Жаңалықтар

АЙЫМДАР АЛЬМАНАХЫ

книгаКеше Ұлттық академиялық кітапханада Астана әкімдігінің қолдауымен қазақ және орыс тілдерінде шыққан «Астана: әйел келбеті» альманахының тұсаукесері өтті. Халықаралық әйелдер күні мерекесінің қарсаңында жарық көрген бұл туынды кейіпкерлеріне тамаша тарту болды.

«Астана әйелдері: ХХІ ғасыр», «Даңқ галереясы», «Үкімет адамдары», «Елорда мақтанышы», «Табысты әйел», «Әйел – ана», «Жансерігім, жолдасым, жұлдызым», «Астана үміті» секілді тоғыз тараудан тұратын альманахта бас қалада жүріп, өмірдің сан саласында – саясат пен бизнесте, ғылым мен спортта, өнерде, оқу-ағартуда және медицинада белгілі бір жетістікке жеткен әйелдер туралы және елорданың болашақ үміттері – дарынды қарындастарымыз жөнінде баяндалады.

Тұсаукесер барысында сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты, кітап кейіпкерлерінің бірі Әсима Бимендина: «Астана менің өмірімде ерекше орын алады. Аз да болса Астананың дамуына үлес қосқаныма қуанамын» дей келе, бұл кітап арқылы өсіп келе жатқан қыздарымызды тәрбиелеуге болатынын айтып, оны шығарған ұжымға алғысын білдірді. Әйелдер қауымын мерекелерімен құттықтап, мол табыс тіледі.

Кітаптың тағы бір кейіпкері – осы өңірде дүниеге келіп, Ақмола темір жолына 35 жылдық ғұмырын арнаған «Құрметті теміржолшы» белгісінің иегері Күлән Сағымбаева әйелдер қауымына өнегелі сөздерін айтты.

Ұлттық академиялық кітапхананың директоры, жазушы Әлібек Асқаров әйелдер жайлы толғанды.

Альманахты басып шығарған «BG-PRINT» баспасының директоры Гуля Бабулова кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткен адамдар мен баспа серіктестеріне алғыс хаттар табыстады.

Кітапты шығару идеясын ұсынған жоба жетекшісі мен альманахтың бас редакторы Элита Осокина туындыны баспаға дайындау барысындағы әсерлерімен бөлісті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button