Акцияға белсене атсалысты
Астана қаласы мәслихатының депутаттары «Мектепке жол» республикалық акциясына белсене қатысуда. Жаңа оқу жылы қарсаңында мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов бастаған депутаттар №8 мектеп-лицейге барып, оқу жылының соңына дейін жететін барлық керек-жарағы бар 40 рюкзакты салтанатты түрде сыйға тартты.
«Акцияны басынан бастап елорда әкімдіктерінің қызметкерлері, Amanat партиясының мүшелері, кәсіпкерлер мен қала тұрғындары белсене қолдады. Бүгінгі таңда 3 мыңға жуық оқушы рюкзак алды. 30 қыркүйекке дейін жалғасатын акция аясында 8 мың оқушыны қамту жоспарлануда» деді Ерлан Каналимов.
***
Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Достық үйінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Салтанатты рәсімге Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов қатысып, қолдау көрсеткен жандарға алғыс білдірді.
«Елорда тұрғындарымен бірге жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясының куәгері болып отырмыз. Бұл акция Астана қаласының Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен өтіп жатыр. Балаларға мектепке қажетті барлық құрал-жабдық беріледі. Осы орайда акцияға атсалысып, көмек көрсеткен қалалық Қазақстан халқы ассамблеясына және демеушілерге алғысымды білдіремін» деді басқарма басшысы.
Астана қаласы ҚХА төрағасының орынбасары Әміржан Әлпейісов елордалық этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен аналар кеңесінің, «Жомарт жан» орталығының қолдауымен өткен бұл іс-шараның негізгі мақсаты әлеуметтік қолдауға мұқтаж көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық алдында материалдық көмек көрсету екенін атап өтті.
Іс-шара барысында ұйымдастырушылар балалардың назарына қызықты ойын-сауық бағдарлама ұсынды. Сонымен қатар 200-ден астам бала мектеп сөмкесімен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Материалдық көмектің жалпы сомасы – 4 млн теңге.