Сұхбат

Айтқожа Фазыл: «Әсіреұлтшылдық елді көркейтпейді»

«Ең бай адам менмін. Қазақстанның қай түкпіріне барсам да мені танитын бір адам табылады» дейтін Айтқожа Фазыл ағамыз ерекше кісі. Тек қана әлеуметтік желінің белсендісі ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірін аралап, халықтың жағдайын көзімен көріп, мұқтажын біліп, ортаға ойлы сөздерін тастап, ізіне көпті ерте білетін азамат қарағандылықтардың, тек қана олар емес еліміздегі көкірек көзі ашық іні-қарындастарының қадірлі ағасы. Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу техникалық университетінің түлегі он жылдан астам уақыт Ресейде қызмет етіп, 80-жылдары Қарағанды  политехникалық институттың электротехника факультетін басқарып, 90-жылдары сол институт проректоры болды. Ел тәуелсіздігі тұсында саяси өмірге белсене араласты. Егемендігіміздің алғашқы жылдарындағы «Ақ жол» партиясымен де оның есімі тығыз байланысты. Партияның қарағандылық филиалын басқарып, саясаткер ретінде де танылды. Ағамыз өзінің өткен өмір жолының өрнек­терін газет оқырмандарын таныстырмақ ниетімізді құптап, редакциямызда қонақта болған еді.

[smartslider3 slider=827]

– Аға, өмірде дұрыс таңдау жасау оңай ма, әлде..?

 – Таңдау деп жүргеніміз – ақыл-ойымыздың, ар-ожданымыздың қалауы. Есімде, бір күні ректор шақырып алып үш оқытушыны жұмыстан шығару керек деді. Үшеудің екеуін жақсы танимын, тіпті біреуімен бір кафедрада жұмыс істеймін. Өзіміздің қазақ жігіті. «Не үшін?» дедім. Олар студенттерге «2» қояды деді. Оқымаса, дұрыс қой енді. Жоғарыдан нұсқау келді, «2» тіпті «3» деген де баға қойылмасын деген. Сонда білдім, білімнің құритынын. Осы күнгі деңгейге жететінін сол сәтте түсіндім. Өйткені екеуі де – үздік оқытушылар. Ол кезде студенттер арасында сауалнама жүргізіліп, оқытушылардың білім беру деңгейін студенттердің өзі бағалайтын. Екеуінің де сабақтары күрделі, соған қарамастан екеуі де бірінші орында болатын. Түсіндім. Барлық салада осылай боларын. Өтірік есеп, қағаз жүзінде ғана миллиондаған мәлімет. Білімділердің жолы кесіледі. Кетуге бел будым. Өкінішке қарай, менің ойлағанымның бәрі бел алып кетті. Қай саланы алып қарасаңыз да білім, ғылым, денсаулық, әлеуметтік-экономикалық болсын, жалған ақпараттың нөпірінде қалдық.

– Сонымен оппозиция емессіз, ешқандай партияда жоқсыз, сонда кімсіз деп сұрағаным әбестік емес пе? 

– Партия мүшесі болмай-ақ оппозицияда болуға болады. Мен оппозициядамын, мен – оппонетпін, мен жау емеспін, бірақ мені жау дейтіндер аз емес. Олар – ұры-қарылар, саналары халық басқаруға саяз, мақтансүйгіш, түймедейді түйе­дей, түйедейді түймедей етіп көрсететін тоғышарлар.

Өз басым – ұлтшылмын, бірақ ұлттың патриоты емеспін. Мен – Қазақстанның патриотымын. Қазақстандағы тыныштық, Қазақстанның өркендеуі, халықтардың бейбіт қатар өмір сүруі мен үшін өте маңызды.

Біздің ұрпақ алдындағы ең маңызды мақсат – мемлекетіміздің Тәуелсіздігін сақтап қалу. Қазақстанды шын дербес мемлекетке айналдыру. Өйткені әсіреұлтшылдықты «национал патриот» дейді ғой. Ол қай мемлекетте болмасын елді көркейткен емес. Адамзаттың жүріп өткен тарихы бар, дүниежүзінің тәжірибесі бар. Қазақстан болса, қазақ та болады. Кеңес дәуірінде іс жүзінде Қазақстан болған жоқ, қазақ деген паспортымызда жазу болды, бірақ қазақылық қадірленбеді, тіліміз болған жоқ, дініміз болған жоқ, жеріміз болғанмен, байлығы қолымызда болған емес, әдет, салт-дәстүріміз қас­терленбеді. Барлық ұлт осы бес ұстыннан тұрады. Егер өз ұлтыңның дәстүрін-салтын мансұқ етсең, басқа ұлттың салт-дәстүрін ұстайсың. Алып империя болған Одақ «сен кереметсің» деп мақтап достық, бейбітшілік деп алдарқатып барлығын орыс қылуға тырысты. Басқа мәдениетті ұстансаң, сен қазақ емессің.

Ең бірінші айтарым, Қазақстандағы тыныштық, бейбіт өмір, ең бастысы, бізге қазақтарға қажет. Біздің Қазақстаннан басқа басар тау, барар жеріміз жоқ. Әр қазақ осыны есте ұстауы керек. Бізді басқа жерде ешкім күтіп, жарылқайын деп отырған жоқ! Өз жерінде, егемен елінде жасап жатқан қазақтың отырған жерінің бәрі – төр. Ел аман, жұрт тыныш болса, кем-кетігіміздің орнын толтырып, тағымыз да тұғырлы болады. Қайталап айтамын, Қазақстандағы негізгі, бас ұлт (титульная нация) ретінде мемлекетіміздің біртұтастығына, дербестігіне, ең алдымен, тарих алдында біз жауаптымыз. Мұны түсінбеген қазақ басымызға біткен сор. Қазақтың келешегі – қазақтың қолында еліміздегі бейбіт өмір, еліміздің егемендігі, жеріміздің біртұтастығы, ең әуелі бізге, қазақтарға байланысты.

Мемлекетіміздегі барлық Ұлт өкілдерін біріктіруші ұйытқы біз ҚАЗАҚТАР болуымыз қажет. Біздің ұрпаққа жас ұрпаққа алдымыздағы ең маңызды мақсат – мемлекетіміздің Тәуелсіздігін сақтап қалу.

– Тіл ұлттықтың бірінші белгісі ғой.

– 1991 жылы Совет үкіметі құлап, ел егемендігін алған кезде Тәуелсіз Қазақстанда отыз жыл ана тіліміз үшін күресеміз деп кім ойлаған? Қазақ тілі дегенде менің ұстанымым – айналама тарататын ойым, әр Қазақстан азаматы он тіл білсін, бірақ алдымен мемлекеттік тілін игеру – парыз. Қазақстандағы  мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Барлық қазақстандықтар, оның ішінде қазақ емесі Абайды жатқа оқымай-ақ қойсын, Сәкенді білмей-ақ қой. Бес жүз  ғана тұрмыста кездесетін «барып кел», «алып кел», «қанша», «неше» және осы сияқты сөздерді білсе жеткілікті. Мысалы, отыз жыл болды. Отыз жылда айына бір-ақ сөз жаттаса, отыз жылда 360 сөз біледі екен. Бұл жай, өзара тілдескенге жетеді. Бұл биліктің бас кемшілігі: мен егемендік алғанда осыдан отыз жыл бұрын проректор болып істедім дедім ғой. Сол сәтте қаланың көптеген ұйымынан басқа ұлттың адамдары «қазақ тілін үйренеміз» деп ынталанды. Олардың сұрауымен ондаған қазақ тілін үйрететін топтар аштық, тіпті мұғалімдер жетпеді. Мектептен мұғалімдер жалдадық. Бір уақытта орыс тілі ұлтаралық тіл, ресми тіл деген сөз шығысымен басқа ұлт өкілдерінің ынтасы судай басылды. Олар бірден түсінді, қазақ тілі керек емес екендігін. Сонымен процесс тоқтап қалды. Назарбаевтың «казахская земля объединила более ста этносов. Конечно, чтобы все это этническое многообразие стало единой нацией, нужен хороший цемент. Сегодня главным фактором, цементирующим нацию, является казахский язык, язык государства» деген сөздері есімізде. Жақында ғана қазіргі Президент Тоқаев «Знать казахский язык – долг каждого казахстанца» деді Мемлекет басшысы. Отан алдындағы борышты әрбір қазақстандыққа өтетуге, Қазақстан Ата Заңындағы 7 бапты іске асыруға – халық алдында борышты. Бұл бапта әрбір қазақстандық мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдардан басқа жерлерде қазақша сөйлеуі керек делінген. Президент ең бірінші, өзінің айналасынан бастауы қажет министрлер, әкімдер, депутаттар арасында қазақ тілін білмеймін дейтіндерді түземей, ешқандай өзгеріс болмайды.

– «Тіл майданы» туралы пікіріңізді білгіміз келеді.

– «Тіл майданы» туралы менде екі пікір бар. Біріншісі, құптаған жоқпын. Екіншісі, қарсы да болған емеспін. Құптамаған себебім: қарапайым халықтың ешқандай кінәсі жоқ. Орыс тілі «ресми тіл, ұлтаралық тіл» деп Конституцияда көрсетілсе, басқа ұлт өкілдері неге бастарын ауыртып үйренеді. Билік «қазақ тілі керек емес» деп айтпаса да, ісімен дәлелдеп отыр. Жиындар бес ауыз қазақшамен басталады да әрі қарай орысша жүреді, заңдар орысша қабылданады да, әрі қарай быт-шыт қазақшаға аударылады.

Ал «Тіл майданына» қарсы шықпаған себебім: Ата Заңымыз­дың 7-бабының 2-тармағына сәйкес қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі қолданылатын органдар: Ақорда, министрліктер, әкімдіктер және т.б. мемлекеттік органдар, ал басқа ұйымдарда: мейрамхана, дүкен, ұшақ, пойыз, базар, жекеменшік бизнестік ұжымдарда тек қазақ тілі қолданылуы керек. Конституция солай деп тұр! Бұл тұрғыдан, «Тіл майданы» азаматтарымен толық бір пікірдемін. Сатушысың ба – үйрен, дәрігерсің бе – үйрен, даяшысың ба – үйрен. Көп сөз керек емес қой, жоғарыда айтылған бір айда бір сөз жаттап, 30 жылда білген 300 сөзі жеткілікті. Жігіттер биліктің мән бермеген шараларын іске асыруға қолға алғанын сөзсіз қолдаймын. Осындай азаматтарды қуғын- сүргінге ұшыратып, шетел асып кетулеріне себеп болып отырғандарды түсінбеймін. Бұл таңда мемлекет тарапынан халықтың қазақша білуіне толыққанды жағдай жасалып жатқан жоқ.

Ал ғылым бойынша, керегі жоқ зат, орган ешқашанда дамымайды. Мысалы, шығыстағы қандастарымыз хакас, тыва, якут-сахалардың тілдері жойылу қаупі бар. «Қаншама «халуа, халуа» деп айғайлағанмен, аузына тәттінің дәмі келмейді» деген сияқты қоғамға күнделікті өмірде керек болмай, қазақ тілі дамымайды. Тіл мәселесі – өте күрделі жұмыс.

Украина майданы тілден басталды. Ең басты мәселе осында жатыр. Қазақстанда текетірес болуына қарсымын. Оның неге әкеліп соғатыны белгісіз. Және кез келген текетірес мемлекетіміздің іргетасына зақым келтіруі мүмкін. Бірақ, осыған жеткізбеу үшін билік «бізден кейін топан суы келсе де, бәрібір» деп отырмай халықпен, әсіресе басқа ұлт өкілдерімен жұмыс істеуі керек. Әзірге ешқайсымыз жалаң сөзден басқа ештеңе көріп отырған жоқпыз. Тағы айтарым, бізде, әсіресе депутаттар арасында «Қазақ тілі, қазақ тілі» деп айғайлайтын азаматтар күннен күнге көбейіп келеді. Мен мұны пиар – елдің көзіне түсіп, ауыздарына іліну үшін әрекет деп есептеймін.

Тілшіл болсаң «орыс тілі – ұлтаралық тіл, ресми тіл» деген заңдардың күшін жоюға атсалыс. Мен Парламентке келіп «қазақша неге сөйлемейсің» деген депутаттар алдында кешірім сұрап немесе «келесі жолы біліп келемін» деген министрлерді түсінбеймін. Олардың орнында жүрегінің уыты барлар: «Вы же законодатели, сначала отмените п.2 статьи 7 Конституции, тогда буду выступать на гос.языке» дер едім. Барлығының ойлағаны – қарақан қу бастарының қамы. Міне, түлкібұлаңға салмай, анығын айтатын кез келді.

– Тіл мәселесі күрделі…

– Білім. Білім. Қазақ тілінде жақсы білім алу тікелей оқулыққа байланысты. Мектеп, колледж, ЖОО тарапынан білім алу үшін 5000-дай тек оқулық қажет. Көп білім саласындағы оқулықтарды қазақ тіліне аударуға мәжбүрміз. «Соқыр көргенінен айрылмайды» дегендей, оқулықтардың көбісін ресейліктер дайындаған. Орысшадан қазақшаға аударуға мәжбүрміз. Аударма оқулықтардың сапасы айтуға келмейді. Мысалы, менің немерелерімнің тоғызы тоғыз сыныпта оқиды, іштерінде қазақша оқитыны, орысша оқитыны да бар. Қазақ оқулығының мәтіндерінің көбісі түсініксіз. Кім аударғаны белгісіз?

Екіншіден, аударма сапасы терминдер баламасына байланысты, менің түсінбейтінім, әлемдік деп есептелетін барлық тілдерде бар терминдерге қазақша балама іздеп, ана тілімізде жоқ жаңа сөздер кіргізу – қазақ тілінің дамуына үлкен кедергі. Тілде ғана емес, барлық салада біздің әрбір қадамымыз әлемдегі дамыған елдер қатарына жетелеуі қажет.

Мысалы, «процент» сөзін «пайыз» деп атап кеттік. Түрк­меннің «фоиз» сөзінен не ұттық? Ұтылдық! Өркениеттен бір сүйем болса да қашықтадық. Енді осылай медицинадағы, техникадағы, табиғаттанудағы және басқа ғылым саласындағы тілімізде жоқ миллиондаған терминді баламалаймыз ба?

БҰҰ әлемдік тіл деп есептейтін тілдерде терминдер бірдей. Мысалы, «пайыз» ағылшынша – «percent», испанша – «pozciento», немісше – «рrozento», орысша – «процент».

Алысқа бармай-ақ қояйын, орыстар дамыған елдерден келген терминді өзінікі қылып ала салады. «Иностранные слова в русском языке» деген кітапты оқыңыз, бәріміз орыс сөзі деп жүрген көп сөздер басқа тілден келгенін көріп таң қаласыз. Ресей ағартушысы Белинский атты демократ орыс тіліндегі көптеген шетел сөздерін келтіріп «осы сөздер болмаса, орыс тілі қандай кедей болар еді» деген екен. Қазір тілімізде түсініксіз атаулардың  көбейгені соншама кейбір мақалаларды оқу үшін тілмаш жалдау қажет.

– Латын тіліне көшу де бүгінгі күннің тәртібінен түспей тұр ғой.

– 1996 жылы біздегі «Информационная измерительная техника» кафедрасының доцентімен бірге латыншаға көшу туралы «Ана тілі» газетіне  мақала шығардық. Содан бері латыншаға көшу керек деп келемін, бірақ жақында ойым өзгерді. Басты себеп: жүз жылға жақын уақытта әліпбиіміз үшінші рет ауысады деп отыр. Бұған дейінгі екі әліпбиде жазылған құндылықтардан ешқандай хабарымыз жоқ. Латыншаға көшсек, өткен ғасырдың 30-жылдарында  жазылған құндылықтардан тағы да айырыламыз. Латын әәліпбиіне көшу орыстардан қашу деп ойлау – қате пікір. 7000 шақырымнан астам ортақ шекарасы бар елден әліпби арқылы қашу мүмкін емес.

– Аға, енді бір сұрағыма жауап беріңізші. Бабаңыздан мұралыққа не алдыңыз, шөбереңізге не қалдырасыз?

– Менің бабамнан алғаны – қаным. Қазақпын. Осы қанға байланысты айтатыным бар. Ұлт қан арқылы берілмейді. Ұлт – тіл, жер, дәстүр, дін, әдет-ғұрып арқылы беріледі. Орыс қазақ тілін білсе, жерін сүйсе, қазақтың әдет-ғұрпын ұстанып, қазақпен аралас жүрсе ол орыс емес, қазақ қой. Менің әкелерім дінді ұстап тұрған адамдар болатын. Әкем айтатын біздің бабаларымызды Арқаға шығарып салып тұрғандар үш өсиет айтты деп. «Сендердің отандарың бұл жақта жоқ енді, қай жерде мұсылман бар, қай жерге барып тұрасың – сол жерде отаның. Екінші дінге қайшы келмейтін  әдет-ғұрпын өзіңдікі етіп ал. Үшінші мал, дүние-боқ жинамаңдар. Құдайды ұмытасыңдар, Құдайды сендер ұмытқан соң сендер барған жерлердегі ел ұмытады» депті.

Менің дінім қазіргі ислам емес. Ата-бабадан қалған ислам. Біздің әдет-дәстүрде исламға қарсы ештеңесі жоқ. Қазіргі таза діні бізді алтыншы, жетінші ғасырға сүйреп бара жатыр. Келіннің сәлем салғанында Құдайға қарсы, дінге қарсы не бар?

Біздің дәстүр исламмен тығыз байланысты. Сол дәстүрді ұмытқандар ғана исламға қарсы жұмыс істейді.  Дәстүрге қарсы жұмыс істейді. Мәскеуде оқып, 13 жыл жұмыс істедім. «Қалай орыстанбадың?» деп сұрайды. Өзіңе байланысты деймін. Оқуға түсуге барғалы жатқанда әке-шешеме қазақтың қызына үйленемін деп ант бердім. Бұл да – менің қазақты, Қазақстанды сүюімнің бір көрінісі. Ата-ананы сыйлау да  – ата-бабамнан алып қалған қымбат мұрам. Әкем ертерек, анам 35 жасқа келгенімде қайтыс болды. Көңіліне тиеді деп көзінше арақ ішіп, не темекі тартып көргенім жоқ. Дінде де, өмірде де солай, ата-анасын сыйламаған адам ешкімді сыйламайды.

 Осы айтқандарымды ұрпағыма беруге тырысамын. Алдыңғы күні  ғана: «Біз қазақпыз, арақ ішпейміз, шылым тартпаймыз, қазаққа үйленеміз» деп  айтқыз­дым. Керек болса, қазақтығын күнде айтып отыру керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button