Басты ақпаратҚоғам

Айыппұл неге аяқ астынан қаптап кетті?

Қараша айы туғалы жүргізушілердің көбі телефондарына бастырмалатып жіберілген айыппұлдың астында қалды. Бұл айыппұлдардың дені шілде, тамыз айларында бұзылған жол ережесіне байланысты салынған. Әуелгі сомасынан еселеніп кеткен мұндай айыппұл бізге де келді. Түбін қуып, тексеріп көрсек, тамыздың басында жазылған айыппұл екен.

Содан бері «сізде айыппұл бар» деген ешқандай хабарлама алған жоқпыз. Телефондағы қатысты қосымшалар арқылы тексеріп көргенімізде де ешқандай айыппұл шықпаған. Тамыз, қыркүйек, қазан айларына дейін айыппұл жоқ деп көрсетіп тұрған kaspi қосымшасы да айыппұлды үш айдан кейін көрсетіп тұр.  Шынын айтайық, бұл мәселе бізге осының астарында да «айыппұлды еселеп төлетіп алу» сынды жымысқы қулық жоқ па деген ой салды. Сонымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті мен Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрап білдік.

Ең алдымен, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті біздің «Тамыз, қыркүйек, қазан айларына дейін айыппұл жоқ деп көрсетіп тұрған kaspi қосымшасы айыппұлды үш айдан кейін көрсетіп тұр» деген уәжімізді жоққа шығарып, «бұл шындыққа жанаспайды, бұл бойынша нақты фактілер болған жағдайда қосымша мәліметтерді ұсынуды сұраймыз» деп жауап қайырыпты. Өкінішке қарай, біз қараша айынан бұрын kaspi қосымшасы «айыппұл жоқ» деп көрсеткені жөнінде деректі ұсына алмадық, себебі ешкім оны дәлел ретінде көшірмесін (скриншотын) жасап сақтамағанбыз. Бірақ кім өзінде айыппұл бар екенін және оны уағында төлемесе, еселене беретінін біліп тұрып, кім үш ай бойы төлемей жүреді? 15 мың теңге айыппұлды есеп, 33000 теңге төлеу кімге керек?! Бір танысымыз 120 мың теңге айыппұл төледі, «егер уағында ескертсе, 40-50 мың теңгені сол кезде төлеп, жабатын едім» ғой деп ол да кейістік танытып жүр. Ал айыппұл жазатын органдар болса, біз айыппұлды төлеу туралы хабарламаны айыппұл иесінің телефонына жібердік деп мынадай дәйек келтіріпті:

«Жүргізуші жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл жазылса, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 723-бабының 4-1 тармағына сәйкес айыппұл төлеу қажеттігі туралы хабарлама көлік құралы меншік иесінің өзіне немесе онымен бірге тұрып жатқан кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне хат арқылы жіберіледі әрі ол жіберілгеннен кейін көлік құралы иесіне табыс етілді деп қаралады; Көлік құралының меншік иесі көрсеткен абоненттік нөміріне мәтіндік хабар жіберілген жағдайда жеткізілді деп танылады. Ол 1414 байланыс операторы арқылы жүзеге асырылады» (Жазбаша берілген жауаптағы түсініксіз сөйлемдерден ұққанымыз осы болды).

Бұл жауаптан біздің түсінгеніміз, жүргізуші жол ережесін бұзғаннан кейін айыппұл төлеу туралы хабарлама хатпен де, ұялы телефонға хабарлама арқылы да жіберіледі әрі ол жіберілгеннен кейін айыппұл төлеушіге жеткізілді деп қаралады екен. Бірақ бізге де, біздің төңірегіміздегі азаматтарға да хат арқылы хабарлама келмеген, өз басым ұялы телефонға жіберілген хабарламаны да алмадым. Алайда Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті «сізге хабарлама жіберген» деген уәж айтады. Бірақ мен алмағанымды дәлелдей алмаймын, өйткені біздің елде ұялы байланыс операторлары жеке тұлғаның ұялы телефонына жіберілген барлық хабарламалардың тізімін шығарып бермейді. Оның үстіне хабарлама жіберілген кезде байланыс аясынан тыс жерде жүрсеңіз, хабарламаны қабылдай алмай қалуыңыз да мүмкін. Олар өзінің хабарламаны алмағанын дәлелдеп, айыппұл жазушы орынды иландыруға немесе сот арқылы дәлелдеуге жүйке тозып, уақыт кететіндіктен, көбі жазылған айыппұлды төлеуге мәжбүр. Демек, айыппұл хабарламасын жеткізудің тиімсіз жолдары жүргізушілерді орынсыз шығынға ұшыратып жатқан жайы да жоқ емес.

Әрине, жүргізушілер жол ережесін бұзбай, қауіпсіздікті сақтауы шарт. Құзырлы органдардың да жол ережесін қатаң қадағалап, жол ережесін бұзғандарына айыппұл салып, ескертулер беруі орынды. Бірақ жол ережесін бұзған жүргізушілерді орынсыз шығынға ұшырату моральдық жақтан дұрыс емес, түптеп келсек, заңға да томпақ. Сондықтан құзырлы органдар айыппұл төлеу жөніндегі хабарламаны жеткізудің жолдарын әлі де жетілдіруі керек сияқты. Ал жүргізушілер жол ережесін бұзудан барынша сақтанумен қатар,  айыппұлдың еселеніп кетуінің алдын алу үшін qamqor.gov.kz ақпараттық сервисінен, egov.kz веб-порталынан немесе Kaspi қосымшасынан айыппұлдың бар-жоғын ай сайын тексеріп тұрғаны абзал. Жыл соңында еселенген айыппұлдарды төлеп отырмау үшін әр рет тексерген кезде нәтижесін ай, күнін көрсете отырып, скриншот жасап сақтап отырудың да артықтығы жоқ секілді. Жыл соңындағы топырлап келген айыппұлдар бізге осындай ой салды. Өйткені бізді айыппұлдың астарында еселеп төлету арқылы айыппұл «қоржынын» толтырудан бақай қулық жатқан жоқ па деген ой мазалай береді…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button