Басты ақпаратИмантаразы

Айттағы тілек Аллаға жетсін

Төл дініміздегі қасиетті мейрамның бірі – Құрбан айтты астаналық мұсылмандар да көтеріңкі көңіл-күймен, зор қуанышпен атап өтуде. Үш күнге созылатын мерекенің алғашқы күнінде Хазірет Сұлтан мешіті айт намазына жиналған жамағатқа лық толды.

Жаңбыр астындағы жамағат

ТМД елдерінде теңдесі жоқ, аумағы ат шаптырым үлкен мешітке сыймаған жұртшылық жауын-шашынға қарамай, Аллаға құлшылықтарын далада жасады.
«Намазға жиналған астаналық мұсылмандарға Хазірет Сұлтан мешіті де тарлық еткендей ине шаншар орын жоқ. Сап түзеген жамағат айт намазын жаңбырдың астында оқуға мәжбүр болды» дейді мешіт қызметкерлері.

Елбасы ел бірлігін тіледі

Сол күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Хазірет Сұлтан мешітінде болып, қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Нұрсұлтан Әбішұлы осынау ерекше мейрамды бүкіл мұсылман әлемі атап өтіп жатқанын айтты. «Бүгін барлық мұсылман үшін маңызды күн – Құрбан айт мерекесі. Қазақстанда біз бұл күнді өзге де діни сенімдегілердің мерекесі тәрізді атап өтеміз. Халықтың бірлігінің, Отанға деген сүйіспеншілігінің арқасында біздің еліміз табысты дамуда. Тәуелсіздік кезеңінде халқымыз өзінің тарихи дініне қайта оралды. Бүгінде күллі еліміз бойынша үш мыңнан астам мешіт бар. Біз Қазақстандағы ең үлкен мешітті Астанада салдық» деді Президент.
Елбасы елге бейбітшілік пен тыныштық, бақ-береке мен бірлік тілеген барлық қазақстандықтардың дұғасының қабыл болуын тіледі. «Алла тағала бізге, тыныштық және көп ұлтты әрі көп конфессиялы халқымызға бірлік берсін. Сонда біз еліміздің барша азаматтарының игілігі үшін Қазақстанды одан әрі өркендете беретін боламыз» деді Мемлекет басшысы.

Құрбан шалушылардың қарасы мол

Мерекенің басты рәсімі – Алланың разылығы үшін төрт түліктің бірінен құрбан шалу. Әсіресе, уақ мал көп сойылады бұл күндері. Елордада айт мерекесiнiң бiріншi күнiнде бір қой орта есеппен 25 мың теңгеден сатылды. Мал сату және сою үшiн Астана қаласы әкiмдiгi арнайы орындар белгiлегенін хабарлаған болатынбыз. Солардың бірі – орталық базар аумағындағы «Нұрбереке» ЖШС-да бір қой 18 000-25 000 теңге аралығында пұлданды. Ал қасапшы қызметi – 2 мың теңге.
«Құрбан шалу кезiнде құран оқып, мұсылман қауымға қызмет көрсету үшiн мешiттен арнайы келдiк. Мұнда мен сияқты он діни қызметкер жүр. Биыл құрбан шалып жатқан жамағаттың қарасы өткен жылғыдан кем емес» дейдi мешiт өкiлi.
Айта кету керек, қала әкiмдiгі арнайы бөлген орындардан тыс жерлерде де құрбандық шалып жатқандар бар. Мұнда қойды үш мың теңгеге сойып беретін көрінеді. «Бұл жерлерде қой союға болмайды. Бiрақ, мал бауыздалып қойғандықтан, әзiрше ештеңе iстей алмай тұрмыз. Рұқсат етiлмегендiктен, қазiр ереже бұзған адамдарды мына жерден қууға тура келедi» дейдi құқық қорғаушылар. Ал, әкiмдiк арнайы белгiлеген мал сою пункттерiнiң тiзiмiндегi Дулатов көшесі, 191 мекен-жайындағы «Пищекомбинат-астаналық плюс» ЖШС-да мал сойылып жатқан жоқ.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button