Оқырманнан он сұрақ

Айгүл ИМАНБАЕВА, әншi-актриса: ӨНЕРГЕ ШӨЛДЕП ЖYРГЕН ЖАНМЫН

 

Сiздi Үндiстанға барып, киноға түсiп келдi деп естiген едiк. Осы рас па?
Мұратбек, оқырман

– Рас. Үндiстанның «Шерхан» студиясында «Сен жалғыз емессiң» деген киноға түстiм. Кино әлемiне ендi келiп жатқан продюсердiң жұмысы екен. Онда мен жапон қызының рөлiнде ойнадым. Басты рөлдегi қыздың досымын. Ол кино бiзге қарай шықпайды. Кейiн өзiмнiң архивiме жазып беремiз деген. Әзiрге хабарын алған жоқпын. Үндi киноөндiрiсiндегiлер басты рөлдi ешқашан өзге ұлт өкiлiне бермейдi. Бiздегiдей жалпақшешейлiк жоқ. Осынысы қатты ұнады.

Шығармашылықтың шарықтау шегiндемiн деп ойлайсыз ба?
Жанар Ахметова, студент

– Менде өнерге деген тойымсыздық бар. Бiр жұмысты бастап, одан нәтиже шығардым ба, ары қарай алға ұмтыла беремiн. Содан кейiн жұрт «О, Айгүл Иманбаева» деп жатады ғой. Содан соң ғана өз-өзiме есеп бере бастаймын.
Менде жасаған жұмысыма рахаттанып, соның буына пiсiп, халықтың алдында масаттану деген жоқ екен. Жұрт алғысын бiлдiрiп немесе игi сөздер айтып жатса, «иә, рахмет» деп жүре беремiн. Жалпы, мен өнерге шөлдеп жүрген жанмын. Қашан қарасаңыз да, ашқарақтанып жүремiн. Және мұнымды жақсы қасиет деп бiлемiн.

 Айгүл, театрыңызда көрерменнiң көзiне ерiксiз жас ұялатқан трагедиялық қойылым – «Медеядан» кейiн, өзбек драматургiнiң «Темiр қатын» атты комедиясын ұсындыңыз. Өз авторларымыздың туындыларын неге таңдамадыңыз?
Жаңабай, оқырман

– «Темiр қатын» – өзбек драматургi Шараф Бошбековтiң туындысы. «АИ»-дың «Медеядан» кейiнгi спектаклiнiң халыққа жақын әрi жеңiлдеу болғандығын қаладық. Негiзi, драмалық, мелодрамалық туындыларды да таңдауға болар едi. Бiрақ, осы тақырыпты қолайы көрдiк. Жасыратыны жоқ, бүгiнде драматургияның ақсап жатқаны рас. Бұрынғы «Беу, қыздар-ай», «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» деген комедиялардан басқа жақсы пьесалар табу қиын. Ал өзбектер ондай дүниеге шебер болғандықтан, осылай еттiк.

Киiм таңдау жағынан кеңесшiңiз кiм?
Зәмзагүл Жайлыбайқызы, оқушы

– Бұл жағынан да бағыт сiлтеушi – Баян Есентаева. Стилистiң көмегiне де жүгiнетiн кездерiм болады. Бiрақ, көп жағдайда басқа мәселелер секiлдi, киiмдi Баян екеумiз ақылдаса отырып таңдаймыз. Тiптi, кейде өзiмiз эскизiн сызамыз. Сосын Аида Кауменова мен Ерлан Жолдасбековке тапсырыспен тiктiремiз. Киiм жағынан тек осы екi стилиске ғана сенiм арта аламын.

«Ғашық жүректе» Майра Итаяқова деген жағымсыз кейiпкердiң рөлiн сомдадыңыз. Бұл туралы театрда жүрген әрiптестерiңiз «Бұл кинода Айгүлден басқа кәсiби әртiс ойнамаған» деген пiкiр бiлдiрдi. Бұл сiзге қалай әсер еттi?
Индира Сағатова, студент

– Осы «Ғашық жүрек» киносын түсiрiп болған соң монтажы жасалып жатқанда, Баян менен: «Айгүл, көресiң бе?» деп сұрады. Мен бас тарттым. Киноның тұсаукесерiнде бiр-ақ көрдiм. Содан «Құдай-ау, мен не iстегем, мына кинода не бiтiрiп жүрмiн?» деп қатты налыдым. Шынымды айтсам, маған бiр ғана кадр ұнады. Ұнамаған жерлерi өте көп болды. Бiрақ, өзiңiз айтқандай, сырт көз – кәсiби актерлер «керемет жақсы ойнап шықтың» деп бағасын берiп жатты. Мен бәрiбiр қатты ұялдым. Бәлкiм, солай шығар. Бiрақ өзiмнiң көңiлiмнен шықты десем, өтiрiк болар едi.

Ұлыңыздың есiмi кiм. Ол өнерлi ме? Сiздi қашан көрсек те бiр тынбай, еңбек етумен жүресiз. Балаңыздың тәрбиесiмен кiм айналысады?
Оразбай Алдабергенов

–Ұлым – Асылжан, құдайға шүкiр, 6-сыныпта оқиды. Рас, көп жағдайда қолым тимей жатады. Бiрақ, бала тәрбиесiн бетiмен жiберiп қоймаймын ғой. Демалыста қасымда жүредi. Екеумiз сырласамыз, әңгiмелесемiз. Өзi былай тұйықтау болғанымен, менiмен жеке әңгiмелескенде, ашылып сөйлеседi. Оның үстiне, баламның тәрбиесiне әкесi де көп көңiл бөледi. Бiрақ қазiр әкесi екеумiз ақылдасып, мектебiн ауыстырып, лицейге берсек пе деп отырмыз. Болашақта шетелде оқытамыз деген жоспар бар болғандықтан, тереңдетiп оқытатын лицейге берудi дұрыс деп шештiк. Қазiргi оқып жүрген мектеп-гимназиясында ағылшын тiлi тереңдетiлiп оқытылады. Ұлым математиканы да жақсы оқиды. Сондықтан, оны қазақ-түрiк лицейiне ауыстырсақ деймiз. Негiзгi оның тәрбиесiмен апасы айналысады.

Ел iшiнде көлiктi жиi ауыстыратыныңыз жиi айтылады? Қазiргi «темiр тұлпарыңыздың» маркасы қандай?
Ринат Сансызбаев

– «Жыл сайын жаңартып тұрдым» деп айта алмаймын. Әйткенмен, Аллаға шүкiршiлiк етемiн. Есептеп қарасам, сегiз жылдың iшiнде 5-6 көлiк ауыстырыппын. Қазiргi «серiгiм» – «Лексус-470» маркалы мәшине.

Алғашқылардың бiрi болып жеке театр ашқан актрисалардың бiрiсiз. Өнердiң өзiн бизнеске айналдырған қазiргi қоғамда театр ашу материал-дық тұрғыдан қаншалықты тиiмдi және театр ашудағы мақсатыңыз не?
Таңатар, студент

– Театр ашу – өте қиын. Әсiресе, әйел адам үшiн. Бүгiнде бұл «АИ» театрының құрамында өз iстерiнiң майталмандары қызмет етiп жатыр. Барлық шығынды өз қалтамыздан шығарамыз. Сол себептi демеушiлiк ауадай қажет. Концертпен салыстырғанда театрға қазақ халқы баяғыдан жақын болмаған. Жалпы, осы саланы да-мытуға телеарналардың көмегi керек. Абай атамыз «Адамгершiлiгi бар адамның басты iстi аяқтағанынан емес, бастағанынан бiлемiз» деген ғой. Сондықтан тәуекел деп осы iстi бастадық.

Бүгiнгi шоу-бизнестiң дамуына көңiлiңiз тола ма?
Думан Серiкұлы

– Әр адамның өз пiкiрi болады. Бұл өнер адамның бәрiн ойландыратын мәселе екенi белгiлi. Менiң ойымша, шоу-бизнеске қомақты қаржы керек. Сондай-ақ, кәсiби продюсерлер көбейсе, бұл сала әлдеқайда дамыған болар едi.

Ғаламтордағы өзiңiз жайында жазылған пiкiрлердi оқып отырасыз ба?
Жұлдызай, студент

– Жоқ, ғаламторда жазылған пiкiрлермен көп санаспаймын. Менiңше, көп жағдайда интернетте өмiрге өкпелi жандар отыратын сияқты. Өзiнiң қолы жете алмай қалған дүние үшiн өшiн интернеттен алады. Мықты болса, ғаламторда емес, шынайы өмiрде пiкiрiн айта бiлсiн. Ал ол жерде ешкiм ешкiмдi көрмейдi. Ойына не келедi, соны жазып отыра бередi.

Әзiрлеген Гүлжан РАХМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button