Алаш қайраткерлерімен үндес болған
«Ұстазым менің ұстазым, өзіңмен өткен қыс-жазым» демекші, әр адам көптеген ұстаздардың алдынан өтеді. Әр ұстаз өз шәкіртіне біліммен сусындыруға тырысады, бірақ кейбіреулерінің ойлағанындай болмайды. Әр шәкірттің өзінің мәңгілік есте қалатын ұстаздары болады. Маған қалам ұстауды үйретіп, әдемі жазуыма үлес қосқан бастауыш сыныптағы мұғалімім Қапаш Сыздықовты немесе математикадан алтыншы сыныпта екі нашар баға қойып, жоғары сыныптарда математика пәніне сүйіспеншілігімді арттырған Дүйсен Кожахметұлын қалай ұмытайын.
атематикаға деген құлшынысымның арқасында, он жетіге толмаған шағымда, бір орынға бес абитуриент таласқан кезінде Қарағанды пединститутының физмат факультетіне еш қиындықсыз түсіп кеттім. Ауыл баласы үлкен өндірістік қалада бірінші рет, көп нәрсені білмейміз. Ауыл шаруашылығы жұмысынан кейін, бірінші қазанда сабаққа кірістік. Сабақ кестесі бойынша, мұғалімдер келіп, лекциялар оқып, лабораториялық жұмыстар жүргізіп жатты. Бір күні сабақ кестесінде психология деген пән бар екен. Аудиторияға орта бойлыдан жоғары, бойына денесі сай, маңдай шашы түскен, нағыз ғалымға ұқсас, қолында портфелі бар, егде адам кіріп келді. Әрқайсымызбен жеке-жеке танысып, ол жақтан білетіндерді айтып жатты. Мысалы, Ақтоғайдан келгендерге Жарылғап пен Бектұрсынға Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Күләш Байсейтова аға- апаларыңды білетін шығарсыңдар, – деп бір қойды. Одан тереңге кетпеді. Ол өткен ғасырдың елуінші жылдарының іші болатын. Елді Хрущев басқарып, партияға қарсы дегендерді әшкерелеп, Сталиннің жеке адамға табынушылығын халыққа жариялап жатқан кез. Ол өзін Сәлкен Балаубаевпын (суретте) деп таныстырды. Өзінің өткен өмірі туралы тіс жармады. Кейін білсек, кезінде Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. Сәлкен ұстазымыз – Қазақстан ғалымдары арасындағы әйгілі тұлғаның бірі болыпты. Ол ұлттық педагогика мен психологияны дамытуға үлкен үлес қосқан латын әліпбиіне негізделген қазақ граматикасының дамуына қатысады. Қазақ психология ғылымының қалыптасуында өзіндік орны бар көрнекті психологтарымыздың бірі болған. Өз заманында психология және педагогика бойынша, қазақ тілінде оқулықтар жазған.
Сәкеңнің тағдыры өте қайғылы болған. 1937 жылдың қараша айында ғылыми қызметі күтпеген жерден үзіліп, жиырма жылға қамауға алынады.
«Халық жауы» атанып, «Алаш» партиясының мүшелерімен байланысы бар деп айыпталып, қуғын-сүргінге ұшырайды. Бізге сабақ беруге келгенде, айдаудан босап келген кезі екен. Қанша кездесіп, сөйлессек те, түрмедегі тағдыры туралы ештеңе айтпайтын. Тек бір сөзінен ғана байқадым, біздің Ақкөл ауданына қыдырып келгенінде қарағайларға қарап тұрып, неге сіздерде жіңішке, біз Тайгада бұдан екі-үш есе жуан қарағайларды арамен кесіп құлататынбыз деп, сол кез туралы бұл кісімен тағдырлас болған жазушы Шахан Мусин айтады ғой: минус 40-50 градуста табанымыздан сыз өтіп жүріп ауыр жұмыстарды атқардық, ашқұрсақ болып жүрдік, бізді жан-жағымыздан күзетші иттері бар әскерлер бақылап отыратын.
Осы ауыртпалықты, қиындықты менің кейіпкерім де басынан кешті ғой, – деп ойлаймын.
Сәлкен Балаубаев ұсталғанға дейін психологиямен ғана емес, әдебиетпен де айналысқан. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазақ ғылымы мен әдебиеті шарықтап, даму үрдісі үдей түскен. Ол кісіден қалған жалғыз мұра қазақ тіліне аударған Р.Распенің» Мюнхаузеннің басынан кешкен қалдері» (суретте) кітабы 1935 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан көркем әдебиет баспасынан шыққан. Орыс тіліне Корней Чуковский аударған кітапты қазақша сөйлеткен, Сәлкен Балаубаев суретшісі – Густав Дорэ. Бұл кітап ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Кітап» мұражайында сақтаулы.
Мен кітапты қолыма алып көрдім. Кітап сексен тоғыз жыл өмір сүріп тұр. Кітап екі бөлімнен тұрады: біріншісінде – 22, екіншісінде 15 әңгіме орналастырылған 101 беттік кітап – 3800 дана.
Осы кітапты т.б. сақталған шығармалары бар шығар, соларды жаңартып, қайта шығарса, дұрыс болар еді. Алаштықтармен мүдделес болған, сол үшін ғұмырының нағыз жарқын кезеңін айдауда, қиыншылықта өткізген ғалымдардың т.б. көрнекті қайраткерлерге көрсеткен жақсылығымыз сол болар еді, олардан аз ғана болса да қалған еңбектерін жаңартып, келешек ұрпаққа ұсынсақ, олардың аруағы риза болып, бүгінгілер сол аға-аталарының елдің болашағы үшін тағдыр кешкенін білер еді.
Қателеспесем, Сәлкен Балаубаев – Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Шахаман (бұрынғы Первомайка) ауылының тумасы. Ол кісіні Кәрім Мыңбаев, Бүркіт Ысқақов, Мүтәш Сүлейменов т.б. зиялыларымен қатар қоюға болатын тұлға. Мүмкін, жерлестерінен бір азамат шығар, ол кісінің өмір жолдарын зерттеп, жарыққа шығаратын. Естуімше, Букпиндерге туыс болатын көрінеді. Нұралықтар бұл жерлесімен мақтана алады.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
«Құрмет» орденінің иегері, білім саласының үздігі, еңбек ардагері