Басты ақпаратРуханият

Алаш Орда жапандағы елді неге жақын тұтты?

немесе 104 жыл бұрын қазақ студенттерінің Жапонияда оқығаны турасында...

«Вольный горец» газеті 1920 жылдың маусым айындағы бір санында: «Жапон үкіметі … қазақ үкіметіне арнаулы техникалық білім алғысы келген қазақ жастарын Жапонияға жіберуді ұсынды… Бірнеше студент пен студент қыз Жапонияға аттанып та кетті» деп жазады. Осы қысқаша хабар Алаш Республикасы мен Алаш Орда үкіметінің тағы бір беймәлім, бірақ жарқын жұмбағын ашып берді.

Тифлисте (Тбилиси) 1919-1920 жылдары шығып тұрған орыс тілді «Вольный горец» газетінің 1920 жыл 21 маусым санындағы «Қазақ студенттері Жапонияда» атты хабары 1917-1920 жылдары жасаған Алаш Ұлттық Республикасының тарихы сан қырлы әрі оның әлі ашылмаған жұмбағы көп екенін айғақтап берді. Енді бұл хабардың растығын және маңызын талдаудан бұрын оған дейінгі тарихи оқиғаларды қысқаша шолып көрейік.

Алаш Орда жалпыұлттық қазақ-қырғыз кеңесінің (үкіметінің) Күншығыс елінің үкіметіне 1919 жылғы қаңтарда жолдаған хаты (Жапония сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясат тарихы мұрағатынан 2021 жылы табылды), Қазақстандағы 1928-1933 жылдардағы адамзат тарихында баламасы жоқ сұмдық ашаршылық пен 1920-1950 жылдардағы жаппай қуғын-сүргінге қатысты миллиондаған мұрағат құжаты немесе ХХ ғасыр басындағы тұңғыш қазақ басылымдарының материалдары сынды соңғы 2-3 жылда ғылыми айналымға түскен тың тарихи айғақ-деректер «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы мен партиясы және Алаш Республикасының тарихын зерттеу-зерделеу әлі ұзақ уақыт талап ететін дәлелдейді. Қазақ халқы үшін тарихи маңызы шексіз бұл құбылыс бұрынғы кеңестік мемлекеттермен қатар, Азия мен Еуропаның Франция, Швейцария, Қытай және Жапония сияқты елдерінің мұрағат, кітапхана, мұражай және жеке адамдардың жинақтарынан тың дерек іздеуге ондаған жылды талап етеді.

Мысалға, Алаш Орданың 1918-1920 жылдардағы іс-қимылына қатысты Күншығыс елінен табылған бірнеше құжат Алаш Орда үкіметінің сыртқы саясаты кеңістігін (географиясын) бұрынғы Ресей империясы шекарасынан асырып дүниежүзілік деңгейге бір-ақ жеткізеді. Ол құжат Жапония Сыртқы істер минис­трлігінің сыртқы саясат тарихы мұрағатынан екі жапон ғалымы – Рёсуке Оно мен Томохико Уяманың 2021 жылы тапқан Алаш Орда хаты. Екі ғалымның осы құжатты талдаған мақаласына қарағанда, 1919 жылдың қаңтарында Алаш Орда жапон үкіметіне Алаш пен тағы бірқатар түркітілдес халықтың қайта құрылған ұлттық мемлекетінің (Башқұрт, Ішкі Ресейдің түркі-татар ұлттық басқармасы, Түркістан мұхтариаты) тәуелсіздігін мойындау, олармен екіжақты дипломатиялық қарым-қатынас орнату, қаржылай, сауда-экономикалық, әскери және т.б. көмек көрсету туралы хат жолдаған. Құжатта Алаш Орда үкіметінің 1919 жылдың қаңтарында Парижде басталған халықаралық бейбіт конференциясына өз өкілін жіберуді көздейтіні айтылып, жапон жағынан соған қатысушы алып елдер тарапынан Алаш Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін мақұлдауына ықпал етуін өтінетіні жазылыпты.

Ерекше маңызды мәселе: ІІ Жалпыұлттық құрылтайда ұлттық жерді автономия деп жарияланған Алаш федеративтік мемлекеттің құрамдас бөлігі ретінде заңдық тұрғыдан автономия емес еді. Себебі федеративтік мемлекеттің өзі болған жоқ-ты. Соған орай «Алаш» көсемдері бастапқыда болашақ Ресей федерациясының құрамына өз ықтиярымен қосылатын автономия құруды ойлағанымен, ол ойынан аттап, іс жүзінде егеменді Қазақ ұлттық мемлекетінің іргетасын қалауға кіріскенін растап, мойындау керек.

Алаш Республикасының үкіметі – Алаш Орданың егеменді сыртқы саясатын іске асырып, Кеңес өкіметі, Сібір, Башқұрт, Түркі-татар (Еділ-Орал автономиясы), өзін өзі бүкілресейлік билік деп жариялаған (Самар үкіметі немесе Комуч, Уфа директориясы, А.Колчактың Уақытша бүкілресейлік үкіметі) үкіметтерімен арада халықаралық қарым-қатынастың дербес субъектісі ретінде екіжақты келіссөз жүргізуі сол егеменділіктің тағы бір маңызды дәлелі болса керек. Алаш Орда өзінен жоғары тұрған және егемендігін шектейтін саяси билік жоқ егеменді мемлекеттің жоғарғы мемлекеттік билігі ретінде танытты. Әйтсе де А.Колчактың уақытша бүкілресейлік үкіметі пайда болысымен Алаш Орда Халық Кеңесі күрделі жағдайға душар болды. Адмирал Колчак «құрдымға кеткен мемлекетті қайта тірілтуді», яғни патшалық Ресейді қайта жаңғыртуды аңсады. Егеменді мемлекеттің үкіметі ретінде Алаш Орда бір-бірін мойындау және кеңес өкіметіне қарсы бірлесіп соғысу мәселелері бойынша А.Колчак үкіметімен арадағы келіссөзінің үстінде «адмирал патшалыққа қайта апаратын баспалдақ» екеніне көзі жетті. Колчак үкіметімен кезекті келіссөзінен Алаш қаласына (Алаш Республикасының уақытша астанасы; Семей іргесіндегі бұрынғы Заречная слободка кенті 1917 жылы мамырда Алаш болып өзгертілді – С.А.) оралысымен, үкімет отырысында Алаш Орда төрағасы Әлихан Бөкейхан: «саяси оқиға патшалық мемлекетті қайта тірілту бағытында өрбіген жағдайда ұлттардың егемендікке қол жеткізуі мүмкін емес» деп мәлімдеді. Осы саяси ахуал Алаш Орданың Жапонияның ықпалы мен қолдауы арқасында өз тәуелсіздігін мойындату мақсатында жапон үкіметіне жүгінуге бел буғаны анық. Оның үстіне 1918 жылдың 11 қарашасында І дүниежүзілік соғыс аяқталып, Германияға қарсы соғысқа қатысқан, оның ішінде немістердің жеңілісі нәтижесінде жаңа құрылған мемлекеттер де бар, 27 мемлекет Париждегі бейбіт конференцияны ұйымдас­тыруға қызу кірісті. Бейбіт конференцияға дүние жүзін қайта құрады деген зор үміт артылды. Жапон Сыртқы істер министрлігі мұрағатындағы құжатқа қарағанда, Алаш Орда бір Күншығыс елімен қатар, оның қолғабыс етуімен Париждегі бейбіт конференцияға өз өкілін аттандыруды жоспарлаған. Бірақ ол ісін аса құпиялықпен атқару керек болды. Мысалға, Семей облыстық земство басқармасының төрағасы Райымжан Мәрсекұлы өзіне Жапонияның Владивос­токтағы Бас консулдығы арқылы жапон үкіметімен байланыс орнату міндетін орындау үшін, «земствоға қажетті түрлі тауар мен тұрғындардың мұқтажына керек шаруашылық заттарын алу туралы шетел фирмаларымен келіссөз жүргізу» деген желеумен 1918 жылдың соңында сапарға шықты.

«Сарыарқа» газеті де Райымжанның сапарын дәл осылай хабарлады. Ал Алаш Орда комиссары Мұстафа Шоқай 1919 жылдың көктемінде – Маңғыстау оязы мен Каспий теңізі арқылы астыртын жолмен шетел асты. Оның басты мақсаты – қаңтар айында Парижде басталған Бейбіт конференцияға Алаш Орданың өкілетті өкілі ретінде қатысу болса керек. Француз Сыртқы істер министрлігі қызметкерінің қызметтік хатындағы «Түркістан ұлттық ұйымдарының ұсынысы бойынша Мұстафа Шоқай Еуропаға мұғажырға кетті» деген жазбасы – соның бұлтартпас дәлелі.

Райымжанның Алаш Орда атынан Жапон үкіметіне тапсырған хатын зерттеген ғалымдар Р.Оно мен Т.Уяманың болжауынша, Жапониямен қарым-қатынас орнатуды Алаш Орда мен Башқұрт үкіметтері бірге жоспарлаған. Оның дәлелі ретінде екі ғалым Алаш, Башқұрт және Түркістан жетекшілерінің 1918 жылдың 7-8 сәуірінде Уфада өткен жасырын басқосуында осы үш ұлттық мемлекеттегі ахуал жайын Күншығыс елі арқылы халықаралық қауымдастыққа жеткізу үшін өз өкілдерін Құлжаға (Шығыс Түркістан, Синьцзянь) жіберу жөнінде уағдаласқан. 1918 жылдың 15 мамырында Қостанайдағы жиында олар Башқұрт үкіметі өз өкілін Жапонияға, Алаш Орда – Құлжа мен Шәуешекке жіберуге келіскен. Жапонияға башқұрт өкілі болып Башқұрт үкіметінің төрағасы Ахмет-Зәки Уәлидидің (Уәлидов) адал үзеңгілесі, Тархи әкімі Расулев бармақ болған. Алайда чехо-словак армиясының көтерілісіне байланысты Расулев Жапонияға бара алмай қалған.

«Алаш» партиясының жетекшілері Жапонияға 1918 жылдан ерте алғаш рет 1904-1905 жылдардағы орыс-жапон соғысы кезінде назар аударды. Оған «Алаш» көсемі Әлихан Бөкейханның 1910 жылғы «Қазақтар» атты очеркінің мына жолдары дәлел: «Орыс-жапон соғысы басталды… Телеграмдар жапондардың үнемі жеңе беретінін хабарлаумен болды. Ісләм ілімін таратушы қаңғыбас дәруіштің әңгімесінен бар жақсылық пен әділдік тек ісләмда ғана бар деп сенетін және орыстандыру саясатының зардабын көріп, ісләмнан тыс еш жақсылық болмайды деп білетін Қыр халқы «жапондар – қазақпен ұлттық туыстығы бар кәдімгі мұсылмандар» деген аңызды қуана қабылдады. Олардың ойынша, қазақ пен жапонның туыстығын портреттердегі жапон мен қазақтың бет-жүзінің ұқсас­тығы толық растағандай еді. Міне, осының бәрі қазақты зор қызықтырды…».

Бұл деректі «Алаш» қайраткері Халел Досмұхаммедұлының студент күніндегі бір хаты толықтырады. Халелдің 1904 жылы 7 қазанда Қазан қаласындағы ветеринария институтының студенті Ғұбайдолла Бердіұлына жолдап, бірақ патшаның қауіпсіздік қыз­метінің қолына түскен осы хатында былай дейді: «Өзіңнен басқа ондаған, тіпті жүздеген қазақтың жоғары білім алып жатқанын көргенде, бұл халық та еңбекке, өркендеп дамуға қабілетті. Ендеше бұл халық, бәлкім, келешекте әлемдегі дамыған елдердің қатарынан құрметті орын алады-ау, тіпті екінші Жапонияға айналар ма екен» деген түрлі ойға қаласың».

Халел 1909 жылы С.-Петербор императорлық әскери-медицина академиясын үздік аяқтап, «Алаш» ұлт зиялыларының қатарына қосылды. 1917 жылдың желтоқсанындағы ІІ Жалпыұлттық қазақ-қырғыз құрылтайында Алаш Орда үкіметінің мүшесі болып сайланса, 1918 жылдың қыр­күйегінде үкімет төрағасы Әлихан Бөкейханның жарлығымен – Алаш Орданың Батыс бөлімі басшыларының бірі болып тағайындалды. Тарихқа сәйкес, халық саны 3 есе басым (141 млн = 46 млн), қарулы күштерінің қуаты 6 есе басым, құрлықтың 6/1-не тең жер аумағы және сарқылмас табиғи байлығы бар Ресей империясы – жүздеген аралдан құралған алақандай ғана жері бар, табиғи байлық қоры жоқтың қасы Күншығыс елінен масқара болып жеңіліп, Жапонияға Сахалин аралының оңтүстігін, Ляодун түбегін жалға алу мен Оңтүстік Манжұр теміржолынан бас тартып, масқара Портсмут бітіміне қол қойды.

Жапон елі 1868 жылы басталған «Мэйдзи (жапон императоры. – С.А.) жаңғыруы» (оны «Мэйдзи төңкерісі» деп та атайды. – С.А.) бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында өзінің қазіргі зор қуатына қол жеткізді. Жапон ұлттық мемлекетінің және жапон ұлтының қалыптасуын осы «Мэйдзи жаңғыруымен» байланыстырады. «Алаш» жетекшілері бір Күншығыс елінің үдемелі даму тәжірибесін үлгі-өнеге етіп алып, Қазақ даласында қаз-қалпында жүзеге асыруды жоспарлаған жоқ. Мысалға, «Алаш» қайраткері Қошке Кемеңгерұлы кеңес өкіметінің Алаш Республикасы аумағына басып кіруінің қарсаңында былай деп жазды: «Орыс жұмысшыларының қиял қуғандарының «барша халықтың игілігі мен бақыты» сынды бос декларациясына хош келдің демей, Жапонияның тәжірибесін үлгі еткенде біз ұлттық ерекшелігіміз бен бірегейлігімізді және бірлігімізді сақтауымыз керек». Алаш Орда төрағасы Ә.Бөкейхан Күншығыс елінің үкіметімен Р.Мәрсекұлының Жапонияның Бас консулдығына (Владивосток) баруынан бір жылдай бұрын байланыс орнатыпты. 1918 жылдың көктемінде «Алаш» көсемі Шығыс Түркістанға (Қытай) делегация аттандырды. 1937 жылдың 6 тамызында Бутырка түрмесінде НКВД тергеушісіне берген жауабында Алаш көсемі: «Мен Байтұрсынұлы мен Дулатұлын Қытайдың шекара бойындағы Құлжа қаласына қару-жарақ сатып алуға жібердім» деп мәлімдеді.

Шығыс Түркістанға барған Алаш өкілдерінің құрамында бірде-бір Алаш Орда комиссары болған жоқ. Есесіне өкілдерді бүкіл Ұлы қазақ даласына және Шығыс Түркістан қазақтарына мәшһүр А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Р.Мәрсекұлы сынды ақын, жазушы, публицист, ғалым, қоғам қайраткерлері бастап, тағы бір ақын Әсет Найманбайұлы барды. Демек өкілдердің негізгі мақсаты мен міндетін жасыру үшін оның құрамын мұқият ойластырып, іріктеп алғанға ұқсайды. Олардың Шығыс Түркістанға аттанар алдындағы қызмет-мансаптарына тоқталсам, А.Байтұрсынұлы 5-13 (18-26) желтоқсандағы ІІ Жалпыұлттық қазақ-қырғыз құрылтайында 5 кісіден тұратын оқу комиссияның төрағасы болып сайланды, ­М.Дулатұлы – Торғай облысы мен Ақмола облысының Қызылжар оязында «Алаш» армиясының бөлімдерін жасақтаумен айналысты, ал Р.Мәрсекұлы – Семей облыстық земствосын басқарды.

Алаш Орда өкілдерінің алдында қару-жарақ сатып алудан басқа тағы бірқатар өзекті мәселе тұрды. Оның бірі туралы Алаш Орда мүшесі Халел Досмұхаммедұлы былай деп түсіндірді: «…Бүкіл қазақтың басын біріктіру біздің басты мақсатымыз болды. Әлбетте, біз олар (Шығыс Түркістан қазағы) қазақ халқына өздерінің кіндік кескен жерімен бірге қосылу керек деп білдік». Алаш Орданың делегаттарға жүктеген тағы бір аса маңызды әрі жауапты тапсырмасы – Жапонияның Шығыс Түркістандағы (қытайша Синьцзянь) өкілдері арқылы жапон үкіметімен қарым-қатынас орнату болды. Шығыс Түркістанның түркітілдес халықтарының зиялылары «Құлжадағы жапон консулы» деп атап кеткен Камэсуке Нагамине деген азамат осындағы жапон өкілі болуы мүмкін. Ол капитан шеніндегі жапон армиясының офицері, 1918-1919 жылдары Синьцзянь (Шығыс Түркістан) өлкесінің астанасы – Үрімжіде орналасқан жапон әскері қолбашысының көмекшілерінің бірі еді (Р. Оно,­Т.Уяма). Шығыс Түркістан сапарында Алаш өкілдері, әсіресе өзіне Құлжа, Шәуешек не Қашғар қалаларының бірінде Камэсуке Нагаминемен немесе тағы басқа бір жапон офицерімен байланысу тапсырылған Р.Мәрсекұлы соларға жолыға алды ма? Ол туралы әзірге нақты мәлімет жоқ. Себебі бұл да Райымжанның Владивостоктағы жапон консулдығына сапары сияқ­ты «аса құпия тапсырма» еді. Жапонияның Бас консулдығына қайта оралсақ, Райымжан 1918 жылғы желтоқсанның соңында Семейден шығып, Владивостокқа 1919 жылға қаңтардың басында жетеді. Бірінші кезекте ол америкалық «Андерсен, Мэйер и Ко» компаниясымен арада Семей облыстық земство басқармасына 15 млн рубльге тауар сатып алатын келісімшартқа қол қояды. Одан соң Чехо-Словакия консулына жолығып, Владивостоктағы АҚШ-тың экспедициялық әскери корпусының қолбасшысымен және қалаға әскери кемемен жүзіп келген Жапониядағы АҚШ елшісімен кездеседі.

Сұлтан Хан Аққұлы

(Жалғасы бар)

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button