Басты ақпарат

Алаш арыстарын емдеген

ХХ ғасырдың басында Ресей империя­сының боданына айналған тұтас бір ұлттың мүддесі үшін, қазақ халқы кеңес өкіметінің мәңгілік езгісінде қалмасын деп, қараңғыда қалған халықтың қамын ойлап, өз алдына дербес мемлекет болуы үшін Алаш арыстары қасық қаны қалғанша арпалысты. Азаттық жолында күреске бел буған, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы туған Торғай өңірінде олардың идеясын қолдап, Ахметсапа Юсупов, Ахмет, Ғазымбек Бірімжанов, Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар сияқты жерлестері «Алаш» ісіне белсене араласты. Осы Торғай өңірінен шыққан Алаш азаматтарының қатарында Әбубәкір Алдияровтың да болғандығы ақиқат. Әбубәкір Алдияр – қазақ халқының бостандығы мен азаттығы жолында елеулі еңбек етіп, басын бәйгеге тіккен күрескер тұлға.

[smartslider3 slider=1887]

 Әбубәкір Алдиярдың оқу жолы

Әбубәкір Бермұхаммедұлы Алдияр 1881 жылы Торғай облысы Қостанай уезі, Сарыой болысында дүниеге келген. Әкесі Бермұхаммед революцияға дейін отыз жыл Шұбар болысын басқарған. Б.Алдияр 1913 жылы жазда Романовтар әулетінің патша тағына отыруының үш жүз жылдық тойына қатысып, орысша сөз сөйлеп, Николай ІІ-нің қолынан алтын медаль алып, арқасына зерлі шапан жамылған. Бермұхаммед ұлын алдымен орыс білімін үйренсін деп, Ы.Алтынсарин ұйымдастырған Қос­танайдағы екі сыныпты мектепке береді. Бұл оқуын ойдағыдай аяқтаған Әбубәкір 1891 жылы Орынбор ерлер гимназиясына түсіп, онда латын, неміс, француз тілдерін игеріп, 1899 жылы оқуын бітіріп шығады.

Әбубәкір 1899 жылы Қазан императорлық университетінің медицина факультетіне түседі. Ол жерде генерал-адъютант Крыжановский атындағы стипендияға оқып, университетті 1904 жылы күміс медальмен аяқтаған. Университет қабырғасында  жүргенде Ә.Алдияр барлық пәндерден, сол кезде медицинаның негізі болған фармакология рецептурасынан, дәрігерлік диагнос­тикадан, хирургиялық патология мен терапиядан өте жақсы оқыған.

Торайғыровтың көзіне ота жасаған

 Әбубәкір Алдияр «жоғары білімді дәрігер» деген атақ алған Мұхамеджан Қарабаевтан кейінгі екінші, сол кезеңде екі жоғары білім алған алғашқы қазақ еді. Оның осы кездің өзінде дәрігерлік атағы алыс-жақын қазаққа жайылады. Әбубәкір елге оралғаннан кейін дәрігерлік қызметін Ақтөбе қаласынан бастайды. Архивтен табылған деректерге қарасақ, 1905 жылы 31 мамыр күні Әбубәкір Ақтөбе қаласынан Қостанай қаласына ауысу туралы Қостанай уездік бастығына баянхат жазады.

Әбубәкір 1908 жылы Қостанай қаласынан көшіп, Троицк қалалық төрт клас­тық училищесінің дәрігері болып ауысады. Троицк қаласында Әбубәкірдің дәрігерлік қабілеті артып, халықтың денсаулығы үшін жанын салып, аянбай еңбек етеді. Оның есімі Троицк қаласына білікті, шебер, талантты дәрігер ретінде кеңінен танылады. Өз замандастары арасында зор беделге ие болады. Сол жылы Ә.Алдияр қазақтың атақты ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың көзіне күрделі ота жасайды. Бұл жайлы белгілі жазушы Дихан Әбілов былай деп жазады: «Қаладағы айтулы хирург Бәкір Алдияров пен терапевт Николай Иванович Пономарев Сұлтанмахмұт Торайғыровтың науқасын мұқият қарап шықты. Одан кейін Бәкір Алдияров Сұлтанмахмұттың көзіне операция жасады…»… – Құдай жарылқап, операция сәтті шықты! – Бәкір Алдиярович бұл жолы өз қабілетінен де асып түсті…»  деді Николай Иванович… Оның дәл алдында ақ халатты жас дәрігер Бәкір қуаныштан күліп тұрды.

Сұлтанмахмұт оны қайта-қайта құшақтап: – Құдайға сенбеуші едім, сөйтсем ол бар екен. Ол – сізсіз, Бәкір! Сіздің жаныңыз әрқашан шуаққа толсын, біздің өмірімізді мәңгі жылытып өтсін!» дейді. Бұл оқиға «Айқап» журналының 1913 жылғы сегізінші санында Ғ.Шоқаев деген кісінің Ә.Алдияровқа алғыс айтқан хатында жарияланған. Осы сияқты жылы лебіздер «Айқап», «Қазақ» газеттерінде де кездеседі.

Ә.Алдияр халықтың қамын ойлап, дәрігерлік жұмыстан бөлек, «Қазақ» газетіне дәрігерлік, денсау­лық мәселелері жайында жазып тұрған. Нақтырақ айтсақ, аталған газеттің №14, 15, 18, 20, 22, 27, 28, cандарыңда көлемді мақала жарық көреді. Әбубәкір бұл танымдық-тағылымдық мақаласында адамның өмірге келіп, адам болып қалыптасуы, өмірге бейімделуі, балалық, жастық, кәрілік шағы, жалпыхалықтың өсіп-өркендеуі жайында сөз қозғайды. Адамзат егін егумен айналысып, оның пайдасын көріп, адамдардың қуаты артқанын айтып, қазақ халқы да егіншілікпен айналысқаны дұрыс деп санайды.

Қазақ газетінің №20 санында қала салу мәселесін орынды көтереді. Қазақ өзі болып, үлкен қала болып, жақсы жерден орын алмаса, дәмді ұны, тұнық суы бәрі де ішкі жақтан келген перселен хохолдарға кетіп қалады деп күйінішпен жеткізеді. Қазақтың егін салу мәселесін жиі көтеріп, Еуропа мемлекеттерінің құнарсыз жерді қалай құнарлы етіп, өркендеп отырғанын сөз етеді. Әбубәкір «Осы француз, голландец, дат деген халықтар Құдай берсе, мал болар деп қарап жата берсе, әрине, Құдай өзі оларға дүниенің байлығын, өнер-білімін әкеліп бермес еді. Әлбетте, бұлар өздерінің ыждаһаты, миһнатымен өнер-білім, байлық тауып жатыр. Ол рас, қазақ француз, неміс, голландец емес, бірақ оларда екі бас­ты, төртаяқтылықтан тапқан емес» деп халықты еңбексүйгіштікке, жалқау­лықтан арылуға насихаттайды. Қазақтың қолынан бәрі келеді, бірақ оның барлығын жалқаулық құртады деп күйінішпен баяндайды. Қазақ халқын ғылым-білімге ұмтылуға, оқып-білім алып, сауатты көзі ашық ұлтқа айналуға шақырады.

Халқым деп қан жұтқан

Әбубәкір өз халқын бар жан-дүниесімен сүйетін азамат еді. Ол «Қазақ» газетін қаржылай да, рухани жақтан да жиі қолдайтын. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы т.б. бір топ қазақ зиялыларымен бірге болып, Алаш ісіне белсене аралас­ты. 1915 жылы «Қазақ» газетінің №161 санында доктор Ә.Алдиярдың «Азамат» серіктігіне жаңадан 200 сом қосқанын айтып, Ә.Алдияр бұрыннан серік еді дейді. «Ә.Алдиярдың ұлттық мүдде үшін, жанын да, қаржысын да аямайтын азамат еді» деп жазады.

Әбубәкір өз ісін осылай абыроймен атқарып жүргенде, 1916 жылы майданға қара жұмысқа қазақ жігіттері алынады. Қазақ жастары майдан даласында өздерінің талап-тілектерін, мұң-мұқтажын айта алмай, ауруға ұшырап қырылып жатады. Бұл мәселе халықтың қамын ойлаған зиялыларды алаңдатпай қойған жоқ. Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары өз еріктерімен майдан шебіне аттанады. Ә.Бөкейханов Петроградтағы билік органдарымен келіссөздер жүргізіп, Минскіге барып, Батыс майдан штабының жанынан Земскі және қалалық одақтың бұратана бөлімін ұйымдастырады. Бұратана бөлімі Қазақстаннан дәрігерлер, фельдшерлер мен мұғалімдерді шақырып, қазақ жастарының көзін ашуға тырысады. Майданның қара жұмысына алынған жастарға көмек беру үшін Міржақып Дулатұлы Торғай губернаторына жастардың арасына жіберуді сұрап өтініш айтады. Осы уақытта Доктар Әбубәкір азаматтық ұстанымы биік екенін, Міржақыпты қолдап,  қазақ жастары үшін қан майданның ортасына баратынын айтып ниет білдірген. Осылайша Әбубәкір Міржақып Дулатұлымен бірге майдан алаңына аттанады.

Ә.Алдияров бірінші дүние­жүзілік соғыс жылдарында Белоруссияның Пин деген батпақты аймағында сызды жерлерде окоптар қазып, ашып-арыған қазақтар арасына өз еркімен барып, дәрігерлік қызмет етеді. Әбубәкірдің жары Ажар Жансұлтанқызы да 1916 жылы тыл жұмысында жүрген қазақтардың жай-күйін біліп, жаны ауырып, Әбубәкірмен бірге болып, ауруларды күтіп-бағуға көмектескен. Әбубәкір ажал аузында жатқан қазақ жастарын жігерлендіріп, жанына қуат беріп, ауруына шипа болған білікті дәрігер, ғажап жан болған. Бұл жөнінде «Қазақ» газетіне Нығыметтола Қаймекұлы: «Доктор Әбубәкір Алдияров жақсы қарап, көп пайдасы тиіп тұр, ерінбей еткен қызметі үшін Тәңір жарылқасын айтамыз» деп жазды.

Сарабдал саясаткер

Әбубәкір елге қайта оралғаннан кейін қазақтың белсенді зиялыларымен бір жолда жүріп, ортақ идеяны қолдап, ниеттес болады. Торғай өңірінен шыққан ұлттың рухани көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мырзағазы Есбол, Ахмет, Ғазымбек Бірімжандармен тығыз араласып, елдің азаттық жолында бастарын бәйгеге тігеді. Қазақтың кіл қаймақтары жиналып, Алаш партиясын құруға атсалысады. Осы уақытта Әбубәкірдің дәрігерлік қабілетінен бөлек, саясаткерлік қыры ашылып, айқындала түседі.

Әбубәкір 1917 жылғы 1 және 2 жалпықазақ съезіне қатысты және қоғамдық-сая­си жұмыстарға белсене араласты. Алашорданың Қостанай уезі комитетінің төрағасы және Торғай облысы комитетінің мүшесі болды. 1918 жылдың қазан айының 14-17 аралығында таңғы сағат 10-да, 39 съезд мүшелерінің қатысуымен  Қостанай уезі қазақтарының төтенше жиыны өтеді. Осы съезді жергілікті бөлімнің төрағасы Әбубәкір Алдияр ашып, Алаш автономиясы және қазақ соты туралы баяндама жасайды. Кейін Ә.Бөкейханов Әбубәкірді 43 адамның бірі етіп, Ресей Думасына депутаттыққа ұсынады. Әбубәкір өз заманының талантты дәрігері, қарымды қайраткері еді.

Әбубәкір Алдияр «жоғары білімді дәрігер» деген атақ алған Мұхамеджан Қарабаевтан кейінгі екінші, сол кезеңде екі жоғары білім алған алғашқы қазақ еді. Оның осы кездің өзінде дәрігерлік атағы алыс-жақын қазаққа жайылады

Қуғын-сүргіндегі күндер

Ә.Алдияр бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Троицкіге қайта оралып, он жыл дәрігер болып қызмет істейді. 1928 жылы Кеңес өкіметінің феодал-байларының мал-мүлкін тәркіленген жарлығы шығады. Әбубәкірдің әкесі Бермұхаммед Алдияр Торғай өлкесіне абыройлы азамат еді. Б.Алдияр патшалық билік тұсында ұзақ жылдар бойы болыс басқарушысы қызметін атқарған. Қостанай округтік соты РСФСР Қылмыс Кодексінің 58.10 және 169.2-баптары бойынша әкелі-балалы ­Алдияров ­Бермұхаммед пен Әбубәкірдің ісін қарады. Б.Алдияр бұл кезде 82 жаста еді. Едәуір егде жасына қарамастан кеңес өкіметі Алашорда аталатын «контрреволюциялық» ұйым­ға материалдық және моральдық қолдау жасады деп, түрмеге жауып, ал оның үйінде тінту жүргізіліп, бағалы деген дүние-мүлкі тізімге алынады.

Толық тәркіленгеннен кейін Б.Алдияр Троицк қаласында қалу туралы Орталық атқару комитетіне арыз жазады. Бермұхаммедтің арызының көшірмесі архивтен табылды. Сол арызға назар аударатын болсақ, ол кезде Бермұхаммедті Қостанай қаласына жөнелтіп жіберген екен. Ол арызда Бермұхаммед өзінің 82 жаста екенін және денсаулығының нашарлығын, әлсіздік барын, медициналық анықтамасы бар екенін айтады. Троицк қаласында 21 жылдан бері тұратынын, осы жақта баласы ­Ә.Алдиярдың қызмет ететінін, Троицкте  қалдырып жұмыс тауып беруін өтінемін деп жазады.

Осы мәселе жайлы ­Ә.Алдиярдың жары Ажар Алдияр да айтып, ОГПУ-ға шағым жазады. Бұл шағым да архив құжаттары арасынан табылды. Ол шағымда Ажар апамыз 1928 жылы 27 тамыз күні әкесінің бар мүлкін тәркілегенін және күйеуінің мүлкін де тәркілегенін айтады. Ә.Алдиярдың 14 жыл дәрігерлік қызметте жұмыс жасағанын, тәркіленген заттардың тізімін көрсетеді. Ол тізімде бағалы киімдер мен ыдыс-аяқтар т.б. дүние-мүліктер бар деп жазылған.

Дәрігер Әбубәкір Алдияр­дың істі болып абақтыда жатқан жағдайын естіген Міржақып Дулатұлының азаматтық ұстанымы ортақ досына араша түсуге мүмкіндігі шектеулі еді. Бұл кезде оның өзі де советтік абақтыда қамаулы болатын. Дегенмен, әрқашанда әділдікке жақ  М.Дулатұлы Әбубәкір Бермұхамедұлының азаматтық ерлігі туралы өз пікірін «дәрігерді Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутат ретінде сайлауға болмайды, өйткені ол халыққа зиянды байдың ұлы» деген сөз таратқан ел арасындағы керауыздыларға жауап мақала жазып, онда Әбубәкір туралы мынадай ойды айтқан еді: «Біреуді мақтауға да, жамандауға да болады, бірақ ісіне, сөзіне теріс мағына беру керек емес. …Қыстыгүні майдандағы жігіттер аурудан жүдеп-жадап жатқанда газетте неше қабат ығлан қылынып, тұс-тұсқа телеграмм беріп, хат жазып қазақ докторлар һәм фельдшерлер шақырылғанда, алты миллион қазақтан табылған жалғыз доктор Әбубәкір Алдияров еді. Себептері бар шығар, әйтеуір, одан басқа бір фельдшер, бір доктор табылған жоқ еді. Енді жұрт, Әбубәкірге алғыс айтудың орнына «бұл монархист, жауыз адам деп» қарғыс айтпаса екен дейміз. Мирякуб» деп жазылған.

Әбубәкір елге қайта оралғаннан кейін қазақтың белсенді зиялыларымен бір жолда жүріп, ортақ идеяны қолдап, ниеттес болады. Торғай өңірінен шыққан ұлттың рухани көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы, ­Міржақып ­Дулатұлы, ­Мырзағазы Есбол, Ахмет, Ғазымбек Бірімжандармен тығыз араласып, елдің азаттық жолында бастарын бәйгеге тігеді. Қазақтың кіл қаймақтары жиналып, Алаш партиясын құруға атсалысады. Осы уақытта Әбубәкірдің дәрігерлік қабілетінен бөлек саясаткерлік қыры ашылып, айқындала түседі

Өмірінің соңғы жылдарында

Әбубәкірдің соңына түскен НКВД оған тыныштық бермейді. Алаш қозғалысына белсене араласқаны үшін 1928 жылы Өскеменге жер аударады. Әкесінің Семейде жалғыз қалуы жанына қатты батып жүрген Әбубәкір Орталық Үкіметке әкесі Бермұхаммед Қауменұлы Алдиярды Семейден Өскеменге ауыстыру жөнінде өтініш хат жазумен болады. Екі жылдан соң әкесін Семейден Өскеменге барып тұруына өкіметтің рұқсат құжатын алғаннан кейін, әкесі Бермұхаммедті Өскеменге алдырады. Бірақ, ол кісінің өмірі ұзаққа бармады, баласы Әбубәкірдің, сүйікті келіні Ажар мен немерелерінің алдында дүниеден өтеді. Әбубәкір Өскемен қаласында 1928-1936 жылдары терапевт, балалар ауруханасының меңгерушісі, жұқпалы аурулар емханасының дәрігері болып қызмет атқарды. Қудалаудан құтылармын деген үмітпен Қырғызстанға барып, бір-екі жыл (1936-38) Қаракөлде (бұрынғы Прежавальск) жұмыс істеді. Одан ел-жұрт тыныштанған болар деп елге оралып, Жамбыл қаласындағы теміржол ауруханасында дәрігерлік қызметке кіріседі. Бәрібір НКВД қызметкерлері 1938 жылдың 2 қаңтар  айында «халық жауы» деген жаламен ұстап, Алашорда құрған әскерде «полк дәрігері қызметін атқарып, гигиена тақырыбына дәріс­тер оқығаны үшін» деген айып тағылып, «үштіктің» шешімімен 58-10-баппен Жамбыл қаласында атылды деп жазылған.

Ә.Алдиярдың қызы ­Сәуле Ажиева  2005 жылы 31 мамыр күні «Вечерний Алматы» газетіне берген естелігінде әкесі жайлы тың ақпараттар айтады. Газет бетіне Әбубәкірдің отбасымен түскен, бұрын ешқайда шықпаған суреті де басылады. Сәуле Ажиева әкесінің мықты хирург болғанын айтады. Оның Троицк қаласында зор беделге ие болғанын еске алады. Сәуле апамыз өз естелігінде Әбубәкірдің туған ағасы болғанын, оның тырысқақ ауруынан қайтыс болып, баласы Сырымбет өздерінің үйлеріне қоныс­танады. Сырымбет 1939 жылы «халық жауы» деп тұтқындалады. Сырымбет жауап алу барысында қайтыс болып, барлық туған-туыстары әр өңірге тарап кетеді. Өздерінің Қырғызстанға көшіп, сол жақта әкесінің теміржол ауруханасының бас дәрігер болып қызмет еткенін айтады. Анасы ауруына байланысты Алматыға билет алғаннан кейін, келесі түні үйге НКВД адамдары келіп, барлық кітаптарды алып кетеді. Сауле Ажиева әкесінің үлкен кітапхана қоры болғанын айтады. Келесі күні таңертең әкесін НКВД адамдары алып кетеді. Одан кейін әкесін көрмейді. Ә.Алдияровты репрессияға ұшыраған соң, Ажар Алдиярова 1946-1950 жылдарға дейін тоқтаусыз КСРО Ішкі істер халықтық комиссариатына барғыштап, күйеуінің тағдырын білмей, арызданумен тыным таппай жүреді. Оған Әбубәкір жайлы 1946 жылы тәртіпті бұзғаны үшін 10 жылға мерзімі ұзарды деп жауап қайтарған. 1953 жылы әкесінің өлгендігі жайлы хабарлама келеді. Кейінірек ІІХК-ның «үштігі» Ә.Алдиярға шығарған ең ауыр үкімі – ату жазасы екендігін естиді. Үкім 1938 жылы 20 наурыз күні орындалған деп жазылған.

Қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі болған Әбубәкір 59 жасында дүниеден өтті. Әбубәкір – әлі толық зерттелмеген тұлға. Өмірінің кейбір тұстары көлеңке тартып, ашылмай келе жатыр. Әбубәкір жайлы ақпарат құралдарының беттерінен мардымды дүние табылмайды. Қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі жайлы терең зерттелмеуі, Алаш арысының елеусіз қалуы жүрегіңді ауыртып, жаныңды қинайды.

Жауынбай  ЖЫЛҚЫБАЙҰЛЫ

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button