Басты ақпаратМәдениет

Айтыстың ақ жауыны

Өткен демалыс күндері елорданың Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрында Amanat партиясы, Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Төрлет, еңбек адамы!» атты республикалық жылдың қорытынды «Алтын домбыра» айтысы өтті.

Жалпы 14 ақын бақ сынас­қан сөз бәйгесі екі күнге жалғасты. Сүйегіне сөз, қанына қара өлең сіңген ақындар бәйгесінің шымылдығын ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, Amanat партиясының басшысы Ерлан Қошанов сөз сөйлеп ашып, ақындарға сәттілік тілеп, өзі де көрер­мендер арасында отырып айтыс­ты тамашалады. Екі күнге созылған сөз додасының тізгінін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Аманжол Әлтай ұстады. Ал сөз зергерлерінің сөзін саралап, бағалаған әділқазылар алқасының төрағасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жүрсін Ерман болса, әр сөздің құнын шамалап бағасын берген қазылар алқасының құрамында ақын,  журналист, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, филология ғылымының докторы, профессор Қойлыбай Асанов, айтыс өнерінің ардагері, Мәдениет саласының үздігі Құдайберлі Мырзабеков, сондай-ақ айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің және мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Халиолла болды.

АЙТЫСТЫ АҚСАҚАЛ БАСТАДЫ

Айтысты ғасыр жасаған ақсақал, жүз жастағы Қасымхан Алдабергенов бастап, қасына ерткен Ислам-Әли Біржанұлы, Ершат Кәмілжан, Ерсұлтан Берікболұлы, Нөсер Айдосұлы қатарлы алды он бір, арты алты жастағы балалар қатар-қатар отырып бірінен кейін бірі жалғап жыр төккенде, халық Жамбыл Жабаев қайта тіріліп келгендей күй кешіп, қол соғудан шаршамады. «Алтын домбыраның» алғашқы айтысын Баянауыл төрінен келген Аспанбек Шұғатаев пен Сыр бойының саңлағы Мейірбек Сұлтанхан бастады. Бұл жұпқа «Ауылым – алтын бесігім» деген тақырып берілді. Екі ақын шыққаннан-ақ өздерінің мықтылығын дәлелдеп бірден айтысты бастаған Мейірбек:

…Төл өнерге төр берген ел аман ба,

Шетелдің шетке сырып мың

бір шоуын.

Айлықсыз өткізсе де айдың соңын,

Айтыссыз өткізбейтін жылдың соңын, – деп елге амандасудан бастаған ол Аспанбекке қарата:

…Қызметің құтты болсын деп айтайын,

Қасыма досым кепті мақтанатын.

Ақындар одағының Павлодарда,

Филиалын басқаратын атпал ақын.

Кеңес құрар кеңсесін облыстық,

Кітапхана ішінен тапқан ақын.

Атамыздан кейінгі сен боп тұрсың,

Есіме ел ішінде жатталатын.

Бар шаруаны кітапхана ішіндегі,

Офисінде отырып атқаратын, – дей келе Аспанбектің әйелінің мәдениет үйінің басшысы екенін алға тартып әзілдеп:

Аспанбек айтыстарға барған сайын,

Басыңа жігітсің ғой бақ қонатын.

Қатынас қағаздары жол шығыны,

Әйелінің қолымен хатталатын.

Жеке батыр қалайсың жекпе-жекке,

Жеңгемнің бұйрығымен аттанатын, – деп айтқан шумақтары елді желпінтіп тастады. Ал Мейірбекке бірден жауап берген Аспанбек алдаспан тілінен жыр суырғандай, сары майдан қыл суырғандай қып:

…Жұбайдың бұйрығымен

емес біздер,

Құдайдың бұйрығымен аттанғанбыз, – деп жауап беріп әрі қарай елдік мәселелерді кеңінен толғап, көрерменнің құлақ құрышын қандырып нағыз айтыстың үлгісін көрсетті. Бұдан бөлек, екі ақынның езуінен төгілген күміс сөздердің қатарында Мейірбектің: «Аймағыңды қазірден көтермесең, байрағыңды көтеріп кімдер шығар» деген сияқты тақырыпқа сай шумақтары ел көңілінің көкжиегінде қалықтады.

АТ ҚҰМАР, КҮРЕС ҚҰМАР ЕЛ БОЛАЙЫҚ

Ал екінші болып қапталдасып шапқан тұлпардай өнер көрсеткен ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев пен тараздық Қанат Мырзахан да халықтың ерекше ықыласына бөленді. Әсіресе Нұрболдың жалындаған жырлары мен жастыққа тән шабыты көрерменнің еріксізден таңдайын қақтырды. Бұларға берілген «Нашақорлық пен құмар ойын – ғасыр дерті» деген тақырып да өте жақсы ашылды. Нұрбол:

Болмайық ойынқұмар карта құмар,

Ол түрлі қалдырады сын мазаққа.

Айтыс құмар, жыр құмар ел

болайық,

Алашқа ақын дейтін тұлға жат па.

Ат құмар, күрес құмар ел болайық,

Мінсе де шаршамайтын бір жаз атқа.

Бабаларым қалдырған құмарлықтан,

Басқасы керек емес бұл қазаққа, – деген сияқты тапқырлығы елді сүйсінтті.

Үшінші болып сахнаға әні мен сазы келіскен қарт Маңғыстаудан келген Абай Жолмағанбет пен шырайлы Шымкенттің тумасы Нұрлан Есенқұл шығып, өздеріне берілген «Қариясын мұңайтпаған, жетімін жылатпаған ел едік» деген тақырыпты айшықтап, ашып жырлады.

КӨПШІЛІКТІ ӘЗІЛГЕ БАТЫРДЫ

Ал төртінші болып қарағандылық Дидар Қами мен Жайықтың Жансая Мусинасы айтысқа шыққанда елдің бәрі бір әзілге батарын білгендей, алдын ала алақандарын ысқылап, шапалақ соғуға дайындалып, тақымын қысып отырды. Айтысты бастаған Дидар Қами да өзінің тәжірибелі ақын екенін көрсетіп:

…Ағайын Жансаяда жаңалық бар,

Айтатын көпшілікпен бүгін досқа.

Наурызда тойым болад деген кезде,

Шаттықтан кетті көзден шығып жас та, – деп айтып бастағанда елдің бәрі Жансаядай жалғызы жар тапты деп ойлап қолын соғып шулай берді. Бірақ ұйқастың аяғын:

Қысқасы тойдан қалып

қалмаңыздар,

Батыста болғалы тұр дүбір басқа.

Үкілеген Жансая қыздарыңыз,

Үш айдан соң толады қырық жасқа, – деп аяқтағанда халықтың ішек-сілесі қатып, еріксізден қол соғып, Дидардың шебер айтыскер екендігіне сүйсініп-ақ қалды.

Ал бұларға берілген «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» атты тақырыпты аша жырлаған Жансая Мусина қазіргі қоғамда жастар арасында орын алып жатқан махр мәселесін әдемі әзілмен өріп, өзінің бойдақтығын айтып:

Біреуге бриллиант сырға,

шуба керек,

Көп қызға соны алатын махр керек.

Махр де, пахр де емес Жансаяға,

Жүрегін жаулайтын бір батыр керек, – деп көрерменді күлкіге қарқ қылды.

Жоғыңды жоқтау­ға да білім керек

 Бұлардан кейін қапталдаса шабатын қос тұлпардай болып ел алдына Алматы қаласынан келген Қазірет Бердіхан мен Шымкенттің шынары Біржан Байтуов сыйласып отырып, қазақтың жігіттерінің ынтымағы мен бірлігінің үлгісін көрсетіп, өздеріне берілген «Сапалы білім – ел болашағы» атты тақырыпты ашып, жақсы айтыс жасады. Ал астаналық Әсем Ереже мен алматылық Шұғайып Сезімхан «Ғылым таппай мақтанба» тақырыбында сөз қозап, елді ғылыммен білімге әуес болуға шақырып, арасында бір-біріне әзілдеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсемнің: «Жоғыңды жоқтау­ға да білім керек, бағыңды сақтауға да білім керек» деген сияқты тіркес­терімен Шұғайыптың: «Білімсіздің көңілі тоттанады, білімдінің көзінде от жанады. Болашағы бар елдің, кітап­ханасы көп болады»  деген сияқты сүбелі сөздері есте қалды.

Қайын аға мен келін айтысты

Бұл жолы ерекше болып көзге түскен екі ақын болса, соның бірі ұлытаулық Өміржан Көпбосыновпен айтысқан алматылық Айым Асылбекқызы болды. Айымның бас-аяғы жұмыр шумақтары көрерменді еріксізден өзіне баурап алды. Әрі бұл екі ақын қайны ағамен келін болып айтысып, қазақтың әдеп ибасы мен нәзік сыйластығын жырмен жақсы жеткізе алды. Осылайша айтулы сөз додасының бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңге 14 ақыннан 8 ақын өтті. Бұл сегіз ақын мәреге жақындаған тұлпардай елдің делебесін қоздырып, «Алтын домбыраның иесі – менмін дегендей» әрқайсысы да сайдың тасындай өлеңдерімен көрерменнің көңілінен шығуға барын салды. Астананың жұрты да алтын кермеге алқынған арғымақтарын қолдауға алақандарын аяп қалған жоқ. Ал мұндағы Дидар Қами мен Өміржан Көпбосыновтың, Шұғайып Сезімхан мен Нұрбол Жауынбайдың, Біржан Байтуов пен Әсем Ереженің, Мейірбек Сұлтанхан мен Қазірет Бердіханның, Айым Асылбекқызы мен Аспанбек Шұғатаевтың қай-қайсысының айтысы болса да тартысқа толы аламан болды.

Көрермен де өзара айтысты

Тіпті суперфиналға «ана ақын өтеді, мына ақын өту керек» деген сияқты көрермендердің арасында да өзара айтыс жүріп жатты. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл жолғы айтыста тұрпаты бөлек тұлпардай болып көзге түскен екі ақын болды. Оның бірі – Айым Асылбекқызы болса, екіншісі Нұрбол Жауынбаев. Атқан оқтай, жаққан оттай лапылдаған жастар нағыз тәуелсіз елдің ұландары екенін көрсетіп тұрғандай күй кештірді. Содан кейін сегіз ақыннан сараланып шыққан саңлақ төрт ақынды қазылар алқасы суперфиналға, яғни үшінші кезеңге шығарып берді. «Кіл жүйрікте шын жүйрік» анықталатын соңғы айналымда Дидар Қами мен Мейірбек Сұлтанхан, Нұрбол Жауынбаев пен Айым Асылбекқызы бірінен бірі озған тұлпарлардай іркес-тіркес шумақтары халықтың өзін әбігерге салып, «Алтын домбыраны кім алса әділ болмақ» деген сұрақпен мазалап қойғаны анық.

СЫР САҢЛАҒЫ ТОП ЖАРДЫ

Бірақ шешуші кезеңде шешіле шап­қан, бауыры жерге тигенше көсіле шапқан жүйріктей алдыға шығып «Алтын күн аспанының астындағы, Алтын дәні төгілген далам алтын» деп жырлап арасында елдік мәселелерді, замана ауқымын, қоғам дертін тілге тиек еткен Мейірбектің жол-көлік оқиғаларын тізбелеп келіп, халықты көлікті ақырын айдауға үндеп, ­«…еш­қайда ешуақытта асықпайық, күйген дүние күйсінші күйіп кеткір. Альфардтпен «а» нүктені бастағанның, баратын «б» нүктесі бейіт боп тұр» деген сияқты ойлы шумақтары қандай жүлде болса да лайықты екенін бірден аңғартып, ақыры 2024 жылдың «Алтын домбырасын» бабы мен бағы қатар шауып қатарластарынан балы асқан сырдың саңлағы Мейірбек Сұлтанхан иеленді. Ал екі миллиондық бірінші орынды Нұрбол Жауынбаев алып, оған айтыс ақтаңгері деген ат қоса беріліп, кеудесіне төсбелгі тағылды. Одан кейін бір миллион үш жүз мың теңгелік екінші орынды Айым Асылбекқызы алса, бір миллион теңгелік үшінші орынды Аспанбек Шұғатай, Дидар Қами, Өміржан Көпбосынов иеленді. Сондай-ақ кәсіпкер Ойрат Еркебұланұлы Өміржан Көпбосыновтың астына ат мінгізді. Ал «Көрермен көзайымы» жүлдесі ақжайықтың ақыны Жансая Мусинаға берілсе, 600 мың теңгелік арнайы жүлде Әсем Ереже, Біржан Байту, Қазірет Бердіхан, Шұғайып Сезімханға бұйырды. Қалған қатысушылардың әрқайсысына 500 мың теңгеден сыйлық үлестірілді. Ал сөз өнерінің қолдаушысы болып, бастан-аяқ ата-анасымен бірге осы айтысты тамашалаған «Q4 Auto Tulpar» автокөлік компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер Талғат Сақанұлы «Атымтай Жомарттығын» танытып, айтыстың ақсақалы Жүрсін Ерманға және Жансая Мусинаға, сонымен қатар жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан су жаңа «Алтын домбыра» иегері Мейірбек Сұлтанханға темір тұлпар, Біржан Байтуов пен Нұрбол Жауынбаевқа ат мінгізді.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button