РуханиятСұхбат

АЙТЫС АРҚАУЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕН АСТАНА ЖЕТІСТІКТЕРІ

Әне-міне дегенше Астана күні де жақындап қалды. Мереке аясында түрлі мәдени шаралардың туы желбіремек. Әсіресе, бабадан қалған бағзы өнеріміз айтыстың орны бөлек. Халықтың да оған деген ықыласы ерекше. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен  6 шілде күні  Конгресс-холда  «Бағаналы ордам, басты ордам» атты республикалық айтыс өтпек.  Дүбірлі доданың қарсаңында белгілі айтыскер ақын, аталған шараны ұйымдастырушылардың бірі, филология ғылымының докторы, профессор,  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаевпен әңгімелескен едік.

– Елорда күні жақындаған сайын жұртшылық айтысты ерекше тосады. Он жылға жуық дәстүрге айналған шара туралы кеңірек айтып өтсеңіз?
– Астана күні – еліміздегі ең айшықты мерекелердің бірі. Сондықтан, жалпы жұрт болып тойлайтын, дәстүрге айналған осындай мейрамның мазмұны бөлек. Елордаға мерекені көруге қаншама қонақтар келеді. Олардың барлығы бас қаланы аралап қана қоймай, мәдени шараларды да қызықтайды. Әсіресе, айтыс десе делебесі қозатын жұртшылық көп. Биыл да айтулы шара өз деңгейінде өтпек. Айтар жаңалығы да бар. Жыл сайын айтыс «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының жанындағы дала сахнасында болатын. Енді биыл Конгресс-холда өтпек. Бұған біз қуаныштымыз. Тақырып та белгілі. Ақындар құт қонған елорданың бүгінгі күнге дейінгі тарихы мен даму белестерін, жетістіктерін тілі жеткенше өлеңдерімен өрнектеп халыққа жеткізеді.
Сондай-ақ, биыл тәуелсіз ел бол­ға­нымызға 25 жыл толып отыр. Оны ұлы мерекеміз деп дәріптейміз. Әрі-беріден соң, Астана – Тәуелсіздіктің перзенті. Сондықтан азаттықты жырлау арқылы еліміздің қол жеткізген табыстарын да ақындар кестелі өлеңге айналдырады. Әрине, айтыс – синкреттік өнер. Ол тек бір тақырыппен шектелмейді. Ақындар халықтың көкейінде жүрген көкейтесті мәселелерді қозғайды. Сондықтан бабадан қалған ғажайып өнерімізді қадір тұтқан жұртшылық айтысқа келіп, кәусар өнерімізден нәр алады деген ойдамын.
– Жалпы, айтысқа қанша ақын қатысады?
– Елорда күніне орай «Ба­ғаналы ордам, басты ордам» деген тақырыппен өтетін айтысқа еліміздің әр түкпірінен 12 ақынды сауын айтып ша­қырып отырмыз. Олардың барлығы да республикалық өнер бәйгелерінде топ жарып, шашасына шаң тимеген ақындар. Дәлірек айтқанда, Сара Тоқтамысова, Мейірбек Сұлтанхан, Аспанбек Шұғатаев, Ерке­бұлан Қайназаров секілді «сен тұр мен атайын» дейтін ақындар қатысады.
– Орта буын ақындардан ешкім жоқ па?
Бүгінде айтыстың құрамы жасарып кетті. Қазір айтысып жүрген ақындардың ең үлкені – Айбек Қалиев. Соны орта буын ретінде шақырдық. Қалғандары ауыздығымен алысқан жас буын өкілдері.
– Әрине, сөз сайысы бол­ғандықтан қа­зы­ларға оңай жүк арты­л­май­ды. Ақын­дар­дың өнерін кімдер баға­лайды?
– Дұрыс айтасыз. Халқымыз сөзге ерекше мән берген. Сондықтан сөздің бәсі мен абыройы биік тұрады. Қазы­ларға жүктелген міндет ауыр. Қазылар құрамының жеті мүшесі бар. Оның төрағасы өзім боламын. Одан кейін Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл, әйгілі жырау Алмас Алматов, айтыс туралы ғылыми еңбек жазып, докторлық диссертация қорғаған, белгілі ғалым Қой­лыбай Асанов және осы атамұра өнердің ыстығы мен суығына төзіп, бел балалары болып кеткен Дәулеткерей Кәпұлы мен Серікзат Дүйсенғазин. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли бар. Ал айтулы шараны айтыстың «атасы» атанған көрнекті ақын Жүрсін Ерман жүргізеді.
– Ал айтыстың бас демеушісі кім?
– Әрине, Астана қаласының әкімдігі. Оның ішінде қалалық Мәдениет, мұ­рағаттар және құжаттама басқармасы мұрын­дық болып отыр. Сонымен бірге Айтыс ақындары және жыршы-термешілердің халық­аралық одағы да атсалысуда.

image-14-06-16-03-48-1
– Жаңа айтыстың құрамы жаңарып кетті дедіңіз. Сіздің де күшіңіз тайып тұрған жоқ. Бұрынғы суырып салма ақындар өмірден өткенше айтысып еді?
– Көкейде жүрген сұрақтың үстінен түсіп отырсыз. Айтыстың тарихына терең бойласаңыз, Жамбыл, Шашубай, Нұрқан, Кенен аталарымыздың барлығы ақсақалдық жасқа келгенше қолы­нан домбыралары түскен жоқ. Кешегі өзіміз көрген, баталарын алған – Манап Көкенов, Көкен Шәкеев, Көпбай Омаров секілді аталарымыз бен және Тәушен Әбуова сынды апамыз өмірден өткенше айтысты. Айтысып қана қоймай, олар осы өнерді ел ішіне насихаттады.
Бүгінде ақындар айтыс аренасынан ерте кетіп жатыр. Бұл да бір өзекті дүние. Әрине, олар салқынқандылықтан немесе кейінгі толқынның күш­тілігінен кетіп жатқан жоқ. Ең өкініштісі, менімен айтысқа қатар келген Мэлс Қосымбаев, Ақмарал Ілеубаева, Бекарыс Шойбеков, Мұхамеджан Тазабеков сахнадан сырттап кетті. Егер олар айтысып, атамұра өнерді жандырып жүргенде, мен де аталарымның жасына жеткенше айтысар едім. Әлі де бойымдағы потенциалым жеткілікті, бабымда тұрмын десем де болады. Сарқылған ештеңем жоқ.
– Аға, кейде жұрт­шылық арасында айтыс туралы түрлі пікірлер айтылып жатады. Сіздің оған деген көз­қарасыңыз қандай?
– Мен тек қана айтыс­кер ақын ғана емес­пін. Оны зерттеген ғалыммын. «Айтыс­тану» деген үлкен ең­бек шы­ғардық. Сонда бір байқағаным, өткен ғасыр­дың 80-жыл­дар­дың бел ортасынан бері жаңарған айтыс өнері­нің тарихында ең бір ша­рық­таған, кемелденген кезеңі деп, 1997-2005 жылдардың аралығын айтуға болады. Дәл осы шақта айтыс өнері шын мәнінде өрлеп, даму биігіне көтерілді.
Батыстан Мәди Қосымбаев, Жетісудан Оразалы Досбосынов, Түркістаннан Бекарыс Шойбеков, Қаратаудан Мұхамеджан Тазабеков және Сарыарқадан мен шығып, әрқайсымыз бір-бір мектеп қалыптастырдық. Іле-шала артымыздан үлкен бір шоғыр шәкірттеріміз шықты. Сол кезеңдегі айтыста ой бос­тандығы, сөз еркіндігі, керемет болған екен. Ақындар айтам деген ойларын жасырмаған. Айтыс дегеннің өзі – ат сүрінгенше, қынаптан қылыш суырғанша тыңнан ой тауып айтатын суырып салмалық өнер. Айтыстың негізгі төл болмысы осы. Осы қасиет жоғалса айтыс болмайды. Сондықтан баба өнердің осы қасиетін көздің қарашығындай сақтау қажет деп ойлаймын.
– Әрбір талантты айтыс­кер­дің өз мақамы бар. Ал қазіргі жас ақын­дар­дың дені осыған онша мән бермейтін секілді…
– Әрине, осы жайында талай аузы дуалы ағаларымыз өз ойларын айтты. Баспасөзде жазды да. Рас, бүгінгі айтыста мақамның тапшылығы қатты сезіледі. Кезінде Қо­нысбай, Есенқұл ағаларымыз бен Әсия, Әселхан апаларымыздың өз мақамдары болды. Мәселен, менің өз мақамым бар. Тіпті, бір айтыста, жас ақындардың
70-80 пайызы менің мақамымен айтысты. Сонда мен: «Елу ақын салғанда мақамыма, Атым кісінегендей елеңдеймін» деп айтқан едім. Әрбір айтыскердің шеберлігін, ақындық қуатын таразыға салғанда, өз мақамы болмаса, ол кісінің атын мініп алған секілді бір бүйірі олқысынып тұрады. Әр ақынның өз өрнегі болғанға не жетсін…
Сөзімнің соңында, елорда жұртшылығын шілде айының 6-шы жұлдызында Конгрес холда сағат 15.00-де басталатын республикалық ақындар айтысына шақырамын.

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button