Мәдениет

ӘКІМ КУБОГЫ ӘНЕЛДЕ

Мереке күндері Астана қаласы әкімінің кубогы сарапқа салынған «Бәрі де ән шырқайды» атты караоке чемпионатының ақтық сыны өтті.

????????????????????????????????????

«Бәрі де ән шырқайды» конкурсы елорда күніне орай осымен екінші рет ұйымдастырылды. Жобаның идеясы да кездейсоқ туған көрінеді. Байқаудың қоюшы режиссері Бақытжан Тажинов: «Шығармашылық орта болған соң, достармен караокеге жиі барамыз. Неше түрлі дауыстарды естиміз. Жанды дауыста әнді шын жүрегімен әдемі жеткізе білетіндер көп кездеседі. Осы дарындардың басын біріктіріп, үлкен сахнаға шығарсақ деп ойладым» дейді. Мұндай ұсынысты қала әкімдігі бірауыздан қолдаған. Былтыр чемпионат өнерсүйер қауым арасында жылы қабылданып, осы жылы қатысуға ниет білдірушілер қатары едәуір көбейіпті.
Байқау шарты бойынша чем­пионатқа 16-75 жас аралы­ғын­дағы өнерпаздар қатыса алады. Басқа байқаулардан ерек­ше­лігі, бұл жерде кәсіби, әуесқой ән­шілерді бөлек бағалайды. «Алау», «Сазды жүрек» және «ЖасStar» тобы құрыл­ған. Соң­ғысы музыкалық білімі бар 30-ға дейінгі әншілерді қамтиды. Бір қызығы, жүлдеден үміттілердің ең үлкені – 65 жас­тағы әже болып шықты.
15 мамырда өткен кастингке 250-ге жуық үміткер қатысып, 60 адам іріктелген болатын. Екінші кезеңде 15 әнші байқау­мен қош айтысты. Қалғаны бірнеше апта ұстаздардан вокал бойынша сабақ алып, сахна шеберлігін үйренді.
Ширек финалда өнерпаздар дуэт құрып, балаларға арналған әндерді шырқады. Ал, ақтық сында жеке дауыста өнерлерін көрсетті. Олардың қабілетін білікті мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады. Нәти­жесінде бас жүлде 17 жастағы астаналық бойжеткен Әнел Смайыловаға бұйырды.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button