Мәдениет

Айшықты ізі бар азамат

Қазір елорда туралы көп айтамыз, көп жазамыз. Тамсанып, толғанып сөйлейміз. Шындығында, Астана – Қазақ елінің және Елбасының қайталанбас жобасы. Осынау ел жүрегіне жаңа серпін берген бас қаламыз күннен-күнге көркейіп, қанат жайып, сәулеттеніп келеді. Оның өркендеуіне, биік белестерден көрінуіне еліміздің ерен жігіттері мен атпал азаматтары да қолтаңбасын қалдырып жүргенін әр сәт естен шығармауымыз керек. Солардың бірі – құрылысшы-ғалым Табылды Қайсағалиұлы Қаюпов.

Азаматтың рухани жан дүниесі мен парасат пайымы оның сөз саптауы мен тұлғасынан аңғарылады. Табылдының биік мәдениеті мен біліктілігі, текті әулеттен шыққаны бірден байқалады. Арғы аталары кең Нарынға танымал жандар еді. Бүгінгі Исатай ауданының орталығы – Аққыстаудың қадасын қаққан, еліне елеулі, байсал-парасатымен ел билеген тұлғалар болатын. Кешегі кеңестік кезеңнің зобалаңына ұшырап, тоз-тозы шығып, жер ауып кетті.

Иә, ол Атырау өңірінде орта мектепті тәмәмдап, 1974 жылы Қазақтың химия-технологиялық институтына оқуға түсті. Оны үздік аяқтап, құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкциялары, кәсіпорындарының механикалық жабдықтары мамандығы бойынша білікті инженер атағын алды. Сол кездегі үрдіспен оған жолдама астықты облыс орталығы – Целиноград қаласына беріліп, содан бір-ақ шақты. Бұған жас маман жасымады. Целиноград керамика зауытында еңбек жолын бастап, механик, цех бастығы лауазымында еңбек етті.
Әуелден ғылымға деген ұмтылысы оның көп ұзамай Целиноград құрылыс-инженерлік институтының құрылыс механикасы кафедрасына оқытушылыққа ауысуына жетек болды. Осында жастарға тәлім-тәрбие бере жүріп, өзі де шыңдалды. Бар білігін ел болашағын тәрбиелеуге арнады. Он жылға тарта еңбек ете жүріп, білімін шыңдауды да естен шығармады. 1990 жылы Мәскеу құрылыс-инженерлік институтының аспирантурасына түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, кандидаттық диссертациясын да сәтті қорғап шықты. Мәскеу мемлекеттік құрылыс университетінің 1994 жылғы 7 маусымдағы шешімімен техника ғылымдарының кандидаты ғылымы атағы берілді.

Елге оралысымен ғылыми ортаға қайта кірігіп, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің информатика кафедрасының меңгерушісі болды. 2001 жылы докторантураға түсіп, ғылымды өндіріспен байланыстыруға күш салды. Ілкімді ізденістерін жалғастырып, бас қаламыздың құрылыстарын жобалау және сынақтан өткізуге атсалысып келеді.

Содан бері «Астана-Project» ЖШС-гінде бас инженер, «Астана-Недвижимость» АҚ-ында бас конструктор болса, 2008 жылдан ҚР Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс істері жөніндегі агенттігі Астана филиалының бас маманы және бас инженері қызметтерін абыройлы атқарып келеді.

Ол қай-қай жерде де іскерлігі, ізденгіштігі және талапқойғыштығымен ерекшеленді. Өзіне сеніп тапсырылған кез келген істі абыроймен атқарып, тек алғыс пен сенімге ие болды. Астанадағы көптеген құрылыстардың ғылыми жоба жасап, сараптамалық талдауларына қатысып, айшықты қолтаңбасын қалдырды.

Астанадағы «Арман», «Новый мир», «Капитал» және т.б. тұрғын үй кешендерін, сондай-ақ «Пекин-Палас», Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті ғимараттарының жобаларын жасауға қатысты. Бұлармен қатар көптеген ғылыми жобалар жасақтады. Сондай-ақ, Астанада тұрғызылған отыздан аса күрделі құрылыс нысандарына білікті маман ретінде сарапшылық қорытындылар берді. Олардың қатарында «Қазақ елі» монументі, велотрек, 3500 орындық кино, концерт залы, т.б. бар.

Ол осындай ізгілікті істерімен қатар өмірімізге озық технологияларды енгізуге атсалысып, көптеген компьютерлік бағдарламаларды жасақтауда да көзге түсіп жүр. Оның жасақтаған оннан аса бағдарламалары бүгінде қолданысқа енгізілген. Табылды жинақтаған қазақ тілінің 1680 мың сөзі мен сөз тіркестері қорда сақталған. Сондай-ақ, түрлі тілдерді қазақ тіліне аудару бағдарламалары да сұранысқа ие.
Табылды Қайсағалиұлы еліміздің көптеген аймағындағы құрылыстарға өз қолтаңбасын қалдырып, жобалауға, сараптамалық қорытынды беруге де қатысып келеді.

Тағы бір тоқталып айтар жайт, ол бірнеше ғылыми кітаптар, мақалалардың авторы. Талантын тынымсыз жұмысымен ұштаған ғалым елордаға осылайша өз қолтаңбасы мен ізін қалдырып, өмір көшінде асып-таспай, байсалды алға басып келеді.

– Менің басты мұратым – өз елімнің Қазақстанның өркендеуі мен гүлденуіне барынша үлес қосу, – дейді ғалым-құрылысшы Табылды Қайсағалиұлы. Ол отбасында бақытты әке, жарымен бірге бес ұл-қыз тәрбиелеп, еліміздің ертеңіне тірек болар азаматтар етіп өсірді.
Өз биігіне адал еңбегімен көтеріліп, Астананы тұрғызуға бар қажыр-қайратын, білімі мен білігін арнап жүрген атпал азаматқа тек биіктік пен абырой тілейміз. Оның алар асулары алда екеніне сенеміз.

Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button