Қала мен Сала

Алақанның жылуы сіңген

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Астананың шағын бизнестегі үлесі 75 пайыз­ды құрады. Бұл көрсеткішке қол жеткізуде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның әсері мол. Жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттен грант алып, жеке кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі – «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясының жеңімпазы, әлеуметтік кәсіпкер Галина Шенберг.

«Шенберг» шеберханасы Есілдің оң жағалауындағы Мұхтар Әуезов көшесінде орналасқан. Оның иесі осыдан 3 жыл бұрын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында өзінің бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттен 5 млн теңге грант ұтып алып, қайтарымсыз қаржыға өз шеберханасын ашады. Сол уақыттан бері ол APOLI сауда маркасымен балаларда аллергия тудырмайтын табиғи ойыншықтар тігумен айналысып келеді. Бұл мекеме былтыр қалалық «Үздік тауарлар» конкурсында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша 2-орынды жеңіп алған болатын.

Табиғи материалдардан жасалған әрі балаларда аллергия тудырмайтын экологиялық таза ойыншықтар бүгінде сұранысқа ие. Алақанның жылуы сіңген дүниелерді көпшіліктің жоғары бағалайтыны белгілі. Қолдан тоқылып, тігілген заттардың бағасы да арзан болмайды. Дегенмен көп ата-ана балаларына табиғи жіптен тоқылған жұмсақ ойыншықтарды сатып алғанды жөн санайды. Жеке кәсіпкер Галина Шенберг дәл осындай тауарларды нарыққа шығарумен айналысып келеді.

Тұңғыш қызы дүниеге келгенге дейін ол кәсіп ашу туралы мүлде ойланбаған. Тек бүлдіршініне ойыншықтар сатып ала бастағанда ғана оның құрамына, неден жасалғанына, сәби денсаулығына қаншалықты зиян деген секілді мәселелерге жіті мән бере бастайды. Сөйтіп, балапанына қажетті ойыншықтарды өз қолымен жасауға кіріседі.

– Баламның түнімен құшақтап жататын, күндіз аузына салатын, кейде тіпті тістейтін, ұзақ күнге қасында болатын ойыншығы неден жасалады деген ой маған көпке дейін маза бермеді. Содан дүкендерден экологиялық таза ойыншықтар іздей бастадым. Астанада ондай ойыншықтар жоқтың қасы. Ақыры, осы ой мені жеке кәсіп ашуға жетеледі. Дәл сол кезде бала күтіміндегі демалыста болғандықтан, алдымен ойыншықтарды өз қолыммен тігіп, тоқи бастадым. Аллергия тудырмайтын материалдарды пайдаланып, мақтадан иірілген, жіппен тоқылған алғашқы ойын­шықтарым бүкіл Қазақстан бойынша тұрғындардың сұранысына ие болды. Бірінен-бірі естіп, көріп, іздеп келіп, тіпті шетелдегі таныстары мен туыстарының балаларына сыйлыққа алу үшін тапсырыс берушілер көбейді. Сол кезде бұл тауарлардың Қазақстан нарығында қажет екенін түсіндім, – деді Галина Шенберг.

Бүгінде жеке кәсіпкердің шеберханасынан шыққан ақбөкен, түйе, фламинго, қар барысы, бүркіт секілді қазақстандық Қызыл кітапқа енген жануарлармен бірге, елік, пингвин, керік, қоян бейнесіндегі жұмсақ қолөнер бұйымдарын жаңа туған нәрестелерден бастап жасөспірімдерге дейін қуана пайдаланады.

Кәсіпкердің айтуынша, өндіріс үшін Ресей мен Түркиядан әкелінген мақта және зығырдан жасалған маталар, түрік, америкалық және кореялық иірілген жіптер, ал толтырғыш ретінде гипоаллергенді холлофайбер ғана қолданылады. Пайдаланылатын барлық материал сапа және қауіпсіздік бойынша зертханалық зерттеулерден өткен және ЕАС-тың сәйкестік сертификаты бар. Бір кереметі, бұл ойыншықтарды кір машинасында оп-оңай жууға болады.

– Бастапқыда ойыншықтар тек әлеуметтік желілердегі ­аккаунт арқылы сатылды. Қазіргі кезде балалар тауарлары саласындағы серіктестердің үш дүкенімен, гүл салондарымен және т. б. ынтымақтастық жасалды. Бүгінгі таңда біз белгілі бір критерийлерді ескере отырып, серіктестерді мұқият таңдаймыз. Сондай-ақ біз 2021 жылдан кәдесый өнімдерін жасаумен, дүкен терезелерін безендірумен де айналысып келеміз. Сол жылы Kaspi, Lamoda маркетплейстерінің платформалары арқылы Қазақстан аумағында өнімді сату бойынша ынтымақтастық жасалды. 2022 жылдың наурыз айында Global Nomads Fashion Awards байқауына қатысып, ұсынылған «Қазақстанның ассоциативті жануарлары» жұмсақ ойыншықтар топтамасы үшін «аксессуарлар мен кәдесыйлар» номинациясы бойынша жартылай финалист дипломын жеңіп алдық, – деді кәсіпкер.

Қазіргі таңда Галина Шенберг 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың 3-еуі тоқыма тоқу ісі бойынша шебер болып жұмыс істейді.

– Өзіміз өндіретін өнімнің түріне, матасына, идеясына айрықша мән береміз. Бұл ретте бүлдіршіндердің де пікірін ескерусіз қалдырмаймыз. Мәселен, бір кішкентай айдаһарды да­йындау барысында аулаға шығып, кішкентай тұрғындардың ойын тыңдаған кездерім болды. Нәтижесінде бұл ойыншық түрінің 4 нұсқасы әзірленді. Жалпы менің мақсатым – сапаны сақтау. Ал сапалы материал өзіндік құнға әсер етеді. Бірақ ойыншық сатылып, иесін қуантқан сәттегі әсер мүлде өзгеше. Сондықтан да біздің шеберханада әр ойыншық ерекше ықыласпен жасалады. Өйткені олар иесіне тек қуаныш сыйлауы керек, – деді шебер.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button