Талайғы тарих

Айсары апаның Мұқаны

 Қажымұқан өз анасы Кәбира туралы ештеңе айтпайды, себебі есінде қалмаған. Ал әжесі Айсарыны анам деп атап, ерекше ыстық сезіммен айтып кеткен.
Жазушы Қалмақан Әбдіқадыров «Қажымұқан» атты әңгімесінде «Мөлшерден артық толғақ Кәбираны талдырып тастады. Аянбай қолданған арнайы шаралар екі күн өмірін сақтап, ақыры уыз сүтін ұлына сорғызып отырып, жантәсілім еткен болатын. Өліп жазылған құшақтан немересін алған қарт анаға қараған Кәбираның жанары бейне бір жүрегінде басқан таңба сияқты еді.

Бір қолтығына қайғы, бір қолтығына қуаныш құшақтап тұрған баланың атын мығым, мықты болсын деген тілекпен Мұқан қойды. Денелі баланы асырау да қартайған Айсарыға оңай соқпады. Үш адамға бөлінетін жалғыз сиырдың сүті сәбиді жарыта алмады. Бес-алты ай өткен соң, бір сиырдың сүтін түгел берсе де, бала тоймады. Егін екпейтін үйдің сүтке қосып беретін дәні де болмады. Дағдарған Айсары Мұңайтпасты өзінің төркініне жіберіп, бір ­сауын сиыр сұратып алды. Сөйтіп жүріп немересін аяқтандырып, ауыл қыдырып, ірімшік, құрт сұрап асыраған еді.
Осындай мейірбанды анасының қадірін немересі білмей қалған жоқ. «Менің өмірімді жазғанда анам Айсарыны қалдырма. Менің өрбіген өмірімді, тасыған қайратымды берген сол анам. Мен оның Кавказдың алып тауындай биік, күннің шуағындай жылы, мейірбандық еңбегінің тозаңын да өтегенім жоқ. Мені білген кісі менен бұрын соны білсін. Одан басқа кісі мені асырап, кемеліме келтіре алмас еді» дейтін марқұм» деп көрсетіпті.
«…Жас кезінде торғайдай паналаған бұтасы мен болып едім. Кем-кетігіне соның шешесін тығын еткен қу Құдай, жетімекті жеті қарынды етіп, жеті кісінің асын ішпесе бүйірі шықпайтын етті. Жетім қозымды жетелеп аттатқандай, ертіп жүріп асыраған мен, еңсеме сүйеу белім бүгіліп, басатын аяқтың табаны сөгілген соң, қаңғырып кетіп еді…» деп жазады Қ.Әбдіқадыров Айсары апаның сөзін.
Айсары әженің сәби Мұқанды жетелеп жүріп қалай асырағанын көрген, айтқан кісілер Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шілік, Ақтөбе өңірінде көп болды. Солардың екеуін келтірейік:
1) «Атам Бекмырза Шілік өңіріне танымал, ауқатты адамдардың бірі болыпты. Әйелі алтыбас руының қызы Өрікпен екеуі екі ұл (Елемес, Аңламас), екі қыз тәрбиелеп өсіреді. Өрік апа Қажымұқанды кішкентай кезінде көрген, Мұңайтпас Арқаға көшіп кеткенге дейін бір ауылда өскен. 1925 жылы Қажымұқан ағайын-туғандарын Шілікке іздеп келіп қауышып, танысып кетеді. Ал 1937 жылы осында тұрақты келіп орналасады. Аңламаспен жақсы достық қатынаста болыпты. Бекмырзаның әйелі Өрікпен жақын аға­йын болғандықтан, Қажымұқан Өрікті апа, Аңламасты жиен десе, Аңламас Қажымұқанды нағашы дейді екен. Өрік апа Қажымұқанды «Дәу» деп атайды екен» (Захира Аңламасқызының естелігі).
Қажымұқан кенже ұлының атын мезгілсіз қайтыс болған Аңламастың ұлы Жанәділдің атымен қойған.
2) Мұңайтпастың елден кетуіне себепкер болған Ахмет бидің ұлы жоқ, төрт қызы болған.
«Ахметте бала жоқ, төрт қызы болыпты. Қыздарының аттары Дәмелі, Әдемі, Ізет, Құндыз. Мен Құндыздың баласымын. Ахмет бидің қызынан туған немересімін» деді көзі тірі Тұрғанбай Сәбитов ақсақал. 1923 жылы туған ол – соғыс және еңбек ардагері. Қазір Отырар ауданы Қарғалы ауылында тұрады (Тұрғанбай 2019 жылы қайтыс болды).
«Менің әке-шешем 1920-30 жылдары Шілікте Сүйінбай деген жерде тұрыпты. Менен бұрын шешем Құндыз он бір құрсақ көтеріп, бәрі шетінеп кеткен. 1923 жылы он екінші болып осы Сүйінбай арығының бойында мен туыппын. Маған ырымдап Тұрғанбай деп ат қойыпты. Мен де осы жерде бір жарым, екі жас шамасында қатты ауырыппын. Әке-шешемнің зәресі қалмай, «Құдай-ау, мұны да көп көрейін дедің бе?» деп жылап-еңіреп жүрген кезде Қажымұқан ауылға келе қалыпты. Қажымұқанды көрген шешем Құндыз «Айналайын, бауырым-ау, он екі бала туып, он бірін жерге бердім. Мына балам да ауырып зәремді ұшырып барады. Аруағың бар еді, мына балама түкіріп берші» деп өтінеді. Қажекең баланы қолына алып, «сүпит, сүпит» деп шекпенінің етегіне орап, киіз үйді бір айналып келіп: «Енді Алланың рақымы түссе ештеңе етпейді. Өмірлі бол, ғұмырлы бол, нәресте» деп шешемнің қолына беріпті. Содан ба, әлде әке-шешемнің көз жасын Құдай көріп есіркеді ме, кім білсін, мен әлі тірі жүрмін» деді Тұрғанбай ақсақал.
«Мұңайтпас Ахмет бидің онда-мұнда жұмсайтын жігіті болыпты. Ахмет бидің өзі Темірде 1935-1936 жылдары біздің қолымызда қайтыс болды. Сүйегі осы жерде жатыр» дейді Тұрғанбай ақсақал.
Айсары әженің өзі елге сыйлы, сөзін көпшілікке өткізе алатын байсалды адам болыпты. Әуелбек Қоңыратбаев «Баһадүр» атты әңгімесінде: «Мұңайтпастың Бейсеу атты нағашысы да атақты батыр екен. Бейсеудің Айсары деген қызын Ернақы алған. Жас кезінде Ернақы серілеу болып өседі. Бейсеудің ауылына барғыштап жүріп, Айсарыға көңілі кетеді. Жасында Айсары да сері болса керек. Екеуі сөз байласып, бір түнде жорғаға мінгескен күйі Мырзатай ауылына тартады. Екі бірдей алыпты көтере алмаған жорға жолда болдырып, бұлар елге жаяу жетеді» дей келіп, Айсарының шешесі де алып денелі болғанын, Айсарының жас кезінде күреске де түскенін баяндайды. Жас кезінде Айсары өте қарулы, ақылды, қайныларының өзі тайсақтайтын адуынды адам екен. Күйеулері бас шұлғып тұрған соң әйелдері қайда барсын. Ал осындай адуынды Айсары әженің «баласы» Мұқанды кім атын атап Мұқан дейді, бәрі «Дәу» деп атайды екен. Айсары әже Мұқанды «немерем» демей, «балам» дейді екен. Әженің баласы ауыл әйелдеріне, әрине, «қайны» болады. Ал қазақтың салты бойынша әйелдер қайнысының атын атамайды. Ауыл әйелдері сондықтан кішкентай Мұқанды «Дәу» деп атайды екен. Солардан көрген ауыл балалары да Мұқанды «Дәу» деп атап кеткен екен.
1943 жылы шілдеде ақын Орынбай Таймановтың 60 жылдық тойы Шымкентте өтеді. Тойға Қажымұқанмен бірге Нартай ақын да қатысады. Қажымұқанның өнер көрсетіп, соғысқа ақша жинап жүргенін естіген Нартай Қажымұқанды ауылына шақырады. Нартай мен Қажымұқан Жаңақорған ауданын аралап өнер көрсетеді. Сондай кештің бірінде Нартайдың жақын інісі Мұстафаның үйінде отырғанда, көпшілік Қажекеңе әңгіме айттырады. Сондағы Қажымұқанның әңгімесі: «Әкем екі ағайынды екен. Өз әкемнің аты – Мұңайтпас, інісі – Тәшім. Әкем менің екі-үш жасар кезімде елге өкпелеп (Ахмет биге), жеңіл-желпі жүгін түйеге артып, ауылдан бір үйір жылқыны алдына салып айдап, Қаратаудан асып кетеді. Артынан барған қуғыншыларға қайырылмай, мені сирағымнан ұстап, басынан асыра бұлғап, «баланы да, жақындағаныңды да өлтіремін!» деп қатуланады. Қуғыншылар:
– Қой, мынаның түрі жаман екен, баланы жазым етер, – деп қайтып кетіпті.
Әкем сол кеткеннен Ақмола облысының Сарытерек болысының Есіл өзені бойындағы Қоскепе көлінің жағасына орналасады. Апам ол жерді жерсінбей, өлгенше Ақтөбе, Шіліктегі елді айтып, «ержетіп, жігіт болсаң, елге жет» деп аманаттап кетті» деп баяндаған екен.
Әуелбек Қоңыратбаев «Баһадүр» атты әңгімесінде: «Ернақы батыр өлген соң, оның айналасы жұтай бастайды. 1947 жылы үй іші Қараөткел жағына көшіп, жалшылықпен күн кешеді. Қажымұқанның өз әкесі Мұңайтпас бар өмірін осындай жалшылықта өткізген» деп жазыпты. Тек бұл жерде қай жақтан көшіп келгені туралы жазылмапты. Әуелбек Қоңыратбаев «Баһадүр» атты әңгімесінің «Жастық шағы» атты бөлімінде:
«Өзінің балалық шағы есінде қалмапты. Ол жайында естігендерін ғана айтып берді. Оны айтқандар Қарағанды облысы Теміртау кенінде жұмыс істейтін Қаныш Жұмаділдин мен Баянауыл ауданы «Ворошилов» колхозының тұрғыны Мергенбай Асайынұлы қариялар екен. Мергенбай Мұңайтпасты да, Қажымұқанды да жасынан білген.
Мұңайтпасты ол Маңқас деп атайды. Өзі де Мұңайтпаспен бірге Қорғалжын қамысында бірер жыл отырыпты. Мұңайтпас ол кезде судан балық аулап күн көріпті.
Қажымұқанның істерін жеті жасынан бастап біледі екен. Жас шағында Ыбырай сұлтанның ауылында қолқанат бала болып жүреді. Бірде Қажымұқан шыбықты ат қылып ойнап жүрсе, Ыбырай:
– Қызталақ, құлдың баласы, аузы-басының дорбадай боп тұрғанын қарашы.
– «Тоқалдан туған томарбас, томармен ұрсаң жығылмас» деген сен екенсің, бар да, бір қап тезек әкел, – деп Қажымұқанды жұмсайды. Бұл кезге дейін Қажымұқан жалғыз көйлекпен, аяғы тілім-тілім болып жүреді екен.
Қажымұқан жастайынан еңбек етіп, жалшылықты бойына ар көрмей өседі. Сегіз жасында-ақ ауылдың 15-16 жасар жігіттерін қирата жығып жүреді. Кей адамдар «мынау Ұлтанқұл өсе келе жұртты құртпаса болғаны ғой» деп сұқтанатын болған. Содан балалар оны «Ұлтанқұл» атап кетіпті деп көрсетеді.
Бұл тағдыр дегенді қойсаңшы, екі жасар сәби кезінде Айсары әженің арқасында ауылдың еркесі болып «Дәу» аталған Мұқан жас кезінде «құлдың ұлы», «Ұлтанқұл» атанып жалшылықта өмір сүрсе, Ресей астанасында орысқа телініп «Қара Иван», «Ақмола батрагы», жапондарға телініп «Ямагата Муханура», түріктерге телініп «Қара Мұстафа», тіпті тегі белгісіз «Пенгаль» аталған кездері де болыпты. Өзінің атаның қанымен, ананың сүтімен беріліп, Айсары әженің баптауымен жетілген теңдессіз күш-қайраты мен төзімділігінің арқасында әлемді мойындатып, елге күрестен әлемнің бірнеше дүркін жеңімпазы Қажымұқан болып оралған екен.
«Алмас қылыш қап түбінде жатпайды», «Талаптанған жетер мұратқа» дегендей, «Қазақ даласының батыры», «Қазақ спортының атасы», Айсары әженің «ұлы» Қажымұқан атамыздың өмірі – қазіргі қазақ жастарына үлгі боларлық нағыз мектеп.
 

Бекжан БЕЙСЕНБАЙ,

Зерттеуші

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button