Басты ақпаратСұхбат

Альбионнан Алматтың алмағы бар

Енді бір айдан кейін Лондонда жазғы Олимпиада ойындарының жалауы желбірейді. Әлемдегі ең үздік сайыпқырандары сайысқа түседі. Төрт жылда бір рет өтетін дүбірлі додаға Қазақстан спортшылары да қызу дайындалып жатыр.

Ел намысын қорғайтын ұлттық құраманың сапында елордалық спортшылар да бар. Соның бірі – грек-рим күресінің шебері, астаналық Алмат Кебісбаев. Мектеп қабырғасын аттаған сәттен боз кілемге арбалған дарынды бала 2001 жылы Астана қаласындағы Қажымұқан атындағы республикалық спорт мектеп-интернатына қабылданады. Бапкері Мейірхан Рахметов өз шәкіртінің табиғи таланты мен еңбекқорлығына зор сеніммен қарап, ерінбей жаттыға берсе, әлемдік жарыстарда ел намысын қорғайтын балуан болып өсетініне үмітпен қарайтын еді.

Білікті бапкердің үміті де, сенімі де алданған жоқ. Алмат Кебісбаев жасөспірімдер мен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында бірнеше рет қатарынан жеңімпаз атанып, өзінің ұлттық құрамаға да лайықты спортшы екенін дәлелдей түсті. Соңғы үш-төрт жылда өз салмағында қарсылас шақ келтірмейтіндей болды.

2009 жылы Азия чемпионатында күміс медаль алса, 2011 жылғы құрлық біріншілігінде алтын жүлдегер атанды. Кіші әлем чемпионатына баланатын Иван Поддубныйдың Гран-при турнирінде жеңімпаз болып, қазақ күресінің әлеуетін әлемге тағы бір дәлелдеп көрсеткені есімізде. Одан кейін тұңғыш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатында бағын сынап, қола жүлдемен оралды. 2011 жыл Алмат үшін ең сындарлы жыл болғаны анық. Олай дейтініміз, барлық спорт түрлері бойынша Лондон олимпиадасына іріктеу жарыстары өтіп, нағыз мықтылар өз елдерінің намысын қорғау бақытына ие болып жатты.

Осындай шешуші жарыс астаналық Алмат Кебісбаев үшін Түркияда өткен әлем чемпионаты болды. Әлемнің кіл мықтылары күш сынасқан чемпионатқа астаналық ерекше дайындалып келгені айқын еді. Ол финалға дейінгі төрт қарсыласын бет қаратпай ұтты. Алайда ең соңғы белдесуде Иран балуаны Омид Наурузиге жол беріп қойды.

Сөйтіп, Алмат екі рет қатарынан әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Ал Стамбұлда өткен жарыстың қорытындысында Алмат Кебісбаев Лондон олимпиадасына лицензия алды.

Алматтың Лондондағы белдесуі 6 тамыз күні өтетін болады. Осы күн астаналық балуан үшін сәтті болуын тілеп, Қазақстан туы жүлдегерлер қатарынан көрінеді деп үмітпен қараймыз.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button