Басты ақпаратЕл тынысы

Алаңдағы арпалыс

17-18 желтоқсан күндері Брежнев алаңындағы қан майданды КСРО ІІМ Ішкі әскерлер бастығының бірінші орынбасары Дубиняк пен КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары Елисев басқарды. Жергілікті күштік құрылымдардың іс-әрекетін ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Назарбаев пен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, генерал-майор Басаров қадағалап отырды (министр Князов болса қулыққа басып, сылтауратып ауруханада жатты).

Шығыс транспорттағы iшкi әскер бастығының орын­басары, генерал-майор Н.Куликов (шығыс бағытты), Алматы қалалық ІІБ бастығының орынбасары полковник К.Мусин (батыс бағытты), ҚазКСР Ішкі істер министрінің орынбасары Б.Коряковцев (солтүстік бағытты) толық бақылауға алып, шерушілерге оқтын-оқтын шабуыл жасап отырды.

Марат ТОҚҚОЖИН,
№7552 әскери бөлімнің
взвод командирі:
«От ударов дубинками, палками, саперными лопатками люди падали замертво. Я увидел более 100 человек, разбросанных по всей площади и лежащих окровавленных без движения. За нами следом шли, бежали и другие военнослужащие, которые добивали лежащих людей. После побитых людей погрузили в машины и увезли».

Ақмарал ҚАНТӨРЕЕВА,
Алматы облысы Сарыөзек
ауылындағы аурухананың
дәрігері:
«Мен 17 желтоқсан күні Алматыға қыдырып келіп, сіңілім Балкен екеуміз алаңда не болып жатқанын көру үшін сағат 21:30 мөлшерінде Байсейітова көшесі жағынан келдік. Кенет бізге қарай солдаттар лап қойды. Қолдарында қалқан мен сапер күректері. Бір дәу солдат жанымызда жайбарақат тұрған қызды күректің қырымен басынан дәлдеп ұрды. Қыз құлап түсті. Мен «Я медик! Я медик!» деп айқай салып, жүгіріп бардым. Балкен екеу­міз қызды шетке шығарып, үй қабырғасына сүйеп отырғыз­дық. Бірақ күре тамырдан қаны атқылап тұрған бейшара қыз бірден жантәсілім етіпті. Мен жақын жерде тұрған офицерге болған жағдайды айтып едім, ол жалт қарады да: «Ладно, мы сами разберемся! Вы все, идите отсюда!» деп бізді қуып жіберді. Артыма қарасам, еңгезердей екі солдат қыз­ды дырылдатып сүйреп бара жатыр екен…».

Александр ВОЛКОВ,
№7552 бөлімнің
прапорщигі, қару-жарақ
жөніндегі техник:
«1986 жылдың 21 желтоқсанында Орта Азия және Қазақстан бойынша Ішкі істер басқармасында өткен жиында Ішкі істер басқармасы оперативті бөлімнің қызметкері, полковник Щербатов 168 адамның қайтыс болғанын хабарлады. Оның 8-і – әскерилер, 4-уі – шекарашы-курсанттар, 1-еуі – Алматы милиция гарнизонынан. Қалғаны – демонстранттар…».
Желтоқсан көтерілісін зерт­теу жөніндегі комиссия­ға жазған түсініктемесінен ке­йін прапорщик А.Волков Владикавказ әскери округы жақтағы бір бөлімге шұғыл ауыстырылды. Оның айтқандарын анықтау мүмкін болмады.
Комиссия жинаған дәрiгерлiк анықтамалардан: «У пострадавших демонстрантов имеются резано-рубленные раны. Пострадало 528 сотрудников МВД и военнослужащих; из них госпитализированы 161 чел. (сотрудники МВД – 93, воен­нослужащие – 68). Гражданских лиц пострадало 437, из них 129 госпитализированы».
Кейінірек анықталғандай, зардап шеккендердің қатары тергеу органдарындағы ресми көрсеткiштен 465 адамға артық болып шықты. Әртүрлi дәрежеде жарақат алған 1233 адам ауруханаға түсті. 17 адам ауыр жағдайда, 3 адам ауыр халде жеткізілді, үшеуі де қайтыс болды.

Г.БАЛАНОВСКАЯ,
жедел жәрдем фельдшері:
«Мен 17 желтоқсанда алаң­да сағ. 18-ден 24-ке дейін кезекшілікте болдым. Жаралан­ғандар қатары өте көп еді. Әсіресе қыздардың қарасы мол болатын. Барлығы да жердегі қардың үстінде сұлап жатты. Ес-түссіз жатқан екі қыздың халі тым ауыр еді. Олардың қайда жіберілгенін анық білмеймін. Жалаңдаған солдаттар жүздеген адамды автобустарға тиеп, сыймағанын жүк машиналарына лақтырып, әкетіп жатты».
Ләйлә ҚҰСПАНОВА, куәгер:
«Көңілімізде бөтен ой жоқ, кешке таяу алаңда не болып жатқанын өз көзімізбен көру үшін сіңіліміз екеуміз келіп, бір шетте қарап тұрдық. Қарақұрым адам. Әскер де көп. Бізге қарап, қолдарындағы дубинкаларын, сапер күректерін көтеріп, сес көрсетіп қояды. Кенет екі қанатта тұрған милиционерлер бізге қарай лап қойды. Мұны күтпеген біз қашып үлгере алмай қалдық. Бетімізге, ішімізге, бүкіл денемізге ауыр соққылар тиіп жатыр. Етік пе, дубинка ма, айырудан қалдық. Бір кезде есімді жисам, алаңда қар үстінде жатыр екем. Қасымда сіңілім жылап отыр. Айналамыз толған жаралылар. Жылап-сықтап көмек сұрағандарды естігенде, төбе құйқаң шымырлайды. Алдында ГАИ, соңында мотоатқыштар ілес­кен жүздеген автобус пен жүк машинасы жастарды Қасқелең бағытындағы құм карьеріне, біразы Қапшағай мен Медеу шатқалына апарып төккенінен былайғы жұрт хабарсыз еді. Оңбай таяқ жеген қыз-жігіттер жаяу-жалпылап, жартылай жалаңаш, қысқы аязды түнде қалаға әрең жеттік…».

Ирина МЕНЬШИКОВА,
жедел жәрдем
ауруханасының дәрігері:
«17 желтоқасан күні №2 қалалық ауруханада түнгі кезекшілікте отырғанымда, шамамен жиырма жастағы қазақ жігітін әкелді. Оған алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілмеді. Себебі бірінші кезекте милиция мен әскерилерді емдеу бұйырылды. Нейротрамватология бөлімінің меңгерушісі Рославцев ертеңінде ол жігіттің қайтыс болғанын айтты. Ал 21 желтоқсанда ауыр жаралы тағы бір қыз қайтыс болды. Кейін не болғанынан хабарсызбын. Олар туралы мәліметті аға медсестра Валентина Ивановна ғана білетін».

С.БИЕКЕНОВА,
№4 қалалық емхана
медбикесі:
«Коленяев деген врач қазақтың қыздары мен жігіттерін мүлде қабылдамауды тапсырды және өзі қатаң қадағалап жүрді. Ал қазақтар тіркелген жағдайда, оны бірден МҚК-ға хабарлайтын».
Ауруханаға түсіп тұрып, дұ­рыс ем қабылдамастан ауылдарына барып, кейінірек көз жұмған адамдардың барлығы да Желтоқсан құрбандарының ресми санатына енбеген.
Бұл арада емдеу мекемелерінде көптеген бұрмалау­шылық орын алғаны, түпнұсқа құжаттарды МҚК мен тергеу органдары алып кеткені кейінірек анықталды.
«Председателю Комиссии по декабрьским событиям.
Довожу до Вашего сведения, что у 26 больных с черепно-мозговыми травмами не найдены истории болезни, так как были изъяты органами МВД и КГБ.
Глав. врач 2-ой городской больницы
Х.Е.Гашибаев».

НӨМIРI ЖОҚ
58 БЕЛГIСIЗ МОЛА
Комиссия мүшелерi Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Прези­диумына жүз беттен тұратын қорытындымен бiрге, оқиғадан соң пайда болған «Батыс» бейiтi туралы анықтама тапсыр­ған болатын. Онда 1986 жылғы 1 желтоқсаннан 1987 жылдың 31 желтоқсанына дейiнгi аралықта iздеушiсiз жерленген 131 мәйiт­тiң 58-інiң басында ешқандай нөмiр, белгi қойылмағаны айтылады.
«Тiлшi: – Мүмкiн, ол жерленген адамдар соттың үкiмiмен атылғандар шығар?
М.Шаханов: – Республика Жоғарғы сотына сұрау салып, бұл мәселенiң мән-жайын анықтауды да сұрадық. 1986 жылғы желтоқсаннан 1987 жылғы желтоқсанның аяғына дейiн ату жазасына кесiлген адамдардың бiрде-бiрiнiң үкiмi орындалмаған» («Ленинская смена», 02.11.1990 жыл).
Бұл сұрақтардың басы әлi де ашық қалып отыр.

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ
«Алматы. 1986 жыл»
кітабынан

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button