Басты ақпаратСұхбат

Айгүл Елшібаева: Жүректі жырлар рухтандырады

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, әнші, жыршы-термеші Айгүл Елшібаева көпшілікке тек орындаушылық шеберлігімен ғана емес, қазақтың жыр мақамдарын зерттеуге үлес қосқан өнерпаз ретінде де танымал. Оның орындауындағы жыр-термелер сананы сілкіндіріп, рухты көтереді, жан-дүниеңді қозғайды. Дәстүрлі әншімен арадағы әңгімеде біраз жайдың басын қозғауға тырыстық.

000-1

– Сіз бұдан бірнеше жыл бұрын «Қазақтың жыр мақамдары» деген зерттеу кітабыңызды шығарған едіңіз. Бұл зерттеу жұмысыңызды қазіргі уақытта жалғастырып жат­сыз ба, мың мақамға жақындайтын түрі бар ма?
– «Қазақтың жыр мақамдары» кітабым – жыраулық дəстүрдің орындаушылық мектептерінің классификациясы, жыраулық дəстүрдегі орындаушылық өнердің ноталық нұсқасы мен əр мектептің орындаушылық интонациялық ерекшеліктерін ажырататын тұңғыш ғылы­ми еңбегім. «Мың мақам» деген арманым ғой, ал бұл еңбегім жыраулық мектеп­тердің мақамдарын қосып, антологиялық таспа жасап, қазақтың музыкалық мəде­ниетіндегі жыраулық дəстүрдің мақамдарының байлығына қосқан үлесім еді. Мақам деген зерттеу емес, мың күй сияқты антология жасау үшін 1000 мақамнан тұратын диск жасасам дегенмін. Мақамдарды жинау, ел аралау – бəрі қаражатқа тіреледі ғой.
– Қазақтың жыр мек­тебі туралы Кемб­ридж университетінде ағыл­шын тілінде баяндама жаса­ға­ныңыздан хабардармыз. Түбінде осы еңбектеріңізді ағылшын тіліне аударып, әлемдік оқырман назарына ұсынғыңыз келмей ме?
– Қазіргі таңда жыраулықты өр­кендететін ешқандай жо­ғар­ғы оқу орнында жұ­мыс жасамағандықтан, шығар­ма­шылық концерттерімді беріп жүрмін. Жоғарыда әңгіме болған кітабымда кішкене де болса ағылшынша аударма берілген. Сол аударма кітап туралы үлкен мағлұмат береді. Кембриджде баяндама жасамас бұрын, əр мектептердің орындаушылық ерекшеліктерінен үзінді айтып бергенмін. Өзге елдің ғалымдары бұған жақсы назар аударды. Дегенмен, мен үшін орындаушылық шеберлік əрқашанда биік тұрады ғой.
– Сіз жырды эстрадамен де орындап көрдіңіз, жырдың табиғатын эстрада тыңдарманға жеткізе ала ма екен, қалай ойлайсыз? Көпшілік тыңдарман жыр мақамдары домбыра әуенімен ғана жақсы үйлесімде болады деген пікірді жиі айтады.
– Жыр болсын, ән болсын таза дəстүрін бұзбай эстрадаға салса, ол тыңдаушысын табады. Тəуелсіздік алғалы 25 жыл бойы шетелдің эстрадасын тыңдаған жастарға заман сұранысы бо­йынша жырды осындай жолмен жеткізудің өрескелдігі жоқ. Техниканың көмегімен болса да жастардың саңылауына аздаған ұлттық үннің сазын жеткізе алсақ, бұл да аз жетістік емес. Жеке шығармашылығымда əн-жыр, термемен, домбыраммен шығып жүрмін ғой. Халықтың ықыласы, көрерменнің сахнадан жібермеген қошеметі менің әнші-жыршы ретінде қалыптасуыма септесті. Жалпы, ел мені дəстүрлі əнші-жыршы ретінде қабылдады. Кейін Сүгірдің термесін эстрадаға салғанымда, эстраданы сүйетін тыңдармандардың ықыласына бөлендім.
– Өнердегі шығармашы­лы­ғыңызға келер жылы 20 жыл толады екен. Қандай жос­­па­рыңыз бар, құпия болмаса…
– 1997 жылы Парижде Плейель залында əн шырқаға­нымда, залдың директоры ризашылығын білдірді. «Браво» деген визиткасын қолыма ұстатқан еді. Марқұм, күйші Қаршыға ағаға, скрипкашы, əлем əртісі Айман Мұсаходжаеваға, маған Италияның пианино ойнаушысы Мариссио Полинидің концертіне билет берді. Өнер жолымды 20 жасымнан бас­тасам да, қаншама концерттерге шықсам да, атақ үшін жүгірмеппін, мен дəстүрлі өнердің өзім сезінетін құдіретін елге сездіртсем деген оймен ғана жүріппін. Мен үшін сахнаға әр шыққан сайын өнеріңді паш ету – үлкен қажыр мен еңбектің жемісі. Келесі жылы 20 жыл толады екен. Денім сау болса, қазақ өнеріне əрі қарай еңбегімді сіңіре беремін деген ойдамын.
– Сіздің репертуарыңызда Батыстың да, Сыр бойының да, Жетісудың да жыр мекте­бінің әндері кездеседі. Өзіңіздің жаныңызға қай­сысы жақын?
– Менің репертуарымда əр мектеп – өзінше əдемі əуен­мен өрнектелген əуендер. Бірі рухыңды қайрайтын, бірі рухыңды оятатын, бірі көңілдің кірін тазартатын, бірі қайғыңды ұмыттыратын жыр-термелер. Мен сол жыр-әуендерді орындағанда, өзімді музыка патшалығының иесі сезінемін. Өзімнің рухымды көтеріп, шабыттандыратын əуендерді сол күйінде тыңдаушыма жеткізсем, менің мақсатымның орындалғаны. Сөнген жүректі жалынды жыр ғана рухтандыра алады.
– Кейбір әріптес ағаларыңыз «Астанадан дәстүрлі музыка театрын ашу керек» деген пікір білдіріп еді, осы тұрғыда сіздің ойыңыз қан­дай?
– «Жомарттың қолын жоқ­шылық байлайды» деген сөз бар, қазақы əуен байлығына зəру адам тек халықтың ішінде. Қолында қауғасы бар, тереңнен су алып ішетіндердің ойлары – орысшатыс. Дəстүрлі музыка театрына мемлекет көңіл бөлмесе, қолдау жасамаса, менің қолымнан дəл қазір ештеңе де келмейді.
– Анаңыз Жұмабике Жұ­бат­­қызы әйгілі күйші Қа­зан­ғаптың шәкірті Матай Қуантайұлының туған на­ғашысы ғой, күй тартатын өнеріңіз жоқ па?
– Күйді музыка мектебінде 7 жасымнан тарттым. Консерваторияда оқып жүргенімде ұстаздарым: халық əртісі Əзи­долла Есқалиевтен, Сəдуа­қас Балмағанбетовтен дəріс алғанымды мақтан тұтам. Репертуарымда бірнеше күйлер бар, кейде домбырашылармен бас қосқанда, білетін күйлерімді бірге тартамыз.
– Елбасымыздың батасын алғанда неше жаста едіңіз, сол оқиғаны өз аузыңызбен айтып берсеңіз…
– Елбасының алдында алғаш рет Ақтөбеде өткен Президенттік шырша кезінде өнер көрсеткенмін. Ол кезде 17 жаста болатынмын. Нұрсұлтан аға термелерімді мықты орындаған сəтімді білетін болған соң, кейде сəтсіз шығып жатса, ішімде бір айтарым бар екенін біліп, «тағы айт» деп қолқалағанда, дауысым ашылып сала беретін. Жаста­йымнан Елбасының ықыласына бөленгесін, шабытым шарықтап, ешқашан да мұқалуды білмей өстім. Кейін «Консерватория­ны үздік бітірдім» дегенімде, дипломыма байғазы беріп, əрі қарай аспирантурада оқуы­ма қолдау жасады. Соның ар­қасында «Қазақтың жыр ма­қамдары» атты жыраулық дəстүрлі орындаушылық өнер­дегі тұңғыш ғылыми зерттеу кітабы дүниеге келді. Елбасының «Әр адам өз ісінің кəсіби шебері болуы керек» деген сөзі маған əрқашанда демеу болды, сол сөзді нысанаға алып, кəсібімді шыңдап келе жатырмын.
– Әңгімеңізге рақмет, өне­ріңіз үстей берсін!

Сұхбаттасқан:
Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button