Руханият

Академикке құрмет көрсетті

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жаңа Қазақстандағы тіл білімі және сөзжасам мәселелері» атты халықаралық ғылыми-­практикалық конференцияcы өтті. Конференция Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлиевтің 60 жылдық мерейтойына арналды.

[smartslider3 slider=3364]

Университет проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы модератор болды. Ғылыми жиында Сенат және Мәжіліс депутаттары, Ғылым және жоғары білім минис­трлігі өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі өкілдері құттықтау лебізін білдірсе, Ұлттық ғылым академиясының мүшелері мен тілші-ғалым, профессорлар, шетелдік ғалымдар қатысып, баяндама жасады. Жиында елімізге белгілі ғалымдар және бауырлас көршілес елдердің тілші ғалымдары секцияларға топтасып, тіл ғылымының қазіргі жағдайы мен болашақ зерттеу бағыттары туралы пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ қазақ тіл білімінің жеке саласы – сөзжасамның қалыптасу мен даму барысы арнайы талқыланды.

Басқосуда академик ­К.Құрманәлиевтің «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя: теория және практика» атты кітабы таныстырылды. Монография­да тіліміздегі түрлі сөзжасам тәсілдері арқылы жасалған сөздердің бәрі туынды сөздерге жататындығы айтыла келіп, туынды сөз терминінің мәні ашылған. Сондай-ақ еңбекте сөзжасамдық ұядағы тізбектердің өрбу жолдары, тізбектердің құрамы, оның құрамындағы мүшелердің қыз­меті ғылыми түрде тиянақты сипатталған. Оқу құралының негізгі мақсаты – тіліміздегі сөздердің сөзжасамдық сыр-­сипатын, сөздердің жасалу жолдарын қалыптастыру.

– Студент сөзжасамдық ұя мәселесінің теориялық мәліметтерін сөзжасамдық талдауда өз бетімен мысалдар келтіріп, жүйелі түрде практикада қолдана білуі тиіс. Сондай-ақ студент сөзжасамның күрделі мәселесі – сөзжасамдық ұяға қатысты ғылыми бағыт, практикалық дағды ала отырып, өзінің болашақта зерттеушілік қабілетін де ұштастыра алса, құба-құп. Сол мақсатта оқу құралында сөзжасамдық ұяның заңдылықтары жайында теориялық мәліметтер берілсе, студенттердің теория­лық білімін практикада қолдана білу дағдыларын жетілдіру мақсатында практикалық блок тапсырмалары көрсетілді, – деді академик Кәрімбек ­Құрманәлиев.

Оқу құралы жоғары оқу орындарының филология факультеттерінің студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға арналған.

Ғылыми іс-шара аясында «Тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіру орталығы» қоғамдық ұйымы құрылды. Ұйым төрағалығына академик Кәрімбек Құрманалиев сайланды. Орынбасары ретінде профессорлар Анар Салқынбай, Жаңалық Балтабаева және Қалбике Есенова бекітілді. Ұйым­ның негізгі мақсаты – лингвистика мен филология саласы бойынша еліміздегі докторлық диссертациялық кеңестерге ұсынылатын жұмыстардың қайталанбауын, сала бойынша басым бағыттарды зерттеп, диссертациялық тақырыптар таңдауды үйлестіруді көздейді. Бұл жұмыстар академик Шора Сарыбаевтың концепциясын негізге ала отырып жасалады.

Жиын соңында университет ректоры, ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов мерейтой иесіне Ұлттық ғылым академиясының «Құрмет грамотасы» мен университеттің «Күлтегін» медалін тапсырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button