Жаңалықтар

Аймақтық хаб – ауқымды жоба

Кеше Астана қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы бірлесе отырып мемлекеттік қызмет саласында өңірлік хабтың құрылтай конференциясын өткізді. Конференция жұмысына әлемнің отыз елінен келген дипломатиялық миссиялардың басшылары, халықаралық ұйым өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. 

Аймақтық хаб – әлем елдері мен ха­­лық­аралық ұйымдар өкілдері арасында мем­­лекеттік қызмет саласы бойынша тә­­жі­­­­рибе алмасудың дәстүрлі негізі. Яғни, өңірлік бағдарламалар мен жобаларды бір­­лесіп жүзеге асыруға арналған алаң. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен­­ БҰҰ Даму бағдарламасының Ор­­та­­лық Азия, Ресей, Кавказ елдері үшін мем­­лекеттік қызмет саласында білім мен тәжірибе тарату жөніндегі аймақтық хаб құру бастамасына Елбасы да қолдау білдірген.

Қазақстан үшін мемлекеттік қызмет са­­­ласында өңірлік хаб хатшылығының тиімді жұмыс істеуіне барлық жағ­­­дай­­лар­­ жасалатын болады. Бұл жөнінде құрылтай конференциясының қа­­ты­­­сушыларына жолдаған құттықтау сө­­зін­­де Мемлекет басшысы: «Мем­лекет­­­тік қызметті дамыту, оны халықтың күн­­­­нен күнге өсіп келе жатқан талабына сәйкестендіру – кез келген үкіметтің маңызды басымдықтарының бірі. Ал, әр елдің мемлекеттік қызмет реформасының күн тәртібі халықаралық тәжірибе, аймақтық және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, өзекті мәселелерді зерделеу арқылы анықталады. Біз хатшылықтың тиімді жұмыс жасауына барлық жағдайлар жасап, әріптестерімізбен бірге аймақтық хаб құруға күш саламыз» деді.

Жиында сөз алған Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов өңірлік хабтың құрылуы мемлекеттік қызметтің дамуы-на тың серпін беретінін алға тартты.

Оның айтуынша, еліміздегі мемлекеттік қызмет моделін халықаралық сарапшылар жоғары бағалаған.

– Қазақстан өзінің мемлекеттік қызмет саласындағы жинақтаған тә­­жі­­ри­­бе­­сімен бөлісуге дайын. Аймақтық хаб құру бойынша ұстанымдар бүгін та­­ратылған тұжырымдаманың же­­тіл­­ді­­рілген нұсқасында да көрініс тапты. Тұжырымдама жобасы бойынша көп­­те­­ген ұсыныстар да келіп түсті. Онда ай­­тыл­­ған пікір ортақ – мемлекеттік қызмет са­­ласында өңірлік хабтың құрылуы өзек­­ті­ мәселе және оның қажеттігі айқын, – деді Ә.Байменов өз сөзінде.

Мемлекеттік қызмет саласында өңірлік хаб құру туралы тың бастама осыдан бір жыл бұрын көтерілген. Содан бері бірқатар жұмыстар атқарылып, шет мемлекет басшыларымен екі жақты кездесулер ұйымдастырылған. Кейбір елдермен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Соның бірі – жиын болардан бір күн бұрын АҚШ қызметкерлерді басқару кеңсесімен қол қойылған ынтымақтастық туралы құжат.

Алқалы жиында сөз сөйлеген БҰҰ тұрақты үйлестірушісі және БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Стивен Тулл мемлекеттік қызмет сапасының әлемдік тәжірибесі туралы ой бөлісті. Аймақтық хаб құру бастамасын Қазақстанның ауқымды жобасы деп бағалады. Сонымен қатар, құрылтайда шетелдік меймандар да аймақтық хаб құру идеясы төңірегінде өз ойларын өрбітті. Барлық қатысушылар бастамаға бір ауыздан қолдау білдіріп, жиын қорытындысы бойынша декларация қабылдады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button