Сұхбат

Айгүл МҮКЕЙ, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің жетекшісі: «АСТАНА-ЭКСПО» ҚҰРЫЛЫСЫ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН АЯҚТАЛМАҚШЫ

А

Эфирді сағынуға уақыт жоқ

Айгүл Адиятоллақызы, сіз тележурналист ретінде көпшілікке кеңінен танымалсыз. Әркездегі әңгімеңізден өз кәсібіңізге адал болғаныңыз көрініп тұрады. Қазір қызметіңіз ЭКСПО көрмесі шаруаларының бел ортасында. Эфирді сағынбайсыз ба?

– Осы сұрақ маған жиі қойылады. Ол заңды да шығар. Мен 1992-2014 жылдар аралығында телевидение саласында жұмыс істедім. Алғашқы кезде осы өзім туып-өскен Ақмола қаласындағы «Эфир» телекомпаниясының редакторы, кейін 1999 жылдан бастап «Хабар» агенттігінің жүргізушісі, журналисі, Ақпараттық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары болдым. Одан кейін «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның «Еларна» телеарнасының директоры қызметін атқардым.

Бүгінде айналамдағы жағдай түгелдей өзгерді. Қайнаған жұмыстардың бел ортасында жүрмін. Өзіңіз де білесіз, ЭКСПО көрмесі 2017 жылы өтеді. Көрменің дайындығы, ондағы әрбір жоспардың орындалу мерзімі шектеулі. Десе де, атқарып жүрген шаруаларым өзімді қызықтырады.

Сондықтан, мен эфирді сағынамын деп айта алмаймын. Сағынатын да уақыт жоқ!

Оның үстіне, телеарнадағы жұмыс мені эфирге шығу, кадрда болу сияқты «артықшылықтарымен» арбамайтын. Маған қай кезде де кадр сыртындағы жұмыс, шығармашылықпен айналысу, ұжымды бір іске жұмылдырып, көрерменнің көзайымына айналар бағдарламалар жасай білу маңызды болатын.

Қазіргі жас журналистердің көбі телеарналарды жағалайды. Радио, әсіресе, газет журналисі болуды қалайтындар өте аз. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Әрине, жастардың бойында күш-қуат, алдында арман-мақсат көп болады. Олардың тезірек танымал болғысы келеді. Эфирге шығып, елдің есінде қалып, сүйіспеншілікке, құрметке бөленуді қалайды. Бұл – қалыпты нәрсе. Мысалы, менің журналист болғысы келген жастардың телевидение саласына ұмтылуына қарсылығым жоқ. Бірақ, олар қай іске де үлкен дайындықпен, біліммен келсе деймін.

Телеарналар жақсы дамып жатыр. Радио саласының да болашағы үлкен деп ойлаймын. Неге десеңіз, радио адамнан арнайы уақыт талап етпейді. Мысалы, қазір жүйелі түрде теледидар көре алмаймын, өйткені, уақыт тапшы. Ал радионы көшеде, көлікте кетіп бара жатып та тыңдай беремін. Сондықтан, егер алдағы уақытта мүмкіндігім болса, өз басым радиода жұмыс істеуді де теріс көрмес едім.

Жалпы, газет болсын, радио, телеарна болсын – осы ақпарат құралдарының қай-қайсысын да заман көшінен қалдырмай, дамытып отыруға болады деп есептеймін. Сондықтан, жастар қай саланы таңдаса да, өзінің мүмкіндігін, қабілет-қарымын таразылап алғаны абзал.

– Сіз кезінде отандық телеарналардың заңда көрсетілгендей қазақтілді бағдарламалар санын толтыру үшін шығармашылық кештер, концерттер беруге әуес болып кеткенін айтып, орынды сынап едіңіз.

Зиялы қауым қауым соңғы жылдары телеарна бағдарламалары негізінен ойсыз, қамсыз көңіл көтеру, шоу бағдарламаларға толып кеткенін айтып жүр. Сіз қалай ойлайсыз?

– Телебағдарламаларымыздың көбі концерттік кештер мен шоуға айналып бара жатқаны рас. Бірақ, бұл үрдіс қазір реттеліп, өз арнасына түсіп келе жатқан тәрізді.

Бір жағынан, сауықшыл халықпыз. Бізге телеарнадан жақсы әндер беріліп, концерттік бағдарламалардың қойылғаны ұнайды. Қазақтың ән-күйсіз көңілі көншімейді ғой. Осыған орай, әншілер қауымының беделі артып, халық арасында сұранысқа ие болып отыр. Алайда, мені теле-радио саласында көркемдік кеңестің жоқтығы алаңдатады.

– Сіздіңше, қайтадан көркемдік кеңестер құру керек пе?  

– Негізінде, ол керек. Телеарналар арқылы көрсетілетін концерттік кештер мен бағдарламаларды, эфирге шығатын өнер иелерін саралап, іріктеп отыру қажет. Кәсіби деңгейі жоғары, орындаушылығы да, әнді әрлеуі де, бет-әлпеті де келіскен, өнер мен мәдениетімізді өсіре алатын тұлғаларды ғана эфирге шығаруға тырысқанымыз жөн. Әйтпесе, мен атын атамай-ақ қояйын, қазіргі күні тойға да, алаңдағы концертке де, сахнаға да бір костюммен шығып, бір әнін орындай беретін, сөйтіп, елді жалықтырып жүрген әншілеріміз бар.

Бізде жақсылыққа сенетіндерден гөрі

сынайтындар көп

– Сіз 2014 жылдан бері «ЭКСПO-2017» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің жетекшісіз. Осының алдындағы жұмысыңыздың мақсаты көрермендерді жақсы бағдарламалармен қамтамасыз етіп, қазақ телевизиясының сапасын көтеру болса, бүгінгі қызметіңіз еліміз бен шетел азаматтарын 2017 жылы Астанамызда өтетін ЭКСПО көрмесіне байланысты шаруаларымен ақпараттандыру. Ендеше, ЭКСПО көрмесін өткізуге дайындық қалай? Ондағы құрылыс қарқыны қай дәрежеде?

– Білетін боларсыз, жақында Миланда «ЭКСПО-2015» көрмесі ашылған. Оның басты тақырыбы ретінде әлемді азық-түлікпен қамту мәселесі бекітілген еді. Көрмеге 140-қа тарта мемлекет қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Италия бюджетінен бұл шараны өткізуге 13 миллиард евродан астам қаражат жұмсалыпты. Біздің қазақстандық делегация да сол көрмеге қатысып, павильонға ауыл шаруашылық өнімдерімізді апарып қойды, дүние жүзінен жиналған қауымға ұлттық сусынымыз қымыз ұсынды. Арал теңізінде бұрын болған, қазір жойылып бара жатқан балықтарды көрсетіп, оларды сақтап қалу мәселесін ел талқысына салды. Миландағы «ЭКСПO-2015» көрмесіндегі қазақстандық павильонның құрылысын салған компанияның жетекшісі Роберт Мюллер бір ғана біздің еліміздің сол көрмедегі құрылыс нысанын салу үшін бір жарым жыл уақыт кеткенін айтты.

Мен мұны, жалпы мысал үшін айтып отырмын. Қазақстанның Миландағы көрмеге үлкен күш жұмсап, қатысуының өзі біздің еліміз үшін тәжірибе жинаудың бір жолы екені анық.

Ал енді айтайын дегенім, осы көрме ашылғаннан кейін мен әдейі еліміздегі ақпарат құралдарында, соның ішінде интернет желісінде не жазылып жатыр екен деп, бақылап көрдім. Байқағаным, блогерлер «ЭКСПО» тақырыбында біраз ақпарат жазыпты. Өкінішке қарай, солардың басым көпшілігі Миландағы көрме жайлы айта келе, өзімізде, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесі жайлы теріс пікірлер жариялапты. «Бізде ондай жоғары дәрежеде болмайды», «біздікілер бөлінген ақшаны үйтеді, бүйтеді», «әлемге күлкі болып қаламыз» деген секілді жағымсыз жазбалар көп. Бұл, әрине, менің де көңіліме келді. Неге десеңіз, қазір біз осы көрмені жоғары деңгейде өткізіп, еліміздің беделін, абыройын өсіру үшін бар күшімізді салып жұмыс істеп жатырмыз. «ЭКСПО-2017» көрмесінде бір ғана біздің елімізден 80-нен астам компания өздерінің құрылыс материалдарын көрсетпек. 2017 жылдың 10 маусымында ашылатын көрме 1 қыркүйекке дейін жалғаспақ. Бұл мақсатта  175 га жер бөлініп, қазір құрылыс жүріп жатыр. Жақында сол құрылыс алаңына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, игі істерді көріп, жұмыс қарқынына көңілі толғанын айтып кетті.

– Жоспар бойынша, «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрылысы қашан аяқталуға тиіс?

– Жоспар бойынша көрменің құрылысы 2016 жылдың қыркүйегінде толығымен бітуге тиіс. Бірақ, біздегі құрылыс жұмысы қазіргі қарқынмен жалғаса берсе, мерзімінен бұрын бітіп, тапсырылады деген үміт бар.

– Ал қонақтарды қабылдау, басқа ұйымдастыру жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Қазіргі кезде Елбасының атынан 139 мемлекет пен 12 халықаралық ұйымға шақыру жіберілді. Нәтижесінде 23 мемлекет (Ресей, Алмания, Жапония, Түркия, Израиль, Франция, Индия, Вьетнам, Армения, Пәкістан, Әзірбайжан, Ангола, Беларусь, Сенегал, Грузия, Куба, Түркменстан, Сент-Китс и Невис, Либерия, Тәжікстан, Қытай, Румыния, Монако) және 3 халықаралық ұйым қатысатындығын растады. Биыл 80-ге жуық ұсыныс аламыз деп отырмыз. Жалпы, 100-ден аса мемлекет пен 10 халықаралық ұйымның қатысуы жоспарланған.

Жалпы, еврей халқы үнемі өз-өздерін мақтап, жігерлендіріп, көтеріп отырады. Соның арқасында олар жақсы жетістіктерге жетіп отыр, өзге елдерді, тіпті, әлемді сол мінезі арқасында өздерімен санасуға мәжбүр қылып жатыр деп ойлаймын. Біз де кері тартып, теріс сөйлегеннен гөрі жақсылыққа сеніп, соған бірге ұмтыла білсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Қаржы дағдарысына ЭКСПО-ның қатысы жоқ!

Қазір, өзіңіз білесіз, Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысы атты алапат дауылдың салқын лебін сезініп отыр. Жаппай білінбесе де, кейбір жұмыс орындарындағы қысқартулар, басқа да жағдайлар азаматтардың көңіліне бір үрей ұялатқаны жасырын емес. Осы жағдайдың бәрін Астанада өтетін көрменің кесірі деп білетіндер де бар…

– Қаржы дағдарысы бұрын да болған. Ол – бүкіл әлемде орын алған жағдай. Қазақстан мұнай бағасының түсуі, Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы секілді себептермен әлемдік қаржы дағдарысын сезіне бастады. Ал шын мәнінде, «ЭКСПО-2017» көрмесінің бюджеті бұған дейін алдын ала бөлінген.

Жалпылай алғанда, біздің бағалауымызша 3 млрд доллар шамасында қаржы жұмсалады. Бұл күндері 1 млрд 200 млн доллар көлемінде инвестициялық жобаға қаржы тартылды. Тартылатын инвестиция көлемі әлі де өсетін болады деп жоспарланып отыр. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, көрмені ұйымдастыруға 5-17 млрд евро жұмсалады. Қайта қазақстандық көрме ең үнемді болатын сыңайлы.

Қаржы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Ұлттық қордан алынды. Яғни, балабақшада, мектепте балаларымызға бір мезгіл тәтті күлше берілмей қалса, жұмыс орындарымызда жалақы кешігіп жатса, жылда өсіріліп отырған әлеуметтік көмектер биыл өспей қалса, оған ЭКСПО-ның қатысы жоқ.

– Расында да, «қаржының бәрі ЭКСПО-ға бөлініп жатыр, бұл көрме қазақстандықтардың әлеуметтік өміріне салмақ салып отыр» деген пікір ел арасында айтылып жүр. Ал шын мәнінде экономикалық, әлеуметтік тұрғыда бұл халықаралық көрме қазаққа қандай пайда әкеледі?

– Қазір әлемде электр қуатына тапшылық байқала бастады. Біздің күнделікті тұрмыста тұтынатын дүниелеріміздің көбі электр қуатын талап ететіні рас. Ал Астанада өтетін ЭКСПО көрмесі электр қуатын өндірудің жалама жолдарын қарастырады. Ол – күн, су, жел, ауа арқылы энергия алу мәселесі. Бұл, біріншіден, әлемдегі және өз еліміздегі электр қуаты тапшылығын жою жолындағы ізденіс болса, екінші жағынан ауаның ластануына тосқауыл қою, экологияны сақтау мақсатын көздеген қадам. Әрине, әлемнің экологиясын неге біз қорғауымыз керек деп шығатындар да табылуы мүмкін. Бірақ, мұндай ізгі қадамнан Қазақстанның ұтылмасы анық. Дүниежүзілік көрмені 2017 жылы дәл осы тақырыппен өткізуге бізге әлем сенім артты. Біз мойнымызға мәртебелі міндет алып отырмыз. Онымен мақтануымыз керек және абыроймен орындап шығуға тиіспіз.

Ал енді көрменің дайындығының өзі ел экономикасына, әлеуметтік жағдайға қалай ықпал етіп отыр десеңіз, біз үлкен аумақты алатын құрылыс нысанына өз өнімдерімізді қолдануға тырысып жатырмыз. Қазіргі күні аймақтармен келісім жасалып, сол өңірлерде өндіріліп жатқан құрылыс тауарлары алынуда. Бірінен ағаш, бірінен цемент, бірінен гипс деген секілді… Аймақтардан Астанаға жұмысшылар келіп жатыр.

Жалпы, менің ойымша, ЭКСПО-дан да бөлек, ай сайын қыруар қаражат жұмсалатын компаниялар, мекемелер көп бізде. Бірақ қаржылық қиындық туа қалса, жұрттың көбі ЭКСПО-ны сылтау қылғысы келіп тұрады. Оған себеп болатыны, ЭКСПО жұмыстары елдің көз алдында жүріп жатыр. Біз көз алдымызда көрініп тұрған кез келген нәрселерден мін іздеуге жақынбыз ғой.

– Жаңа аймақтардан жұмыс күші тартылып жатыр дедіңіз. Дәл қазіргі таңда ЭКСПО-2017-нің жалпы дайындық жұмыстары қанша адамды жұмыспен қамтып отыр? Олардың қаншасы Қазақстан азаматтары? Жоспарланған жұмыстың қанша пайызы жасалды?

– Өздеріңізге белгілі, өткен жылы 24 сәуірде Елбасы Көрме құрылысы орнына капсула салып, дайындық жұмыстарының тұсауын кескен болатын. Содан бері бір-ақ жыл өтсе де, ЭКСПО-2017 кешені аумағында бүгінде жұмыстың 30 пайызы аяқталды. 25 гектар жерде орналасқан Көрме кешенінде 38 жаңа нысан салынады. Қазірдің өзінде 60-тан аса көтергіш крандар, 4000-нан аса жұмыс қолы жұмылдырылған. Әрлеу жұмыстары басталғанда олардың саны 10 000-ға жетеді. Басым көпшілігі – қазақстандықтар. Құрылысқа барынша отандық кәсіпорындар тартылуда. Жалпы сомасы 59,6 млрд теңгені құрайтын 85 отандық өнім пайдаланылып жатыр. Сондай-ақ, орта және кіші бизнестің ең ірі ұлттық жобаны жүзеге асыруға қатыстырылуы елдің, өңірлердің дамуына мүмкіндік береді. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең қызған шағы. Елбасының тапсырмасы бойынша 2016 жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс. 2017 жылдың басында қатысушы мемлекеттер өз павильондарын жасау мен монтаждау жұмыстарын бастайды.

Кез келген нәрсені жақсы жоспарлау керек

– Бір сұхбатыңызда осы көрме барысында волонтер ретінде қызмет ету үшін ағылшын тілін білу маңызды екенін айтқан екенсіз…  Тек ана тілін білетін, қазақы тәрбие алған бір ауылдың баласы қалаға келіп, қосымша бір тіл үйренгісі келсе, қай тілді оқуы керек деп ойлайсыз?

– Ағылшын тілін. Ағылшын тілі әр адамның, әр азаматтың өзі үшін қажет. «Бір тіл білу – бір адам болу» дейді ғой халық. Негізінде, тілдерді неғұрлым көп білсе, адамның соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді. Ал егер ауыл баласы қалаға келіп, бір тіл үйренуге құлшыныс танытса, мен оған ағылшын тілін үйренуге кеңес берер едім. Ол ЭКСПО кезінде жұмыс істеуге ғана емес, жалпы кез келген уақытта қажетке жарайды.

– Сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Адамның ұстанымы уақыт өткен сайын өзгеріп отыратын сияқты. Ол да адамның өсуіне, кемелденуіне, дамуына және қызметтегі, тұрмыстағы қажеттіліктеріне байланысты болатын шығар. Дәл қазіргі менің ұстанымым – «Кез келген нәрсені жақсы жоспарлау керек». Сосын адам үйренуден жалықпау керек деп ойлаймын. Әр нәрсеге үмітпен, оптимизммен қарау да қажыр-қайратты арттырады.

– ЭКСПО көрмесі төңірегінде жұмыс істеу сіздің дүниетанымыңызға, ой-арманыңызға өз ықпалын тигізіп отыр ма? 

– Әрине. Телеарналарда ұзақ қызмет еткендіктен, ондағы жағдайдың бәрі маған үйреншікті еді. Жаңа бағдарламалар, тың тәсілдер ойлап табуың мүмкін, бірақ ол сала өзіңнің қалыптасқан ортаң болғандықтан, көп жаңалығы жоқтай көрінетін. Ал «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің жетекшісі болып келгелі мұнда жаңа ортаға, жаңаша жұмысқа тап болдым. Маркетолог, дипломат, әкімшілік қызметкер секілді жаңа мамандармен қызу қарым-қатынаста жұмыс істей бастадым. Соны ұғымдар, өзгеше мақсаттар, жаңа ой-армандар туды алдымнан.

– Сіздің балаңыз қазақша балабақшаға барады екен. Болашақта да оны қазақ мектебіне бергіңіз келетінін айтыпсыз. Жалпы, болашақ ұрпақтарыңыз, балаңыз қандай қоғамда өмір сүрсе деп армандайсыз?

– Балам көркейген Қазақстанда өмір сүрсе екен деймін. Қандай мамандықты таңдаса да, өзінің ана тілінде озық білім алуына мүмкіндік тудыра алатын қазақы қоғамда өмір сүрсе деймін. Оқу үшін шетелге баруға мәжбүр болмаса екен деймін. Мен өзім орыс тілінде білім алып, орыс тіліндегі бағдарламаларды жүргіздім ғой. Ана тілімде майын тамызып сөйлей алмайтыным үшін өкінемін. Балам өз тіліне, өзінің ұлттық мәдениеті мен тарихына жетік болса екен деймін.

 

Әңгімелескен:

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button