Сұхбат

Айттан айтқа жетейік аман-есен…

Осындай ниеттегі мұсылман бауырларымыз бүгін Рамазан айты мерекесінің үшінші күнін атап өтуде. Соңғы жылдары асыл дінімізге сенім білдіріп, құлшылық етушілердің қатары жиілеп жатқанын білеміз. Осыған орай, діни мейрамның да мәртебесі артып, мерейі үстемдеуде. Төл дінімізді ұстанушылардың қуанышын бөлісу мақсатында елордадағы Сәдуақас Ғылмани мешітінің найб имамы Мамлюк Мұсаевты әңгімеге тартқанбыз.

– Айт мейрамында барлығымызға Алланың нұры жаусын! Отыз күн оразада мешіттеріңізге келетін құлшылық етушілердің қатары артқандығы байқалды ма?

– Әлбетте. Аллаға шүкір деу керек. Құбылаға қарап, тізе бүккен бауырларымыздың саны жыл санап көбеюде. Биыл да сабыр мен иман тілеп, мешітіміздің табалдырығын аттаған ағайындар молынан. Мәселен, кешегі айт намазын өзім далада тұрып оқыдым. Астанадағы 7 мешіттің бәрі намазхандарға толды.

– Айттың маңызы мен мәніне тоқтала кетсеңіз.

– Иә, жалпы, айт жөнінде кеңінен әңгімелеуге болады. Айт сөзінің өзі «мейрам» дегенді білдіреді. Яғни, мұсылмандардың екі үлкен мерекесі болса, бірі осы – Рамазан айты, екіншісі – Құрбан айт.

Ораза ұстаған әрбір мұсылман отыз күнде көп сабақ алады, сабырлылықты үйренеді, көп нәрсенің қадірін біледі. Ал, отыз күннің артын ала бере келетін айт күндері – нағыз молшылықтың кездері. Мұнда исі мұсылман бір-біріне жақсы тілектер айтып, әр шаңырақта жайылған ақ дастар­ханнан дәм татады. Ең бастысы, араздасқан ағайындар бір-бірінің қателігін кешіріп, игі ниетпен көріседі. Үш күнге созылатын айтты татулық пен достықтың, ырзық пен несібенің, қуаныш пен құлшылықтың көрініс табатын уақыты деп білемін.

– Өзіңіз айтқандай, айт кезінде әр шаңырақтан дәм татып, жақсы тілектер бағыштау – мейрамның басты белгісі. Алайда, осы үрдіс елордадан байқалмайтын сыңайлы?..

– Рас, дініміз сан жыл­дар бодандықта болып, ұлттық нақыштарымыз да жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған. Кейін егемендігімізді алып, төл дініміз Елбасы тарапынан қолдау тапты. Құрбан айт мерекесінде демалыс берілді. Бұрынғыдай, айт кезінде үй-үйді аралап, құран бағыштау бүгінде қалалы жерлерде аз екені рас. Бірақ, алдағы уақытта игі дәстүр жалғасады деп ойлай­мын. Өйткені, қазақ ұлтының түп қазығы – Ислам. Ал, Ислам – тек бірлікті, татулықты, жақсылықты, сабырлылықты, басқа да ғажап қасиеттерді қолдайды.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button