Басты ақпарат

ӘКІМ БОЛУ – ХАЛҚЫНА ЖАҚЫН БОЛУ

Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен барлық деңгей­дегі әкімдердің кеңейтілген мәжілісі өтті.

Бұл облыс, қала, аудан тізгінін ұстаған шенділерге әкім болудың басты мұраты – халқына жақын болу екендігін тағы бір естеріне түсірген жиын болды.

«Сіздердің жетістіктеріңіз бен табыстарыңызға ешқандай дауым жоқ. Бірақ, солай екен деп, тоқ­мейіл­сіп кетуге тағы болмайды. Өйткені, біздің мой­ны­мызға елдің әл-ауқаты мен тағдырына байланысты үлкен жауапкершілік жүктелген» деді Президент сөз басында.

Алайда, әкімқаралардың арасында арқалаған жауап­­кершілігіне атүсті қарайтындар аз емес сияқты.

Мемлекет басшысының сайтына келіп түскен хат­тар­дың дені шенеуніктердің шаруаны шешуге кел­ген­де сөзбұйдалыққа, енжарлыққа салынуына қатысты жазылады екен.

Жең ұшынан жалғасатын «командалық ауысу» тәжі­ри­бесін Президент бұл жолы да қатаң сынға алды. «Бізде министр, әкім өзгерсе, артынша сапырылыс­қан ауысулар басталады.

Дүниежүзінде мұндай тәртіп жоқ» деді ол.

Аудан және қала әкімдерінің мемлекеттік органдарда жұмыс өтілінің болуын, мансап жолында сатылап кө­те­рілу керектігін баса айтты. Сонымен қатар, министр­лер мен әкімдер кадрлық мәселелермен, орта­­лық­­тан алынатын қаржыны бөлумен емес, сала­лық сая­сат пен өңір­ді дамыту мәселелерімен айналысуы керек­тігін тапсырды.

Білім, денсаулық салаларындағы қағазбастылықтың тым шектен шығып бара жатқандығына тоқталды.

Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің бір департаментіне өзге өңірлер есеп-қисаптың 300 түрін өткізеді екен. Ал, мұғалімдер аталған құжаттарды дайын­дауға бір жарым, екі ай уақыттарын сарп етеді. Сала министрі Бақытжан Жұмағұлов «Жиырма жыл­дан бері қалып­тасып қалған қағазбастылық қой» деген уәж­бен оңай құтыл­ғысы келген. Алайда, Мемлекет бас­шысы: «Егер ұстаз уақытының үштен бірін қағаз тол­тыруға жұмсайтын болса, онда баланы кім оқы­тады? Қағаз­бас­тылықтан арылып, электронды үкі­метке кө­шуді қолға алу қажет» деген нақты тапсырма берді.

Сондай-ақ, кей өңірлердің жергілікті мерекелер мен ме­рейтойларды ретсіз атап өтіп, қаржыны ысырап ететіндігін сын тезіне алды.

Жиында қалғып отырған бірді-екілі әкім болмаса, қатысушылардың дені Мемлекет басшысымен болған бұл кездесуден алдағы уақытта халық игілігі үшін атқаруға тиіс шаруаларының бағыт-бағдарын анықтап шыққандай болды.

Шынар ДОСАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button