Білім

Айман апай

Ардақты ана, ұлағатты ұстаз, асыл әже, тәжірибелі басшы, жанашыр әріптес Айман Дөшкенқызы Тоқпатаева мамыражай мамырда алпысқа толған еді. Студент кезден ұстаздықтың ұлы жолын аттаған Айман апамыздың аналық, ұстаздық махаббатына бөлену бақыты маған да бұйырды.

[smartslider3 slider=235]

Жоғары оқу орнын аяқтауға аз уақыт қалған. Елордадағы  университетте өткен «Ашық есік» жәрмеңкесіне үлкен жүректі, шәкірттеріне шынайы жаны ашитын бір ағамыздың айтуы бойынша көппен бірге күмп ете қалдым. Әрі-бері қайшыласып, сапырылысқан көпшілік. Қаздай тізілген үстелдерде отырған мекемелерді жағалап келемін. Бір кезде үстел үстіндегі «№66 мектеп-лицей» деген жазуға көзім түсті. Көзілдірік таққан бір апай жөн сұрай бастады. Мен де өз ойымды ашық айттым. Біраз сұхбаттасқан соң, «жарайды, онда сәуірдің үші күні келіңіз» деп мекенжайын қолыма ұстатты. Уәде еткендей, сәуірдің қарлы боранына қарамай, әлгі мектепті бетке алдым. Өткенде қарапайым көрінген апайым сол мектептің директоры болып шықты. Алдыңғы жолы кім екенін де сұрамаппын. Іштей аздап ыңғайсызданып, қысыла-қымтырыла ішке кірдім. «Келіңіз, отырыңыз» деді. Мектеп жайлы қысқаша айтып шықты да, «қазір мектебіміздегі ең тәжірибелі мұғалімдерінің бірі Айман Дөшкенқызына барасыз, сізден тест алады, егер ол кісіге ұнап жатсаңыз, жұмысқа қабылдаймын» деп кесіп айтты. Айтқан кабинетінің есігін ақырын ғана қағып, сыпайы сәлемдестім.  Сабақ өтіп жатқан мұғалім менен де сыпайы, мың есе мәдениетті екен. Сұңғақ бойлы, қараторы, кескін-келбеті келіскен, жүзі жылы жан екен. Жарасымды киінетін сырт тұлғасынан «нағыз ұстаз» екені байқалып-ақ тұр. Сөйлесе келе, еркін әңгімелесіп кеттік. Өз орнына отырғызып 25 тест және «ұстаз» жайлы эссе жаздырды. Көзқарасымыз үйлесті. Бірден басшыға ертіп апарып, жұмысқа қабылдатты. Айман апама деген құрметім мен таңданысым одан сайын арта түсті. Көптен күткен Білім күні басталды. Білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз. Көбінде Айман апамды жақын тартым жүрдім. Ол кісі де қолдан келген көмегін аямады. Ескертетін жерлерін есіме салып, жігерлендіретін тұстарда шабыт беріп отырды. Кейде үзілісте дәмді шайын ішіп, кәмпитін жейтінмін. Аз уақыт істесем де ыстық шаймен бірге Айман Дөшкенқызының аналық, әріптестік ыстық махаббатын сезіндім. Ол кісінің ұядан ұшырған шәкірттері тек еліміздің ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып, еңбек етіп жатыр.

Ауғанбай САНАҚҰЛЫ, Нұр-Сұлтан қаласы

 Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button