Басты ақпаратҚала тіршілігі

АЙНАДАЙ БОЛСА АЙНАЛАҢ…

«Астана Қазақстанның өзге қалаларына үлгi болуға тиiс». Астананы одан әрi дамыту мәселелерiне арналған жиын барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай дедi.
Бұл – бұлтартпас шындық. Елорданың әсемдiгi тек сәндi ғимараттарымен, сәулеттi бол­мысымен ғана өлшенбесе керек. Қаланың ажары оның тазалығына де тiкелей байла­нысты. Астананың айналасы, үйлердiң алды, аулалар мұн­таздай жарқырап жатса, ке­лiмдi-кетiмдi кiсiлердiң бас шаһарға деген құрметi арта түс­пей ме?! Сондықтан, Аста­на ажарымен ғана емес, соны­мен қатар мұнтаздай тазалы­ғымен де баурап тұруы керек. Себебi, тазалық – мәдениет­тiлiктiң басты белгiсi.
Қала тазалығына барынша мән беретiн Елбасы елордада ұсақ-түйек қылмыстың бол­мауына, тiптi көшеге сағыз лақ­тырылса да, оны iстеген адам­ның жазалануы тиiс екенiн ескерткенi есiмiзде. «Алғашында ескерту жасалып, ол адамға қатысты мәлiметтер базасы жасақталу керек. Бұл тәртiпсiздiк екiншi мәрте қай­таланса, әкiмшiлiк жауапқа тартылып, айыппұл төлесiн. Тiптi  болмаса, үш күнге қа­мауға алынсын! Осы жағдайда ғана тәртiп болады. Үлкен қылмыстарға жол берiлмейдi».
Жақында ғана қаланың жылу беру маусымын қоры­тындылау жөнiндегi кеңесте Астана әкiмi сенбiлiктi әсте қала тұрғындарының еңбегiн тегiн пайдалану, коммунистiк идеологияның сарқыншағы деп түсiнбеу қажеттiгiн алға тартты. «Елордалықтардың сүйiктi қаласына өз сезiмiн бiлдiрудiң бiр жолы – осы. Адам жанының тазалығы тәнi­нiң тазалығынан бастау ала­тыны секiлдi қаламыз таза бол­са, көңiлiмiз де таза жүредi. Сен­бiлiктiң үлкен мәнi – тәрбиелiк астарында» деген болатын И.Тасмағамбетов.
Айтса-айтқандай, бүгiнде бас қала халқы күн санап өсу үстiнде. Сегiз жүз мыңға жуық­таған елордалықтардың еңбекке жарамды жастағы­лары, тiптi тең жартысы өз ау­ласының немесе жақын маң­дағы саябақтың бiр шаршы метрiн тазалап қайтса, әрқай­сысы бiр түп ағаш көшетiн отырғызса, сол күнде Астанада шамамен төрт жүз мың шар­шы метр аумақ тазаланып, сонша мың ағаш жаңадан пай­да болады емес пе? Қандай керемет!
Тазалық – саулық негiзi, саулық – байлық негiзi болса, ағаш егу де адам өмiрiндегi аса бiр сауапты iс. «Бiр адам бiр ағаш отырғызып, ол ағаштың адам, аң-құсқа пайдасы тиер болса, ауаны тазалап тұрса да ағаш қурап, шiрiп кеткенге дейiн ол адамға сауап жазы­латын болады» делiнген екен бiр хадисте.
Көктем шыға ауыл маңын ретке келтiрiп, үй-iшiн таза ұс­тау ықылым замандардан келе жатқан халықтық үрдiсiмiз. Кезiнде ата-бабаларымыз ешкiмнiң нұсқауын күтпей-ақ, аумақты өз ерiктерiмен ретке келтiрiп отырғанын ойласақ, бүгiнгi астаналықтарға да осындай азаматтық сана қа­жет-ау деген ой келедi. Демек, тазалықты тек сенбiлiкте ғана ойламауымыз қажет. Көше­дегi кiр-қоқыстың көбi көлiк­терден болатынын жүргiзу­шiлер де естен шығармаса екен.
Бүгiн – бас шаһарда жал­пықалалық сенбiлiк.  Жылда­ғы жақсы дәстүрдi жалғас­тырған жұртшылық таңмен таласа тұрып, қаланың тәртiбi мен тазалығын еселеуге үлес қосу үшiн қолдарына кетпен-күрек алып, тал-терек отыр­ғызып, көшелердi күл-қо­қыстан арылтуда. Бiр сәт күйкi тiр­лiктiң күйбеңiнен қол үзiп, таза ауаға шығып, сергiп, бiр-бiрiмен шүйiркелескен ағайын Астананы абаттандыруға атса­лысуда. Ерекше көңiл-күйлерi мен жүздерiнен айналаны айнадай етуге ықыласты екен­дiктерi аңғарылып-ақ тұр.  Елор­далықтардың ширақ қи­мылы тазалыққа Еуропа ел­дерiндегiдей сенбiлiктерсiз қол жеткiзер күн алыс емес екенiне сендiредi.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button