ӘлеуметСұхбат

Айгүл ҚУАНЫШЕВА, Астана қаласы №7 емхананың бас дәрігері: АУРУДЫ ЕМДЕГЕННЕН АЛДЫН АЛҒАН ЖАҚСЫ

Сәрсенбі күнi Астана қаласы №7 емхананың бас дәрігері Айгүл Қуанышева қала тұрғындарымен тiкелей тiлдесті. 2007 жылдың қараша айында ашылған емдеу мекемесі қазіргі күні 100 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде 30 287-і балалар, олардың 1 491-і бір жасқа дейінгілер. Емхананың балалар бөлімінде 22 педиатрия учаскесі ұйымдастырылған. 8 учаскеде жалпы тәжірибе дәрігері жұмыс істейді.

Елордалықтармен бiр сағат бойы болған сұрақ-жауап түріндегі әңгіме осы және өзге де мәселелер төңірегінде өрбіді.

– Қызым жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқиды. Енесі алыста болғандықтан, жиен немеремді өзім бағып отырмын. Анасы күн ұзаққа сабақта, баланы қосымша тамақтандырамыз. Айтыңызшы, құрғақ сүт қоспалары кімдерге тегін беріледі?

– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Тұрғындарды амбулатория­лы деңгейде кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында кейбір аурулар мен мамандандырылған емдік тағамдармен тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар мен медициналық көрсеткіштегі бұйымдардың тізімі тура­лы» 04.11.2011жылғы №786 бұйрығына сәйкес, 1 жасқа дейінгі нәрестелерді жасанды тамақтандыруға ерте көшіру туралы абсолютті және салыстырмалы медициналық көрсеткіштердің тізімі әзірленген болатын. Сүт қоспасымен ерте тамақтандыруға көшіру ту­ралы шешімді құрамында бас дәрігердің балалар жұмысы жөніндегі орынбасары, бөлімше меңгерушісі және емдеуші дәрігері бар комиссия қабылдайды. Ал, ол мынандай топтағы балаларға: алғашқы гипогалак­тия, өсімталдық жүктіліктен туған балаларға, анасы күндізгі бөлімнің тәлімгері болған жағдайда және асырап алған балаларға тегін беріледі.

– Көбіне біз, ересектер, «Болашақ – жастардың қолында» деп жатамыз. Ал, сол жеткіншектердің денсаулығын сақтау, түрлі аурулардың алдын алу мақсатында емханада қандай іс-шаралар атқарылуда?

– Дұрыс айтасыз. Егеменді еліміздің ертеңі – бүгінгі ба­лалар, өскелең ұрпақ өкілдері. Ал, олардың денсаулығын жіті қадағалап, бақылап отыру – біздің басты міндетіміз. Бұл ретте 2008 жылдан бастап емха­намызда ашылған «Шаңырақ» жастар-денсаулық орталығы жұмыс істейді. Орталық қызметкерлерінің мақсаты емха­на аумағына қарайтын мек­теп оқушылары мен колледж студенттеріне қандай да бір аурудың алдын алуда, әсіресе, қоғамдағы кесірлі құбылысқа ай­налып бара жатқан нашақорлық, АҚТҚ/ЖҚТҚ, ерте жүктіліктің алдын алу, жыныстық жол­мен берілетін аурулар туралы кеңірек түсіндіру. Осыған орай, орталықтағы психолог маман­дар түрлі тренингтер өткізіп, гинеколог дәрігерлер дәрістер оқып тұрады.

Сонымен қатар, емханамызда жеткіншектер кабинеті жұмыс істейді. Осы орталық арқылы бізге бекітілген мектептердің оқушылары жыл сайын алдын ала терапевт, невропатолог, оку­лист, лор, психолог, гинеколог мамандарға қаралып, дәрігерлік және флюрографиялық тексеру­лерден өтеді. Белгілі бір сырқаты анықталған балаларға ем-дом жасалады.

– Жақында дәрігердің толық тексеруінен өттік. Анализдердің қорытындысы бойынша, баламның гемоглобині 100 г/л. Білейін деп едім, бізге тегін қордан дәрілік заттар тағайындала ма?

– Әрине, бұл нормадан аз. Дегенмен, гемоглобин 90-нан аз болған мезгілде дәрігер сізге қажетті дәрілерге тегін рецепт жазып бере алады. Ал, Денсаулық сақтау министрлігінің 04.11.2011жылғы №786 бұйрығына сәйкес, темір препарат­тары биохимиялық қан талдауы кезінде темір түршіктері 10 мкмоль/л-ден төмен анемияның орта және ауыр деңгейінде тағайындалады. Сіздің балаңызда жеңіл деңгейдегі ане­мия болғандықтан, темір пре­параттары тағайындалмайды. Сондықтан, учаскелік дәрігеріңіздің күнделікті тамақтануға енгізген түзетулері бойынша сол талаппен тамақтанып, балаңыздың гемоглобинін көтеруге күш салуыңыз керек.

– Қызымның аты-жөні Али­ша Нөгербек. Туғаннан бері сал (ДЦП) ауруымен ауырады. Міне, бесінші жыл, емхана ашылғаннан бері осында келіп, невропотолог дәрігерлерге қаралып жүрміз. Қашан келсем де, дәрігерлер құрақ ұшып, қызмет көрсетіп жатады. Мүмкіндікті пайдаланып, Астанадағы №7 емхананың ұжымына, мекеме басшысына алғысымды айтайын деп едім. Дендеріңіз сау, еңбектеріңіз жемісті болсын!

– Рахмет, нақты сұрағыңыз бар ма?

– Жоқ, сұрағым жоқ. Емханаға жиі баратындықтан, бәрін сол жерде дәрігерлерден сұрап-біліп отырамын. Осы жақында ғана қызыммен Есілдің сол жағалауындағы Республикалық балаларды оңалту орталығына жатып, емделіп шықтық. Құлан-таза жазылып кетпегенімен, қызым ауруынан әжептәуір айығып қалғандай, көңіл-күйі жақсы. Сол үшін де Сіздерге, ақ халатты абзал жандарға шексіз ризашылығымды, шын пейілімді жеткізейін деп едім.

– Биыл тоғызыншы сынып­ты тәмамдағалы отырған балам орташа ауырлық деңгейдегі диффузды-улы зобпен ауырады. Ол 10-сыныпқа көшу үшін барлық түлектерге міндетті емтихандардан бо­сатыла ма?

– Иә, диагнозы бойынша, жал­пы білім беру мекемелеріндегі ауысу және бітіру емтиханда­рынан босатылатын аурулар тізіміне сәйкес сіздің балаңыз емтиханнан босатылады.

– Айгүл Шалабайқызы, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Са­ламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес емханада атқарылып жатқан істер аз емес. Жалпы, ауырмау үшін адам не істеуі керек?

– Қазақстанда 2011-2015 жж. арналған Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытатын «Сала­матты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Осы бағдарлама аясында созылмалы аурулардың алғашқы алдын-алуға үлкен назар аударылған болатын, оларға негізінен: жүрек-қан тамыр аурулары, онкологиялық аурулар, қант диабеті, глаукома, вирустық гепатит жатады.

Бағдарламаның алға қойған мақсаттарын жүзеге асы­ру мақсатында тұрғындарға арналған скрининг кабинеті ашылды. Республикалық қаражат есебінен маммограф аппараты, көз ішіндегі қысымды өлшеуге арналған тонометр алынды. Кабинетте ересек тұрғындарға жас ерекшеліктеріне қарай медициналық тексеру жүргізіледі.

Біздің елде медициналық қызмет көрсетудiң қолжетiмдiлiгi мен сапасын артты­ру бағытында барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Елбасының биылғы Жолда­уында айтылғандай, бүгінде «адам науқастанудың өзiне тиiмсiз екенiн түсiнуi керек». Көп жасайтын адамдардың өз денсаулығына ерекше алаңдайтынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан, салауатты өмір салтын қалыптастырып, кез келген аурудың алдын алуға тырысқаны жөн. Темекіден, алкогольдік ішімдіктерден бойын аулақ са­лып, көп жаяу жүрген жанның ұзақ жасауға мүмкіндігі мол. Ал, темекі тартатындар өзіне де, өзгеге де тек зиян әкелетінін сезетін уақыт жеткен сияқты. Жалпы, «ауруды емдегеннен, оның алдын алған жақсы» екенін естен шығармауымыз керек.

– Балам әлі бірге толған жоқ. Учаскелік дәрігеріміз туғаннан кейін бір келіп кеткен, енді емханаға өзіміз баруымыз ке­рек. Бір жасқа дейінгі баламмен дәрігердің қабылдауына қай уақытта баруыма болады?

– Қаладағы басқа да емханалардағыдай, бізде де дені сау балаларды қабылдауға, алдын ала тексерулер үшін және вак­цина алу мақсатында арнайы күндер белгіленген. Яғни, сіз бір жасқа толмаған балаңызбен аптаның сейсенбісінде немесе бейсенбі күні емханаға келіп, дәрігеріңізге қарала аласыз.

Барлық емханаларда балаларға тиімді медициналық көмек көрсету үшін дені сау бала кабинеті жұмыс істейді.

– Ондай кабинет сіздерде де бар ма? Дені сау баланың кабинетінде қандай кеңестер өткізіледі?

– Иә, бізде де бар. Ол емхананың балалар бөлімінің бірінші қабатында орналасқан. Сол жерден жас баланы күту, тамақтандыру жөнінде кеңес алуыңызға болады. Баланың бойы және салмағы да сол жерде өлшенеді.

– Атым – Айман. Тоғыз жастағы қызымның гемофилия ауруымен ауырғанына – 2 жыл. №7 емханада есепте тұрмыз. Жазғы демалыс кезінде балам­ды сауықтыруға апарсам ба деп едім. Мұндай емді еліміздің қай жерінен тегін алуға бо­лады?

– Гемофилия ауруымен ауы-ратын балалар сауықтыру емін Бурабай ауылындағы қан ау­руымен ауыратын балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру орталығында қабылдай алады. Ол жерде кешенді ем-дом: оттегі терапиясы, емдік гимнастика, фи­тотерапия жасалады, сондай-ақ, мұнда балалармен психологтар, әлуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Біздің емханада есепте тұрғандықтан, балаңыздың ау­руы бойынша кепілдендірілген тегін медициналық көмек ая­сында тиісті дәрілерге рецепт те ала аласыз.

– Екі қыздың анасымын. Өзімнің денсаулығым мықты болмаған соң, көп бала тууға тырыспадым. Үлкенім универ­ситетте оқиды, құдайға шүкір, осы күнге дейін денсаулығына шағымданып көрген жоқ. Ал, сегізінші сыныпты аяқтағалы жүрген кіші қызымның бір басында тоқсан тоғыз ауру бар. Содан да болар, өзі тым нәзік. Сәл суық тисе, ауырып қалады. Айтыңызшы, осы соңғы кездері дәрігерлер мек­теп оқушыларын алдын ала тексеру кезінде көбінесе қандай сырқат түрлерін анықтап жүр?

– Сөзіңіздің жаны бар. Соңғы уақытта мектеп жасындағы бала­лар арасында әлсіз, аурушаң бала­лар көп. Емханамыздағы дәрігер мамандардың тексерулерінің нәтижесі көрсеткеніндей, бүгінгі жеткіншектердің көбі анемия, яғни, қанның құрамындағы қызыл түйіршіктердің азаюы, майтабан, сколиоз, миопия сияқты сырқат түрлерімен жиі ауырады.

– Осындай сырқаты бар балаларға сіздерден қандай дәрі-дәрмектерді тегін алуға болады?

– Ауыр және орташа ане­миясы бар балаларға бізде тегін дәрілер беріледі. Со­нымен бірге, жоғарыда аты аталған аурулар бойынша есеп­те тұрған жасөспірімдердің емханамыздағы физио және ЛФК кабинеттерінде тегін емделулеріне мүмкіндіктері бар.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button