Әлеумет

Айналаңа бей-жай қарама!

Әйелдер мен балалар құқығының тапталуы, аражігі ажырап бара жатқан отбасы институты, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты криминализациялау бойынша заңды жетілдіру – бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелер. Мұны шешу жолында нәзік те болса нардың жүгіндей зор жауапкершілік арқалаған елордалық белсенді қазақ әйелдерінің бірі – қоғамдағы қайраткерлігімен көзге түсіп жүрген ару ана Назгүл МАҚЖАН.

Бүгінде Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, елордада Қазақстан әйел­дер күштері альянсы фи­лиалының төрағасы қызметін қоса атқаратын Назгүл Мақжан жоғарыда аталған мәселелерді шешуге көп күш-жігер жұмсап жүр. Көпбалалы әулетте дүниеге келген ол бала кезден еңбекқор, жауапкершілігі мол болып қалыптасты, сонымен қатар, бойында көшбасшылық қасиеттер қатар дамыды. Астана қалалық мәслихатының депутаты болған кезінде «туған еліме не беремін?» деген сұрақты өзіне көп қойды. Оның белсенділігінің арқасында «Үркер» шағын ауданында өрт сөндіру депосының құрылысы басталды. К.Ақышев атындағы мектептің талантты жастарын қолдап, мектеп құрылысының жалғасын табуына себепші болды. Оның бастамасымен түрлі экология акциялары бастау алды. Экс-депутаттың күшімен Шығыс Ильинка тұрғын алабына Үркер атауы берілді. Отбасы және балалар тәрбиесі мәселелері бойынша түрлі жобаны жүзеге асырады. Сонымен қатар мемлекеттік аппарат пен бизнес құрылымдарында әйелдердің үлесін арттыру бойынша жұмыстарға қолдау білдіреді.

Жеке кәсіпкерлігін қарқынды дамытып отырған ол елорда оқушылары мен ұстаздары үшін музейлерге, театрларға өз қаражатына экскурсия ұйымдастырып береді. Айтуынша, бизнес ер не әйел деп бөлінбейді. Нәзік жан бола тұра, әйелдердің жеке дамуы мен бизнесте зор жетістікке жетуіне мүмкіндік көп.

– Қазіргі қоғамда еңбек мәде­ниетін кеңінен насихаттап, азаматтарға білім күші мен адамгершілік құндылығын тереңнен сіңіруіміз керек. Азаматтар айналасына бей-жай қарамайтын болғанда ғана қоғам мен мемлекетте оң өзгерістер мен реформалар дұрыс жүзеге асады. Сондықтан елдің әрбір азаматы қоғам өміріндегі оқиғаларға белсенді қатысуы керек, – дейді Н.Мақжан.

Әдемі де ақылды келіншек – екі баланың анасы. Қауырт жұмыс арасынан демалыста отбасына көп көңіл бөлуге тырысады. Нағыз қазақ әйелінің эталоны – Назгүл Сейітқожақызының қоғамға сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, «Ерен еңбегі үшін», «Халық алғысы» медальдары және Мемлекет басшысының Алғыс хаттарымен марапатталған.

Құралай МҰРАТОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button