Басты ақпарат

Алаш қозғалысы және Барлыбаевтар әулеті

Алаш тарихын зерттеу ісі – ел тәуелсіздігінің жемісі. Алаштанудың негізін салып берген және тарихнаманың бастауында тұрған Алаш қайраткерлерінің өздері болатын. Бүгінде қазақ тарихы мен сол тарихты қалыптастырған ұлы тұлғалардың басым бөлігі терең және үлкен зерттеулерді қажет ететіні анық. Алаш арыстарының бірегейлері Солтүстік Қазақстан өңірінде қызмет еткен. Сол тұлғаларды жан-жақты тереңдете зерттеу – бүгіннің өзекті мәселесі.

[smartslider3 slider=1576]

Олардың арасында Шәймерден Қосшығұлұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Жұмабай Шаяхметов, ағайынды Ғалиолла мен Файзолла Ғалымжанұлдары, Қошке Кемеңгерұлы, Әлти мен Сәдуақас Барлыбаевтар, Абылай Рамазанов, Хайретдин Болғанбайұлы, Әли Кемелұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Жиенғали Тілепбергенұлы, Ахмет Жантелеұлы, Бекмұхаммед Серкебайұлы, Салмақбай Күсемісұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Райымжан Мәрсекұлы тәрізді және басқа да марғасқалар бар. Міне, осындай қайраткерлердің ерен еңбектерін бүгінгі жас буынды тәрбиелеуге пайдалана отырып, қуғын-сүргін құрбандары аға буынының еңбегін мәңгі есте қалдыру маңызды.

Алаштың Солтүстік Қазақстандағы қызметі туралы неге әлі күнге дейін мәлімет тапшы? Себебі осы өңірде 1920-21 жылдары жаппай ашаршылық орын алды, халық Сібірге, Түркістанға, Сыр өңіріне, басқа да түрлі бағыттарға жаппай қоныс аударуға мәжбүр болды. Содан кейін байларды тәркілеу науқаны өріс алды. Келесі кезеңде саяси қуғын-сүргін репрессиясы басталды.

Яғни қорқыныш халықты үндемеуге әкелді, Алаштың са­уатты адамдары туралы ұмытуға тура келді. Сондықтан ақиқатты жеткізу үшін жазушы Сәбит Мұқанов еліміздің солтүстігіндегі Алаш азаматтары туралы «Өмір мектебі» кітабында өз көзімен көрген тұлғаларды саяси тұрғыдан көрсетуге мәжбүр болды. Алайда жазушының баяндауына зама­науи көзқараспен зер салсақ, бізге жеткен Алаш қайраткерлерінің ойларын анық түсінуге болады. Ол кезең ашық айтуға, жеткізіп жазуға мүмкіндік бермейтін заман еді ғой.

Осы пайымдауымызды әрі қарай сабақтасақ, сол кезеңде еліміздің солтүстік өңірінде Алаш қозғалысының халықты елдікке үндеген ірі-ірі жиындар ұйымдас­тырғаны анықталады. Бұл ретте әсіресе осыдан 102 жыл бұрын Солтүстік Казақстаннан шыққан миллионер Әлти байдың қыс­тауында Алаш қайраткерлерінің 10 мыңдай адам қатысқан ірі форумы өткенін ерекше атап өткен жөн. Онда халқымыздың өз алдына ел болу мәселесі қозғалып, Алаш милициясын құру және басқа да маңызды мәселелер қарастырылған еді. Алаштың әскери жасақтары осы өңірде 1918 жылдың жаз айларында ұйымдастырылғаны туралы өлкетанушы Қайролла Мұқановтың «Абылай Рамазанов – Алаш қайраткері» кітабында да келтірілген.

Халық ерекше шабытпен қолдау көрсеткен Алаш қайраткерлерін жергілікті халық атынан Мұқыш Құртайұлы (танымал заңгер Сабыр Қасымовтың арғы атасы), Абылай Рамазанов және Әлти қажы мен баласы Сәдуақас Барлыбаевтар салтанатпен қарсы алды. Осы жиында Алаш қайраткерлері Міржақып Дулатұлы, Ережеп Итбайұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Салмақбай Күсемісұлы, Ерқосай Мұқышұлы, Қази Торсанұлы, Жұмағали Тілеулин жергілікті тұрғындардың санасын оятуға, өз жерін большевиктерден қорғауға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Енді Алашордашылар жұмысына қолдау көрсетіп, жиынға қатысқан мыңдаған адамдардың осында келуіне, жиын жұмысының ойдағыдай өтуіне қаржы жағынан барлық жағдайды жасаған, өзіміз ілтипатпен еске алып отырған Әлти қажы, жалпы Барлыбаевтар әулеті кімдер еді деген сауалға жауап іздеп көрелік.

Бұл жөнінде Қайролла Мұқанов пен Социал Жұмабаевтың «Бір әулеттің тарихы» атты кітабынан біраз мағлұмат алуға болады. Кітаппен танысу барысында Барлыбаевтар әулетінің арасынан Әлти қажы Барлыбаев есімі, оның мыңдаған жылқы айдаған аса ауқатты адам болғаны, сонымен бірге төңірегіне мейірбандығымен, жомарттығымен аты шыққаны, Алаш қайраткерлеріне жақын жүргені және басқа да елге жағымды қасиеттері көбірек баяндалатыны аңғарылады.

Осы кітаптағы Әлти қажы жөніндегі деректерден оның би-болыстыққа онша ұмтылмағаны байқалады. Өйткені ол қазақ арасынан шыққан алғашқы капиталистердің бірі болғандықтан, болыстықтан гөрі сауда-саттықпен айналысқанды жөн көрген. Яғни Әлти қараңғы «сасық» бай болмаған, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, маңдай тер, табан ақысымен табыс табуды жолға қоя білген.

Қазіргі заман тұрғысынан келгенде, Әлти сияқты байларды «бизнесмен», «іскер адам» десек те жарасады. Мысалы, ол жоғарыда өзіміз әңгімелеген «Бір әулеттің тарихы» атты кітапта айтылғандай, жас төлдерді ел ішінен сатып алып, асырап, өсіріп, Ресейдің алыс қалаларындағы мал базарларына апарып сатқыз­ған. Ол жақтан жұртқа қажетті киім-кешек, ыдыс-аяқ және басқа да керекті құрал-жабдықтарды арзан бағамен алдырып, ел ішінде саттырған. Қорған қаласындағы банкте өз есепшоты болған.

Жоғарыда бір әңгімемізде Әлтидің шамасы келе тұра болыс болуға аса құлшынбағанын айтқан едік. Сөйтсек, оның да өз себебі бар екен. Ол заманда болыстық орын сатып алынатын болған. Әлти қалаған адамына қарызға ақша беріп болыстыққа сайлатқан. Кейін қарызға берген ақшасын екі еселей қайтарып алумен бір пайда тапса, екіншіден, өзінің сайлаттырған болыстары арқылы бүкіл өңірге үстемдігін жүргізген.

Әлти өз қыстауының маңына Ресейден қоныс аударып келген шаруаларға да қол ұшын берген. Аш-жалаңаш келген орыс шаруаларына тиімді пайдасы үшін егіндерін салуға көлікпен көмектескен. Қазіргі Святодуховка (бұрынғы атауы Түлкіойнақ) селосының көнекөз тұрғындары И.Волков пен М.Абрашкиннің айтуынша, селоның біраз шаруалары 1913 жылғы қыстан Әлти байдың көмегі арқасында шыққан. Олар үй салуға, егін сеуіп, оны жинап алуға Әлтидің малын пайдаланған, сөйтіп, өзара тиімді қарым-қатынас жасаған.

Сол кездегі орыс шаруаларының «Петровка» деген хуторы да Әлтидің қыстауынан төрт-бес шақырым жерде орналасқан-ды. Кеңес өкіметінің кезінде ол үлкен елді мекен болып, «Октябрьдің 60 жылдығы» атындағы кеңшардың орталығына айналған екен. Осы селода тұратын Виктор Шаповалов деген жетпістен асқан қарттың әжесі Пелагея кезінде Әлтидің сауыншысы болып жұмыс істепті.

«Менің атам мен әжем – ­Украинаның Полтава губерниясынан осы жаққа қоныс аударғандар. Өте кедей, ­аш-жалаңаш болған екен. Әжем Әлтидің үйі­не жалданып, сауыншылықпен шұғылданыпты. Содан кейін ғана ауыздары аққа тиіп, ес жиғандай болыпты. Марқұм өле-өлгенше Әлтиді мейірімді кісі, тамаша адам еді деп мақтап отыратын» дейді В.Шаповалов.

Осы жердің тумасы болған, бертінде, 1987 жылы өмірден өткен. Жас кезінде Әлтидің жылқысын бағуға қолғабыс жасаған Кәмәли Оразалыұлы деген кісі де Әлти қажының адамгершілігі мен кісілігі туралы көп әңгіме айтудан жалықпайды. Оның куәландыруы бойынша Әлти қарау бай емес, көзі ашық, жаңа заманға лайық өмір сүрген, кісілігі мол адам болған. Ол мал ғана сатпай, Омбыға, Қорғанға ет-сүт өнімдерін, тері, т. б. бұйымдар шығарып отырған. Алашордалық азаматтарды қарсы алып, оларға қолдау білдірген, Алаш туының көтерілуіне жақтас болған.

Қазақтың классик жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің оқу іздеп, алашордалық азаматтар Колчак өкіметінің қолдауымен Омбы қаласында ашқан мұғалімдер дайындайтын курсқа бара жатқан жолда серіктерімен бірге Әлтидің ауылына тоқтағанын «Өмір мектебінің» екінші кітабында баяндайды.

Өзінің Әлти қыстауына түскен оқиғасын жазушы кітабында «Миллионердің үйі» деген тақырыппен былай сипаттаған: «Қалың қарағаштың ығына орналасқан Әлтидің қыстауына біз ымырттатып жеттік. Бұл қыстау қазақтың мен көрген өзге қыстауларының біреуіне де ұқсамайды. Мұндағы қыстау қала тәртібімен көше болып салынған, қаңылтыр шатырлы, биік қарағай үйлер. Олардың араларына шұбала салынған қоян-жон ағаш сарайлар…».

Кітапта осы оқиғадан бір жыл бұрын Әлти халықпен кездесуге келген Алашорданың жүз шақты азаматын қонақ қылып, жеке өзі күткендігі былай суреттеледі: «Азамат саны жүзге тарта кісі екен. Соларды Әлти қажы өзінің жазғы үш үйіне бөліп түсіреді де, шаһар ғұрпын істеп, асты әркімге жеке ыдыспен бергізеді. Сонда осы үйдің сандықтарынан бұрын ешкім көрмеген, неше түрлі кәрлен шәшкелер мен фарфорлы қымбат тәрелкелер топ-тобымен шығыпты. Қызылжардан, Омбыдан келген азаматтар «апыр-ай, қазақта да мұндай мүлік болады екен!» деп аузын ашып, көзін жұмған екен. Кешке қонақтар жатарда теңдеп буған кілемдерден ине-жіптен жаңа шыққан нелер асыл ­көрпе-жастықтар алынып, жүзден аса қонаққа мол жетті».

Әлтидің байлығын осылай танытқан жазушы, сол кездегі цензураның қырағылығына қарамай, өздері қонғанда оның баласы Сәдуақас пен келіні Ыбыштың жалшылармен бірге жұмыс істеп, үйге өте кеш кіргенін әңгімелейді. Ол кездегі идеология бойынша байлар паразит, арамтамақ, өздері жұмыс істемей, тек халықтың еңбегін соратындар болып суреттелуі керек еді ғой. Бірақ Сәбең шындықты да көрсетіп кетеді. Алайда далаға шығып, жалшылардың үйіне барғанда олардың тым ауыр тұрмыста екенін, еңбектерінің қаналатынын саясаттың ығына сәйкес баяндап, «шындықты өтірікке орап», өткізіп жіберген сияқты. Соның ішінде әкесі өлгенде елу шөмеле шөбім бар еді деп, Әлтиден жалғыз сиырдың торпағын алғанын да жазады. Өзі мыңғырған бай болса, өзі қажы болса, Әлти бір торпаққа бола жетімді жылатушы ма еді? Бұл тіпті мұсылманшылыққа да жат қой. Осындайларын оқыған ауылдың ақсақалдары кейін Сәбит Мұқанов еліне келгенде өтірігін бетке басып, айыптаған екен. Оған жазушы осылай демесем, байды жамандамасам, жазғаным шықпас еді деп ақталған көрінеді.

Міне, Сәбең саясаттың салқынымен ғана әңгімені бұрмалауға мәжбүр болған Әлти миллионер осындай адам еді. Ол 1873 жылы туып, 1925 жылы 52 жасында өзінің қыстауы «Бибалайда» өмірден өткен. Ұрпағы ұлы кәмпескеге ілігіп, 1928 жылдан бастап қуғын-сүргінге ұшыраған. Әуелі Ақтөбе облысына жер аударылып, одан елге жақын келмек болып, Сібір орманындағы ауыл-селоларға қоныстанып, бірақ НКВД-ның, кейін КГБ-ның түртпектей беруі салдарынан бір жерден екінші жерге жиі көшуге мәжбүр болып, барлығы он жеті рет мекен ауыстырып, тек бертін ғана елге келген. Онда да ата-бабасының туған жеріне тура келуге қорқып, «Белое» деген орыс селосына қоныстанған. Фамилияларын да арғы аталары Барлыбайдың атына жаздырған.

«Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларына сәйкес ұлтымыздың ұстыны болған ерлердің есімі жаңғыртылып жатқанда, біздің де кезінде елге тұтқа болған аталарымыздың есімдері жаңғыртылғанын қалаймыз» дейді осы істердің ұйыт­қысы болып жүрген Әлтидің бір шөбересі Нағашыбай Барлыбаев мырза.

Алайда немересі Сабыр қанша қуғын-сүргінде жүрсе де, өз балаларының бәріне жоғары білім әперіп, сонымен бірге ата-бабасының кім болғанын білдіріп отырыпты. Олардың бәрі Кеңес Одағы жылдарында үлкен қызмет істеді. Соның ішінде бес бірдей баласы кеңшар директоры болды. Тектілік деген осы болса керек.

Әлти мекен еткен қазіргі Жамбыл ауданына 1985 жылы шөбересі, жоғарыда айтылған бес директордың бірі, Есмағанбет Барлыбаев аудандық атқару комитетінің төрағасы болып келеді. Ол кезде Әлтиді көзі көрген ақсақалдар да, туыстары да, әкесі де бар, бәрі қажының орланған зиратын көрсетіп, оның басына шөберелері қазіргі белгіні қояды.

«Орнында бар оңалар» деген емес пе, қазір Әлтидің текті ұрпағы оны ғана емес, ар жағындағы Тәбей, Тәштит, Итемір және т. б. аталарын да жоқтап, бәрінің басына кесене орнатудың қамында жүр. Олардың елге жасаған еңбегі туралы «Бір отбасының тағдыры», «Дара жол» деген кітаптар жазылды. Бұл еңбектер елдің аузындағы әңгімелерге ғана емес, архив құжаттарына негізделген. Кезінде аға сұлтан Есенейдің заседателі, одан кейін бірнеше жыл болыс болған Тәбейдің кісілігін, қазақтарды казактардың озбырлығынан қорғап, тартып алған жайылымдарын патшаның жоғары әкімдіктеріне шағына отырып, қайтартқандығын бүгінде жұрт сүйсініп әңгімелейді.

«Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларына сәйкес ұлтымыздың ұстыны болған ерлердің есімі жаңғыртылып жатқанда, біздің де кезінде елге тұтқа болған аталарымыздың есімдері жаңғыртылғанын қалаймыз» дейді осы істердің ұйытқысы болып жүрген Әлтидің бір шөбересі Нағашыбай Барлыбаев мырза.

Барлыбаевтар әулетінің соңғы жылдары бітірген және бір қомақты шаруасы республикалық деңгейде ғылыми-практикалық конференция өткізуі дер едік. Оған белгілі тарихшы, әдебиетші ғалымдар шақырылды. Алдағы уақытта конференция материалдарын кітап етіп шығару да жоспарға енгізілген. Сөйтіп, ұрпақтары аталарының атын жаңғыртуда. Әрбір әулет атақты аталарының жолын осылай іздесе, ұлттық санамыз жаңғыра түсері сөзсіз.

Қызылжардың қоғамдық-­саяси өміріне белсене атсалысқан Барлыбай әулетінің құрметіне өткізілген ғылыми-теориялық конференция тұсында Барлыбаевтар әулетіне арналып, Маңғыстаудың ақ тасынан, тастан түйін түйген шеберлердің қолынан биік те еңселі етіп салынған мазарды тамашалаудың сәті түсті. Әр өңірден келген делегациялар оқылған құранға қатысып, митингте сөз сөйледі.

Осы арадан көп қашық емес жерде Әлти байдың қыстауы болған. Тастан салынған әдемі ғимараттардың бүгінде тек топырақ шөгіндісі мен орны ғана қалған. Заманында қонақ қабылдаған сарай, жазғы кеңес және мәжіліс өтетін орын, т. б. дәулетті ауылдың бір кездегі бақуатты өмірінен хабар бергендей.

Замана желі осындай құрылыс­тарды жер бетінен сүріп тастап, біраз уақыттан кейін жаңа негізде қайтадан жаңартып жатады. Дәл осындай жолмен кешегі Әлти байдың жұртына бүгін ескерткіш белгі тас орнатылып, болашақта этноауыл салу жоспары қолға алынбақшы. Бұл мемориалдық кешен қазақ халқының азаттыққа деген ұмтылысының символындай болып, «Рухани жаңғыру» шеңберінде киелі жерге айналар.

Петропавл өңірінің белгілі азаматы, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Елеусізов – бұл өңірдің тарихын жатып өргізетін білімдар адам. Осы Жамбыл ауданында 90-жылдары аудан әкімі болып жұмыс істеп, сол жылдардың қым-қуыт қиындығын: белгілі бір сағатта берілетін электр тогын, астық өндіретін негізгі облыстың бірі бола тұра, нанның тапшылығын, кідіріп қалған зейнетақы, берілмеген жалақы, наразы шерулер, т. б. сол жылдардың қиыншылығын түгел бастан өткізген азамат. Оның есесіне осы өңірдегі болған тарихи оқиғалар, елге елеулі қайраткерлер туралы мол білімі бар басшы. Осы мазар-ескерткішті ашу салтанатында да сөз сөйлеп, Барлыбаевтар және тағы басқа осы өңірдегі қайраткерлер туралы әсерлі әңгіме айтты.

Алыс шетелден, өз елімізден келген қонақтар әрі онлайн, әрі офлайн түрінде өткен конференция жұмысына белсене қатысты. Соны пікірлер, тың ұсыныстар айтылды. Еліміздің тарих мәселелерін зерттейтін екі ғылыми мекеменің – Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Қабылдинов және Мемлекет тарихы институтының директоры Е.Әбіл бастаған, Алаш мәселесін зерттеп жүрген ғалымдар, Солтүстік Қазақстан университетінің ғалымдарымен бірлесе отырып, мәселеге тереңдеп, байыппен барған баяндамалар ұсынды.

Мен бірнеше мәрте осы киелі жерде болып, ақсақалдармен, өлкетанушылармен кездескенмін. Облыстық мұрағатта жұмыс істеп, біраз мәлімет жинап, «Нарком. Халық комиссары» атты кітап жазғанмын. Оның басты кейіпкері мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Сырғабеков еді. Осы келуімде облыс орталығынан біраз қуанарлық өзгеріс байқадым.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығы аясында құрбандарды мәңгі есте сақтау қадамдарының жасалып жатқанының куәсі болдым.

Атап айтқанда, соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысы аумағында Алаш қайраткерлерін насихаттау жөнінде біраз жұмыс өріс алуда. Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдығы аталып өтіп, Булаево мен Сарытомарда музейі ашылып, Петропавловскіде ескерткіш қо­йылды. Мағжанның жеке өмірін, шығармашылық қуатынан, күрес­керлік қырынан сыр шертетін басқосулар, жырлары оқылатын, кездесу кештері өткізіледі, ақынның қолжазбалары, хаттары, фотографиялары насихатталуда.

Жақында Петропавловск қаласының музейіне он жылдың үстінде Ғалым Қадыралин, Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаев құрып, қыруар жұмыс жүргізген «Асыл мұра» ғылыми-зерттеу орталығына арналып мемориалдық тақта қойылды. Бұл азаматтар 2001-2012 жылдар арасында өлке тарихы бойынша 70-тей кітап шығарып, мақалалар, эсселер жариялап, алаштықтарға көп қызмет жасады.

Соңғы кезде Петропавловск қаласы мектептеріне Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Сәдуақасов, т. б. Алаш қайраткерлерінің есімін беру жөніндегі игілікті жұмыстар басталып кетті.

ХХ ғасыр басында қазақ ұлтының теңдігі мен саяси бостандығы үшін тас-түйін бірігіп, қаламымен де, қаруымен де күреске шыққан Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі Алаш баласының жадында мәңгі сақталады. Оның дәлелі – қазақ зиялы қауымының бойындағы алашшылдық сана. Бұл сана жас ұрпақ болмысына тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі биіктей бермек.

Алаш жетекшілерінің ұлт-­азаттық идеялары мен ұрандары сол дәуірдің оқыған талапты, талантты жастарын баурап алды. Туған халқының халін сезіп, жаны ауырған жас буын өкілдері ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің идеяларын қолдап, солармен бірге қимыл жасады. Жоғарыда өзіміз әңгімелеген Барлыбаевтар ­әулетінің іс-әрекеті бұған айқын куә.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button