Ел тынысы

Академияға мемлекеттік мәртебе беріледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығымен құттықтап, мекемеге мемлекеттік мәртебе берілетінін мәлімдеді. Президент отандық ғылымда түйткілді мәселелер әлі де жеткілікті екеніне тоқталып, оларды кезең-кезеңімен шешу үшін академия­ның мәртебесін өзгерту, университеттердің ғылыми әлеуетін күшейту, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау жүйесін жетілдіру, ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуды тиімді жоспарлау сияқты басымдықтарға назар аудару қажет екенін атап өтті.

[smartslider3 slider=3134]

Президент академияның мәртебесін өзгерту мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Бұл құрылымның 20 жыл бойы ғылымды басқару ісінен тыс қалғанын атап өтіп, оның қыз­меті әлемдік тәжірибеге сай жүргізілуі керек екенін айтты.

«Бұл құрылым ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуға тиіс. Сондай-ақ сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек. Қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз. Оның қазір атқарып отырған қызметінен басқа да міндеттерін нақты белгілеу қажет. Атап айтқанда, ғылыми басымдықтарды дәл осы құрылым айқындауы керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыреті де академияға берілгені жөн деп санайды. Сондай-ақ ғылымға адалдық мәселесіне баса назар аударды.

«Қазір қоғамда құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетіндердің бар екені жасырын емес. Бұл жағымсыз үрдіске айналып барады. Олар, шын мәнінде, ғылыми атаққа ие болғанымен, ғылым жолын жалғастырмайды. Соның кесірінен мемлекеттің қаншама қаражаты босқа кетеді. Бұған біржола тосқауыл қоятын кез келді. Біз ғылымға шынайы берілген азаматтарды ғана қолдауымыз қажет. Оның жолдарын жан-жақты ойлас­тырған жөн» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев академияға лайықты тұлғалар ғана ашық әрі әділ сайлануы қажет екеніне тоқталып, бұл мекеменің қызметін қазіргі заманғы талаптарға сәйкес­тендіріп, түбегейлі өзгерту керектігін жеткізді.

Мемлекет басшысы ғылымның ұлттық экономикаға қосатын үлесін көбейтіп қана қоймай, оның әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдастығын күшейткен жөн деп есептейді.

Жиын соңында Президент бірқатар ғалымды мемлекеттік наградамен марапаттады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button