Айтұлы атындағы айтулы турнир
Елордада Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық қордың ұйытқы болуымен бильярдтан ақын Несіпбек Айтұлын еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Бильярд турнирінің ашылуына қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, Жазушылар одағының мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шараға бастамашы болған сенатор, Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлы аталған жарыстың мән-маңызына тоқталып, турнир академиктің ғана емес, ақынның да мол мұрасын көпшілікке насихаттау мақсатында өтіп жатқанын жеткізді.
«Қазақтың заңғар ғалымы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығы аясында ақын Несіпбек Айтұлын еске алу кешін ұйымдастырып жатырмыз. Ағаларымыз, қаншама белгілі тұлғалар Несіпбек Айтұлы туралы керемет сөздер толқынын арнады. Бұл бильярд турнирі Несағаңның рухын еске алып, оның қазақ еліне қалдырған мол мұрасын Қанышпен бірге келістіріп, өткізіп жатқанымызды мәртебе деп санаймыз. Сәтбаев атындағы халықаралық қордың жасап жатқан істері – Қаныш атамызды насихаттау ғана емес, сонымен қатар академикті насихаттаған, «Қаныш» поэмасының авторы Несіпбек Айтұлын да еске алып, ол кісінің еңбектері, қалдырған мұраларын көпшілікке таныту» деді Алтынбек Нухұлы.
Сайыс қорытындысына келсек, бильярд турнирінің жеңімпазы болған «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі, Сәтбаев қаласының тумасы Ерлан Омаров «Несіпбек Айтұлы» атындағы сыйлықты алып, бірінші орынды иеленсе, екінші орынды Несіпбек Айтұлының ұстазы, «Мұқағали Мақатаев» атындағы сыйлықты Сенат депутаты Амангелді Толамисов қанжығасына байлады. Үшінші жүлделі орын Несіпбек Айтұлының тағы бір ұстазы, «Мұзафар Әлімбаев» атындағы сыйлықты Еуразия ұлттық университетінің фотографы Ербол Сейітханұлы жеңіп алды. Бұдан басқа «Қаныш Сәтбаев» атындағы сыйлықты еңбек ардагері Оңдасын Мейірбаев, «Медеу Сәрсеке» атындағы сыйлықты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аяған Сандыбай, «Кәкімбек Салықов» атындағы сыйлықты ардагер журналист Әлімжан Сабыржанұлы, «Нұртас Оңдасынов» атындағы сыйлықты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Нартай Сауданбекұлы иеленді. Сонымен қатар жарыста «Алғашқы шар», «Мерген ойыншы», «Шебер ойыншы», «Мәдениетті ойыншы», «Үздік дуплет» атты номинациялардың иегерлері де анықталып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Турнирдің бас төрешісі ҚР жоғары ұлттық дәрежедегі төрешісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлы болды.
Торғын АМАН