Мәдениет

Әкемнің есімі ұзақ сақталса деймін…

Жыл сайын Қала күні мерекесінде елордада «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк фестивалі өтеді. Биыл бұл байқау 12-мәрте байрағын көтерді. Сол қызықты думанға «әлемнің ең таңдаулы әзілкеші» атанған Чарли Чаплиннің баласы, 65 жастағы Юджин Чаплин қонақ болып келді. Бұл кісі қазір Халықаралық киноакадемия фестивалінің президенті, цирк фестивальдерінің креативті директоры, белгілі дыбыс режиссері және продюсер болып қызмет атқарады. Біз осы мәдени шара аясында әйгілі тұлғаның ұлымен кездесіп, аз-кем әңгімелескен едік.

Юджин ЧАПЛИН, Халықаралық киноакадемия фестивалінің президенті

– Юджин мырза, сіздің әкеңіздің өнерін жұртшылық жақсы біледі. Ол кісі өмірде қандай адам болды?
– Әкем туралы көп дүние айтуға болады. Мен үшін оның орны бөлек. Әкем өмірде адамдарды өте жақсы көрді. Әсіресе талантты жандарды ерекше қадірледі. Мысалы, ол атақты ғалым Альберт Эйнштейнмен кездескен. Әкем, негізі, адамның миы қалай жұмыс істейтіндігіне таңғалатын. Ол өзі «адамның басты құралы – миы» деп айтатын. Және өзі өнер адамы болғандықтан жан дүниесі өте нәзік еді. Әлемде қандай бір апаттар, жағымсыз оқиғалар болып жатса, соны уайымдап, мазасызданып отыратын.
– Кейде атақты адамдардың балалары әкесінің жолын қуып, даңқын асырып жатады. Сізде ондай ой болған жоқ па?
– Шынымды айтсам, менде әкемнің жолын қуып, актер болайын деген ой болған емес. Бірақ маған ол «қандай мамандықты таңдасаң да өз ісіңнің шебері бол» деген нақылды жиі айтатын. Бүгінде әкем тұрған үй үлкен музейге айналды. Оған келушілер көп. Әкем тұтынған жәдігерлерді көзімен көріп, өмір жолымен танысып, таңғалып жатады. Қазір осы мұражайға бас-көз болып отырмын. Жалпы, мен өнер жолынан алыс емеспін. Сол салада қызмет істеймін. Биыл әкемнің туғанына 130 жыл толды. Ол кісі 1977 жылы 88 жасында дүние салды. Одан бері де қырық жылдан астам уақыт өтті. Сонда да Қазақстанда әкемнің өнерін құрметтейтіндер көп екен. Мен осыған риза болдым.


– Сізді цирк өнерімен не байланыстырады?
– Бұл өнерді өмірімнің бір арнасы деп білемін. Сондықтан оны жақсы көремін. Оны кино саласының жалғасы деп айтуға болады. Сахнадағы цирк әртістерінің шеберлігіне қалай тәнті болмайсыз?! Бұдан бөлек, музыкалық индустриямен айналысамын. Шоу-бағдарламалармен шұғылданамын.
– Өмірде нені жоғары бағалайсыз?
– Менің жан дүнием оптимизмге жақын. Қолымнан келгенше қуанып жүруге тырысамын. Жарық дүниеде маған отбасымнан, балаларымнан, жұмысымнан қымбат ешнәрсе жоқ. Бір сөзбен бақыттымын деп айта аламын.
– Қандай арманыңыз бар?
– Адамдар арманды арғымаққа теңеп жатады. Сонда да өзім бастаған жобаларымды соңына дейін аяқтасам деймін. Қазір үнемі ойымнан бір жоба шықпай жүр. Мысалы, ғимаратқа кешкі ас ішуге келген адамдарға өткен ғасыр­дың 20-жылдарындағы шоу-­бағдарламаларды көрсеткім келеді. Шынымен де, бұл өте қызықты бағдарлама болар еді. Сондай-ақ әкемнің өнегелі ісін одан әрі жалғап, оның есімі халықтың жүрегінде ұзақ сақталса деп армандаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button