқа театрларға ұқсамайтынына бүгін көзім жетті» деп түйіндеді сөзін Д. Исабеков.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button