Әлеумет

Алаш ардақтысы ұлықталды

№48 Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-лицейде ұлт ұстазының 150 жылдығына арналған «Білімнің атасы – Ахмет» атты рухани-мәдени кеш өтті. Нұр-Сұлтан қаласының ішкі саясат басқармасы және білім беру басқармасы, қалалық ардагерлер кеңесі ұйытқы болған іс-шараға ардагерлер мен жастар, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мустафин сөз алып:

– Биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерей­тойы халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО аясында атап өтіледі. Нұр-Сұлтан қаласында ұлт ұстазын ұлықтайтын 300-ге жуық іс-шара жоспарланса, соның бірі – №48 мектеп-лицейінде музей ашылды. Тағы бір қуанышты жаңалық, Ахмет Байтұрсынұлына берілген көшеде ескерткіш бой көтеретін болады, – деді.

Ал, әдебиеттанушы, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы тұлғаның тарихтағы орнын саралады. Ғалымның сөзінше, Ахмет Байтұрсынұлы ұлттық оқу-жазу жүйесінің реформаторы. Ол ұлттың дыбыстық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін негізге алып, төл әліпбині енгізеді, ұлттық білім берудің негізін қалап, оқулықтар жазады.

Кешегі көрнекті ғалым, алаш қозғалысының қайраткері Ахметтің арманы қазақ қоғамында оқу-білім арқылы әділеттілік орнату болса, бүгінгі бала Ахмет-Мырзаның арманы оқу, іздену арқылы елге қызмет ету. Алты жастағы зейінді де зерек өспірім Абай мен Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін жатқа біледі екен. Одан бөлек Алпамыс батыр жырын жатқа оқып, елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың тұғыры болған Конституцияның кіріспесін жаттап алыпты.

Конституция күні қарсаңында өткен іс-шарада вундеркинд Ахмет-Мырза Конституцияның мән-маңызын айтып, Президенттің антын жатқа айтып берді.

Талапты балаға мектеп-лицейдің директоры Зәуре Садыкова ақжол тіліп, Әліппе мен Абайдың өлеңдері кітабын сыйға берді.

Велосаяхатшы Ернат Қашқынов Торғай өңірінен жолға шығып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көшелер мен ескерткіші бар қалаларға арнайы барып, Станбұл қаласында аяқтайды. «Абай арқылы ағылшынша үйрен», «Ғылым тап», «Толық адам және төрт даму» жобаларының авторы ретінде белгілі журналист осылайша Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы үлес қоспақ.

– Бүгінгі іс-шараның мақсаты – тарихи тұлғалардың тағылымын дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту және жастарға білімді, білікті, белсенді болудың парқын түсіндіру, – деді қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Салтанат Меңлібаева.

Нұрлат Байгенже

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button