ЖаңалықтарИмантаразы

АЙТ АЙШЫҚТАРЫ

Айт9+

Биыл елорда мешіттерінде Рамазан айының қуанышын сүйіншілей келетін мүбәрак айт мерекесі ұлттық сипатта тойлана бастады. Алдымен таңғы алтыдан қала мешіттерінде қасиетті Құран аяттары оқылып, бұдан соң Ораза айты мерекесі жайында уағыз айтылып, айт намазының ерекшеліктері баяндалды.

«Нұр Астана» орталық мешітіне айт намазына жиылған халықтың санында есеп болмады. Себелей жауған жаңбырға қарамастан бұқараның бұл мерекеге деген ықыласының жылдағыдан ерекше екенін байқауға болады. Айт намазынан соң жиылған жұртшылық киіз үйлерде жайылған ақ дастарқаннан дәм татып, көтеріңкі көңіл-күйде айт мейрамын бұқара болып тойлады.

Мерекелік шараның өтуіне ұйытқы болған ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы әлмисақтан мұсылман хал­қының екі ұлық мерекесі – құрбан айт мен ораза айтын ұлттық сипатта өткізуді қолға алып отырғандықтарын айтты. «Биылғы жыл Діни бас­қар­мамыздың төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бас­та­масымен «Дін және дәстүр» жылы деп жарияланғаны бұқараға белгілі. Міне, осы атаудың өзі жайдан жай емес. Біз – ата дініміз бен баба дәстүрін үйлестіре білген дана халықтың ұрпағымыз. Біздің бар­лық дерлік дәстүріміз шариғатпен біте қайнасқан. Спорт, салауатты өмір салты – Ислам дінінің басты ұстанымы. Денсаулық – аманат. Ал, осынау ұлық мерекеде бас қосып, көрісіп, бір-бірімен қауышып, дас­тарқандас болу – ниеттес болудың нышаны. Ниеті, тілегі бір халықтың болашағы ешқашан бұлыңғыр болмайды. Тәуелсіз елдің ақ таңында жұртшылық бүгін мәз-мейрам, байқаған боларсыздар, есі кірген баладан еңкейген қарияға дейін осы мүбәрак мерекенің ортасында жүр. Осының барлығы – Алланың қазақ халқына берген шексіз нығметі» деді ол.

Ізгі мерекелік шаралар айт намазынан кейінгі айт дастарқанына ұласты. Осылайша, қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасқан халық айт мерекесінің қуанышына да тоят таппай, ұлттық ойындардың көрігін қыздыра түсті. Ал, әр сайыстың жүлдегерлеріне «Нұр Астана» орталық мешіті тарапынан арнайы бағалы сыйлықтар берілді.

Жайық НАҒЫМАШ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button