Басты ақпарат

Аймақтардың Астанаға тартуы

ЖАҢАША ЖАҢҒЫРҒАН «ЖЕТІСУ»

Қала мерекесі қарсаңында еліміздің өңірлері бас қалаға тамаша сый жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаладағы осындай бірқатар жаңа нысандармен танысты.

 Елорданың 20 жылдығына орай Алматы облысы «Жетісу» саябағын (бұрынғы «Арай») қайта жөндеуден өткізді. Облыс әкімі Амандық Баталов Президентке бұл саябақта Алматы облысының ең көрнекті орындары көрініс тапқанын айтты. 

Саябақтың кіреберісінде Жетісуды бейнелейтін жеті арка, субұрқақтары бар басты аллея орналасқан, сондай-ақ тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар «Апорт» алаңы, түрлі жастағы балаларға арналған «Тенгри» алаңы, шаған аллеясы, «Тамғалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар. Көрермендер үшін Алматы облысының танымал әртістері және этномәдени орталықтарының өкілдері арнайы концерт қойды.
«Бүгінде барлық облыстар көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Өйткені Астана – бүкіл Қазақстанның жетістігі. Бас қала құрылысына өңірлердің бәрі атсалысты және қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген адамдар өмір сүреді. Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адамзат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал, біз салдық! – дей келе Елбасы облыс басшылығы мен құрылысшыларға ризашылық білдірді.

КӨПТІ ҚУАНТҚАН КӨПІР

Мереке қарсаңында Атырау облысы ерекше тарту жасады. Жоғарыдан қарағанда Атырау облысының символы саналатын балыққа ұқсайтын көпір көпшіліктің көзайымына айналды.

Құрылысы ерекше көпірдің саябақ аймағындағы жаяу жүргіншілер легі мен велосипед желісі Есіл өзенінің оң жағалауымен жалғаспақ. Елбасы Атырау облысының бұл сыйы елорда тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жылдар бойы қызмет ететінін атап өтті.
Көпірдің дизайны сәулет өнерінің әлемдік үрдісіне сәйкес келеді. Оның сырт келбеті заманауи үлгіге сай, ал жаяу жүргіншілерге арналған ішкі жағы жарық пен көлеңкенің қызықты көрінісін бейнелейді.
Нысанның жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр. Көпірде жаяу жүргіншілерге арналған алты метрлік жолақ, велосипедшілерге арналған үш метрлік жолақ, сондай-ақ ені 0,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы және 0,5 метрлік шарбақты қоршауға арналған екі жолақ бар. Көпір жабындысы үшін литакрил пайдаланылған. Бұл нысан ауа райы жағдайы ескеріле отырып салынған. Оны жобалағанда желдің әсері де есепке алынған. Салмағы – 1920 тонна.

«АҚЫЛДЫ» ВЕЛОЖОЛ

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Президентке жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын велосипед көлігінің инфрақұрылым нысандарын таныстырды.

Велосипед жолы Есіл өзенінің бойы мен сол жағалауы және ЭКСПО кешенінің нысандары арқылы өтеді. Ол қалалық саябақтағы шаңғы және роликке арналған жолдар мен Үркер тұрғын үй алабынан «жасыл белдеу» арқылы өтетін велосипед жолақтарын байланыстырады. Велотрек­тер арнайы үстелдері және велосипед қоятын орындары бар, wi-fi және телефонды қуаттандыру мүмкіндігі қарастырылған «ақылды инфрақұрылыммен» жабдықталған. Айта кетейік, велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірді және велосипед инфрақұрылымын «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстарының әкімдіктері тұрғызды.

«ДОСТЫҚ» ҮЙІНДЕГІ ДУМАН

Елбасы «Өңірлердің Астанаға тартуы» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысы қайта жөндеуден өткізген қалалық Достық үйін аралап көрді.

«Еліміздің барлық өңірінде Достық үйлері бар. Онда облыстардың этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Енді бас қаланың да Достық үйі болады. Сіздерді осы айтулы оқиғамен құттықтаймын» деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Өз кезегінде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысына Достық үйінің эскиздік жобасын таныстырды. Онда кітап­хана, музей, халықтық қолданбалы өнер шеберханалары, конференц-зал және тілдерді оқыту орталығы үшін арнайы орындар қарастырылған. Ғимараттың жалпы аумағы – 4 мың шаршы метр.

ҚАЛА БАҒЫ КӨРКЕЙЕ ТҮСТІ

Н.Назарбаев елорданың жаңа нысандарымен танысу барысында Астана қаласының сол жағалауында орналасқан Ботаникалық баққа барды.

Қазақстан Президенті «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының өкілдерімен әңгімелесіп, бас қаланы және бүкіл Қазақстанды көгалдандыру үшін жүргізілген жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Ботаникалық бақтың ортасында орналасқан оранжереяны аралап көріп, оны отандық және халық­аралық мамандандырылған инс­титуттардың ғылыми әлеуетін пайдалана отырып әрі қарай дамыту қажеттігін айтты.
Таныстырылым рәсімі кезінде Мемлекет басшысы елорданың көшірілу тарихы мен жаңа астананы салудың негізгі кезеңдеріне тоқталды.
– Астана төңірегінде орман өспейді деп үнемі айтылатын. Бірақ бүгінде мұндағы 83 мың гектар жерге отырғызылған ағаштардың биіктігі 20-25 метрге дейін жетті. Жыл сайын орман алқабының аумағы бес мың гектарға ұлғайып келеді. Осы орманды «Шортанды-Бурабай саяжай аймағымен» қосқымыз келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Елбасыға Ботаникалық бақтың сәнін келтірген, жарық шашқан музыкалы субұрқақ көрсетілді. Оны «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысы салды.
Бақ аумағында велосипед жолы, жүгіруге арналған жолақ, спорттық жабынды, жаяу жүргіншілерге арналған көпір және жасанды су қоймасы бар. Көгалдандыру аумағының жалпы көлемі 613 мың шаршы метрден асады. Мұнда Еуропа, Азия және Солтүстік Америка елдерінен әкелінген алуан түрлі бұталы өсімдіктер мен ағаштар бар.
Мемлекет басшысы Есілдің сол жағалауындағы жаңа аллеяны аралап көргеннен кейін, «Қазақ еліне мың алғыс» монументі алдына жиналған Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен әңгімелесті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарихындағы қилы кезеңдердің халық жадында сақталуының маңыздылығын атап өтті.
– Бүгін елордада көріп отыр­ған жетістіктеріміздің бәріне 20 жылдың ішінде қол жеткіздік. Астананы салуға бүкіл Қазақстан атсалысты, басқаша болуы да мүмкін емес еді. Сондықтан біз бұл мерейтойды барлық облыс­тардың қатысуымен кеңінен тойлап жатырмыз. Еліміздегі азаматтардың бәрі өздерін жайлы сезініп, жақсы өмір сүргенін қалаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы елімізді одан әрі ілгерілету ісінде халқымыздың бірлігі айрықша маңызды екенін айтты.
– Біз бірлігімізді сақтап, бір-бірімізге құрмет көрсетуіміз керек. Мен барша жұрттың Қазақстанда өмір сүріп, еңбек етіп, өсіп-өркендегенін қалаймын. Ең бастысы – тату қарым-қатынас­ты сақтай білу, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ЗЫМЫРАН-ҒАРЫШ ТЕХНИКАСЫ МУЗЕЙІ

Кеше Мемлекет басшысы Қызылорда облысы салған зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясын аралап көрді.

Қазақстан Президенті экспозиция аумағында Қызылорда облысының жұртшылық өкілдерімен әңгімелесті. Елбасыға ғарыш аппараттарын құрас­тыру-сынау кешенінің мүмкіндіктері таныстырылды.
Мемлекет басшысы ғылым мен жаңа технологияларды дамыту ісіндегі ғарыш өнеркәсібінің маңыздылығын атап өтті.
– Менің тапсырмам бойынша француз тарапымен бірлесіп, жасанды жер серігін құрастыратын зауытты іске қостық. Жуырда өзіміздің жер серіктерімізді құрастыруға кірісеміз. Бізде зымыран ұшыратын құрылғы бар, 2022 жылға қарай «Зенит» зымыраны дайын болады. Осылайша, ғарыш өнеркәсібіміз жаңа технологиялық деңгейге көтеріліп, Қазақстан толыққанды ғарыш державасына айналатын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Музей «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ғарыш орталығының аумағында орналасқан. Астананың 20 жылдығына сыйға тартылған зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясында «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштарының, сондай-ақ «Боран» орбита кемесінің үлгілері қойылған.
Сонымен қатар Президент Астананың сол жағалауында орналасқан 240 орындық жаңа балабақшаны аралап көрді. «Almaty balabaqshasy» деп аталатын бұл білім мекемесінде балалар шығармашылығын дамытып, олардың демалысын ұйымдастыру үшін музыка залы мен ойын алаңдары бар.
Балабақша 12 топтан тұрады. Әрбір топтың Алматы қаласымен байланысты тақырыптық атаулары бар. Балабақша интерьерінің дизайны Алматының белгілі көшелерімен және даңғылдарымен танысуға, сондай-ақ қала тарихы жөнінде мағлұмат алуға мүмкіндік береді.

Бетті дайындаған
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ,
Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button