Алаш қайраткеріне арналған айтыс
Кеше Астанадағы Ә.Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейдің 25 жылдығына орай «Ұлт мақтанышы – Әлімхан» атты жас ақындар айтысы өтті.
Алаш қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш математик Әлімхан Ермеков тұлғасын, өмірі мен қызметін арқау еткен айтысқа алты ақын қатысты. Олар үш жұп болып бөлініп сайысқа түсті. Қорытындысында Ұлан Тұрсынбек бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды Айғаным Махсұтқанова иеленді. Екінші орынды Ринат Қожамұрат, үшінші орынды Әсет Берік алды. Тамаша Рахатқызы мен Назар Мисалбекке арнайы жүлделер берілді.
«Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының отырысында айтысты жүйелеп, «Алтын домбыра», «Күміс домбыра», «Қола домбыра» айтыстарын өткізу, яғни танымал айтыс ақындары мен студент жастар, оқушылар арасында сөз додасын өткізу ұйғарылды. Сол өз жемісін берді. Қазір жер-жерден жас ақындар қаулап шығып келе жатыр. Жалпы биыл Оқу-ағарту министрлігінің айтысқа деген қолдауы ерекше болып отыр.
Мәселен, жақында елордада «Қола домбыра» айтысы өтіп, оның жеңімпазы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тегін оқитыны айтылды. Айтыс үйірмесін мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі де қаралып жатыр» дейді айтыстың қазылар алқасының төрағасы Өміржан Көпбосын.
Ә.Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейдің ширек ғасырлық мерейтойына арналған іс-шаралар әрі қарай да жалғасады. 23 қараша күні мерейтой аясында «Білім берудегі көшбасшылық: 25 жылдық тәжірибе» атты ғылыми-танымдық конференция өтеді.
Аманғали Қалжанов