Басты ақпаратСұхбат

Айтқали ЖАЙЫМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: «ДИРИЖЕРДІҢ ШЕБЕРЛІГІ – ОРКЕСТРДІ ҮЙЛЕСТІРЕ БІЛУІНДЕ»

Әлемдегі ең күрделі мамандықтың бірінен саналатын дирижерлік – кез келген музыканттың қолы емес. Оған ерік-жігері мықты, қай саладан да хабары бар қайратты да қажырлы адам лайық болса керек. Бұл кәсіптің қыр-сыры жөнінде Астана Мемлекеттік филармониясы Қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, елімізге  еңбек сіңірген қайраткер, профессор Айтқали Жайымовпен әңгімелескен едік.


Филармонияның мәртебесі көтерілсе, өнерпаздарға да тиімді

– Айтқали Тілепқалиұлы, жақында ғана «Анаға тағзым» атты концерттік бағдарламасымен кезекті XV маусымын ашқан қазақ халық аспаптары оркестрі туралы, оның құрамы, жас ерекшелігі жөнінде айтып берсеңіз?

– Қазақ халық аспаптары оркестрі – Астанамен бірге жасасып келе жатқан кәсіби өнер ұжымдарының бірі. 1997 жылы құрылған оркестрдің құрамында бүгінде 70 музыкант бар. Олардың барлығы дерлік жоғары білімді. Еліміздегі беделді өнер ордаларының түлектері. Оркестрімізде сондай-ақ, Анар Мұздаханова, Ботагөз Тәшімова, Сәттібек Баяхов, Жанар Жүсіпова, Сайжан Алмат сынды талантты әнші-күйшілер жұмыс істейді. Музыканттардың алды 50-ден асты, арты – 20 жаста. Жылдан жылға оркестріміз талантты жастармен толығып жатқаны қуантады. Арамызда қазақтың ұлттық аспаптарын шебер меңгерген өзге ұлт өкілдері де бар.

 Оркестрдің қажетті ұлттық аспаптармен, өздерінің бітім-болмысына сай киімдермен қамтылу жағы қандай?

– Көбіне классикалық шығармаларды орындайтын оркестр болғаннан кейін музыкалық аспаптарымыз да соған лайықталған. Домбыра, қыл қобыз, контрабас-домбыра, контрабас-қобыз секілді өзімізге керекті аспаптарымыз түгел. Ал асатаяқ, сазсырнай, жетіген сынды ұлттық аспаптарды белгілі бір этнографиялық туындыларды ойнаған кезде ғана қолданамыз. Мысалы, фольклорлық-этнографиялық ұжымдарда сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз аспаптары тұрақты қолданылса, біздің оркестрде тек қажет болған жағдайда ғана ойналады.

Келешекте басшыларымыз музыкалық аспаптарымызды тұтас жаңартуға қам жасап жатыр. Киім жағынан өкпе жоқ. Оркестрімізге арнап, жаңа киім үлгілері тігіліп жатқанын қуанышпен айтқым келеді. Біртіндеп шетелдерге шыға бастауымыз да – бізге деген қамқорлықтың бірі деп білеміз.

– Өнер адамдарының әлеуметтік жағдайы, жалақысының аздығы жиі сөз болып жатады. Бұл мәселе сіз басқарған ұжымда қалай шешіліп жатыр?

– Жалпы, өнер адамының жалақысы төмен ғой. Астана Мемлекеттік филармониясы бюджетке қарап отырған мекеме. Әлі күнге дейін мәртебесі де көтерілген жоқ. Баяғы сол қалалық деңгейінде қалып отыр. Қалалық пен астаналық болудың айырмашылығы үлкен екендігін ешкім ескере бермейтіні өкінішті. Егер Астана филармониясының мәртебесі республикалық деңгейге жетсе, өнерпаздарымыздың да хал-жағдайы түзеліп, жалақысы көбейер еді.

 

Шығармаға жан бітіру – дирижердің бір міндеті

– Бір ғана таяқшаның көмегімен бүкіл оркестрді өзіне бағындырган дирижердің атқаратын міндет-мақсаты былайғы жұртқа таңсық, тіпті, жұмбақ десек те болады. «Әр музыканттың көз алдында нота түрғанда, дирижер не үшін керек, оркестр онсыз-ақ ойнай бермей ме?» деп ойлайтындар да табылады. Кәсіби маман ретінде дирижердің оркестрді басқарудағы рөліне тоқталсаңыз?   

– Оркестр – ұжым болса, дирижер – оның басшысы. Француз тілінен аударғанда дирижер «басқару, бағыт беру» деген мағынаны білдіреді.  Оркестр болғаннан кейін көптеген музыкалық дыбыстар қатарласа, қабаттаса жүреді. Сонда қай кезде, қандай аспаптың дауысын алға шығарып, қайсысын бәсеңдету қажеттігін, шығарманың қай тұсына екпін түсіру керектігін дирижер реттеп отырады. Ең маңыздысы сол, дыбысты алу, көбейту сияқты мәселелерді бір мезетте, еш мүлтіксіз музыканттардың бәріне көрсетіп, түсіндіріп үлгеруің керек. Мәселен, алдында отырған домбырашыларға, ортадағы қобызшыларға, жоғарыда жайғасқан хорға, жаныңдағы әншіге деген секілді, дирижер бәрін үйлестіріп, өзіне бағындыра білуі тиіс. Дирижердің шеберлігі де осында.

Демек, екі қол мен бір таяқшаның көмегі осындайда қажет болады екен ғой?

– Дұрыс айтасыз. Мұны біз мануальды техника деп атаймыз. Яғни музыкалық дыбыстардың төменгі не жоғарғы тербелісін қолдың буынымен, саусақтың ұшымен оркестрге ұғындырамыз. Таяқшаны сермеп, қол сілтеудің де өзіндік қыры мен сыры бар. Бір қимылың мүлт кетсе, шығарманың мінезі ашылмайды, ойдағыдай болып шықпайды. Нота дегеніміз – тұрған бір жансыз таңба ғана. Дирижердің міндеті – туындының өн-бойына жан бітіріп, көркемдеп, оркестрмен үндестіріп, тыңдарманның жүрегіне жеткізу.

– Қаншама музыканттың ішінен біреуі оркестрге қосылмай, шет қалса, оны дирижер сезе ала ма?

– Әрине. Дирижер де сол үшін ғой. Оркестрге кім қосылмай қалды, қайсысы нотаны теріс алды, қай музыкант нашар ойнады – бәрін де дирижер қалт жібермейді. Әр оркестрде белгілі бір аспаптардың біркелкі үндестігі деген болады. Мысалы, домбырашыларды алайық. Олардың біреуі шығармаға қосылмай қалса, осы үйлесімділік бұзылып, дыбыстар теңеспей қалады. Сезімтал дирижер мұны бірден сезеді де, музыканттарды бір деңгейде ойнауға жетелейді. Оркестрде бірдей аспаптар шашырамай, әрдайым бір жерде топтасуының сыры да осында жатыр.

– Сіздің ойыңызша, дирижер туа біткен талант па, әлде жүре қалыптасатын кәсіп пе?

– Әр адамның белгілі бір мамандыққа деген бейімі, ыңғайы болады. Мысалы, біреулер домбыраны тым жақсы тартса да, күйші бола алмауы мүмкін. Сол сияқты, музыканттың бәрі дирижер бола алмайды. Осы тұрғыдан қарағанда, адамға дирижерлік туа бітетін дарын болса керек. Қолын сілтегеннің бәрі дирижер емес. Музыкалық білімің болуы өз алдында, психолог та, тарихшы да, әдебиетші де, өнер зерттеуші де бола білуің шарт. Себебі, алпыс-жетпіс адамды бір шығармаға жұмылдырып, оны тиісті деңгейде шығара білу – көп ізденісті, қажыр мен қайратты қажет етеді. Әуелі туындыны оркестрге түсірмес бұрын, оның тарихын, мәні мен стилін, қай кезеңде жазылғанын зерделеу керек. Онсыз көркем дүние тумайды. Дирижерлікті күрделі мамандық дейтініміз сондықтан.

«Кішкентай немерем де – дирижер»

– Өзіңіз дирижерлікке қалай келдіңіз?

– Мен жастайымнан әртүрлі деңгейдегі өнер ұжымдарын басқардым. 9-сыныпта оқып жүргенде мектеп директоры домбыра ансамблін құруды ұсынды. Оншақты адамның басын қосып, ансамбль құрдым да оған өзім жетекшілік еттім. 10-сыныпта көршілес сегізжылдық мектепке әннен сабақ беретін мұғалім болдым. Орта мектеп бітіргеннен кейін аудандық оркестрді басқардым. Музыка училищесін бітірген соң, айналып аудандық оркестрге келдім. Совхоз, аудандарда, институттарда оркестрлерге басшы болдым. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіргеннен кейін осында домбыра кафедрасының оқытушысы қызметін атқардым. 1991 жылдан Құрманғазы атындағы Қазақ академиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі – бас дирижері, ал 2008 жылдан бері осы Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі-бас дирижерімін.

– Ұлыңыз бен қызыңыз да ізіңізді жалғастырып, өнер жолын қуған деп естідік?

– Иә, дирижер болмаса да, екеуі де өнер ордаларын бітірген. Ұлым Арман Құрманғазы атындағы консерваторияны пианист, кейін композитор мамандығы бойынша аяқтады. Қызым да осы оқу орнының қабырғасында қобызшы мамандығын алып шықты. Бірақ қазір басқа салада жұмыс істейді. Түбінде кішкентай немерем дирижер болатын сияқты. Қазірдің өзінде дирижер. Небары сегіз айлық болса да кішкентай қолдарын ербеңдетіп, өзінше дирижердің қимылын жасайды. Қолына домбыра берсең, ептеп тартады, жұлқымайды. Сонысын қызық көреміз де, өзімізше ырымдаймыз.

Әңгімелескен Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button