«Алаш пен дін» көрерменге жол тартты

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күніне орай Астанада «АЛАШ ЖӘНЕ ДІН» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. ORDA LIFE ютуб каналы Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің қолдауымен түсірген фильмді көруге елордадағы зиялы қауым өкілдері, студенттер және БАҚ өкілдері келді.
Әлихан Нұрмұхамедұлы 1866 жылдың 5 наурыз күні Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Келесі жылы ұлт көсемінің 160 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Сондай-ақ биыл Бақытжан Қартаевтың 165, Ғұмар Қараш пен Сәлімгерей Жантөриннің 150, Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы. Осы мерейлі датаға орай Алаш арыстарының діни ұстанымы туралы фильм көрерменге ұсынылды.
Деректі фильмде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы еліміздегі діни ахуал сипатталған. 1905 жылғы әйгілі Қарқаралы петициясын да сөз бостандығы мен ана тілінде оқудан бөлек діни еркіндік проблемасы көтерілді. Сондай-ақ Ресей Сенаты 1868 жылы қазақтар арасында жандармериялық бақылау жасау үшін «указной молда» қызметін енгізді. Указной молдалардың іс-әрекеті дін адамдарына деген халықтың теріс пікірін қалыптастырды.
Бұдан бөлек қырым татарларының ағартушысы Исмайыл Гаспыралының жәдидизм ағымы кең қолдауға ие болды. Әйтсе де жәдиттік білім беру жүйесін мұсылмандардың бәрі бірдей тегіс қолдай кеткен жоқ. Әйгілі ағартушының реформасына ескілік ұстанымындағы қадымшылар қарсы болды.
«Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің жарыққа шығуы еліміздегі діни пікір-талас басылым беттеріне шығуына ықпал етті. Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ қайраткерлері сот ісін әдет-ғұрып жолымен жүргізейік десе, Бақытжан Қаратаевтың маңына топтасқан шариғатты басшылыққа алады.
Сонымен қатар фильмде әйел теңдігі, жеке мүфтилік құру және Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің мемлекет пен дін ісін неге бөлгені баяндалады.
Деректі фильмде тарихшы Мәмбет Қойгелді, әлихантанушы Сұлтан хан Аққұлұлы, алаштанушы Ғарифолла Әнес және дінтанушы Кеңшілік Тышқан спикер ретінде пікір білдірген.
-Алаш қозғалысы қайраткерлерінің дінге деген көзқарасы туралы неше түрлі алып-қашпа әңгімелер айтылып келді. Бұл фильм бірыңғай тарихи фактілерге сүйенген. Әлихан Бөкейхан айтқандай, неге біз салт-дәстүрге сүйенуіміз керек, оның астарында қандай сыр жатыр? Осы туындыда соның бәріне нақты әрі дәйекті жауап алуға болады. Сол кездегі газеттерді оқып қарасаңыз олар «Алла сақтасын» демейді, «Тәңірі жарылқасын» дейді. Оларда ата-бабалардан қалған салт-дәстүрге деген зор құрмет болды, – деді фильм көрсетілімінде сөз алған С. Аққұлұлы.
Басқа да сөз алған қоғам және өнер қайраткерлері, тарихшылар фильмге жоғары баға берді. Фильм авторы және бас продюсері – Серік Жолдасбай, продюсер – Асхат Маемиров, қоюшы режиссері – Нұрсұлтан Есенғали және бас редактор Дәурен Дариябек.
Райхан Рахметова