Қоғам

Алаш рухы

Ол бүгін алпысқа толды. Мен ең алғаш көргенде 28-дегі жіптіктей жігіт еді. КазГУ-дың түлегі, арабшадан хабардар, орысшаға жүйрік азамат. Қаракер ме, қаракөк пе – сәйгүліктей жарқырап тұр. Бір-бірімізді танымаймыз. Сарша тамыздың алды еді…

[smartslider3 slider=3637]

ҚазПИ-ге жақын үлкен дүкенді басына көтеріп, есім-сойымды атап шақырып тұр. Бейтаныс жігіт. Жанына жақындадым. «Сені академияның Әдебиет институтына Серік Қирабаев шақырып жатыр. Бүгін!» деді. Өзін таныстырған жоқ, сөзге де келмеді. Үлкен кісі тапсырды, бұл орындады – бітті…

Таныстығымыз осылай біртүрлі басталды. Оған да 32 жыл болыпты. Содан бері көз алдымда Сұлтанхан Аққұлыұлы Жүсіп (ресми «Сұлтан Хан Аққұлы Жүсіп») қарабурылдай шауып келеді. Жер тарпып, ерекше кісінейтіні де, ешкімге бой бермей, басын жуытпай, осқырайтыны да бар. Бірақ кекжек, безер жылқы емес. Арғы жағынан тектілігі, Түркістанның киелі топырағына аунаған тазалығы, Еуропада бір мүшел тұрғанда ілген демократтығы мен либералдығы бар. Осы қасиетіне таңданатындар көп.

Сонымен, 1990 жылдың шілде-тамызында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты экс-министр Мүсілім Базарбаев басқаратын бөлімнің табалдырығын аттадық. Директорымыз – көшбасшы сыншы, АПН корреспондент-мүшесі Серік Қирабаев. Бекзат Мүсекең КазГУ-дың мемлекеттік емтиханына төрағалық еткенде Сұлтанханды аттай қалап алыпты. Артықшылығы – арабша, төтеше білетіндігі және өткірлігі. Екеумізді қолқалап «Жүсіпбек Аймауытұлы тобына» салды да жіберді. Бұл, бүгінгіше айтқанда, ғылыми жоба. Ж.Аймауытұлына деп арнайы қаржы бөлінген, мақсат – Алаш мұрасын жинау, жүйелеу, жариялау.

Сөйтіп, Ауған көрген, жетімдік пен шеттетілудің дәмін татып жетілген Сұлтанхан Жүсіппен архив кезіп, «дәруіш болу» – ғылымға бару жолын бастадық. Әлі де сол соқпақтамыз.

Сұлтекеңнің достары, тілектестері көп, оның болмыс-бітімін түсінбеушілер, тіпті көре алмаушылар бұдан да көп болуы мүмкін. Бірақ соңғылары «кісі танымайды-ау». Енді ойымызды дәлелдейік.

Біріншіден, осы Сұлтанхан болмаса, ұлттың маңдайға басқан дарасы, Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның 15 томдық мұрасы шығар ма еді?

Екіншіден, Сұлтанхан десте-десте публицистикалық мақала жазбаса, орыстілді аудитория Алашты, оның елеулі оқиғаларын, Ә.Бөкейхан өмірі мен қайраткерлігінің тылсым тұстарын кең білер ме еді?

Үшіншіден, «Азаттығы» бар, азаттық емесі бар – ерікті-еріксіз БАҚ, әсіресе оның 2000 жылдардағы даму үдерісі алашшыл Сұлтанханның өресінен, өткірлігінен зиян тапты ма?

Жалпы қаламгерлік тұрғысынан С.А.Жүсіп – өте қызық құбылыс. Мысалы, ол 28 жасына дейін көсіліп ештеңе жазбаған. Күні кешеге шейін жеке зерттеу кітабын да шығармаған (алаштанушылар М.Мағауиннің ыждағатымен «Жұлдыз» журналында тұтас басылған диссертациясын оқитын). Алматыдағы №12 қазақ мектебінде оқыған, қазақшасы да әжептәуір, алайда орысша төгілтеді және ел һәм ұлт мәселесі дегенде керікеткендердің «кеңірдегін жұлып алады». Қай жұмыста болсын әділетсіздікке төзбейді. «Көке-жәке» – оның сөздік қорында жоқ сөздер. Әрине, етегіне намаз оқымайды. Түркістандағы тентектігін тым ұмытып кетпейді. Адалдығы, жауапкершілігі алда тұрады. Уәде берді ме – орындайды.

Ол – біршама сері, заманауи жігіт. Киіміне қылау түсірмейді. Оның пошымы мен пішімі ешкімге ұқсамайды. Ешқашан аузынан – сөзі, қойнынан бөзі түскен емес.

1995 жылы алғаш Мюнхенге, кейін Прагаға кеткенде, біреулер «әлихантануға қайта оралмайды» деп болжаған. Сұлтекең заманауи тәсілмен Ресей архивтерінен ескі материалдардың көшірмесін алдыртып, Шығыс Еуропада жүріп те Алаш үшін тер төгіп жатты.

Алпысты алқымдаған досымыз өмірдің де, тағдырдың да қайнаған ортасынан шыққан. Диссертация қорғауы үстінде ғалым-хатшы мектеп бітіргеннен кейін атқарған жұмыстарын санамалағанда, көпті көрген ғалымдар басын шайқағаны да есімізде. Кейінгі «Жаңа фильм» журналының редакторы, Өнер академиясының кафедра меңгерушісі, Астана мэрінің баспасөз хатшысы, «Алашорда» қорының (баспа ісі) басшысы т. б. қызметтері – болашақ сергек сұлтанхантанушыларды бейжай қалдырмайды деп есептейміз.

Елуді еңсергенде жарқ еткізген «Қазақ жерінің жоқшысы» атты монографиясынан басталатын қазақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі кітаптары – оқырманның талқысы мен қалауында. Кітапхана сөресінде шаң басып тұрмай, тоз-тозы шығатынына сенімдіміз.

Кейіпкерімізді сері дегенге қыр­да гүл теріп, той тойлап жүреді деп қалмаңыздар. Сұлтекең – аса жауапты отағасы. Жұбайы Нұргүл ханым – әйгілі композитор Мыңжасар Маңғытаевтың перзенті, әжесінің бауырында өскен инабатты жан. Бірі Швецияда, екіншісі АҚШ-та оқыған Әсем, Зарема қиырды жайласа да, Алаш ардагері Ә.Бөкейхан мен әкесінің кітабын ағылшын тіліне аударып, рухани қолғабыс етіп жүргенін ілтипатпен айтамыз.

Ол алпыс деген белесіне Алашқа қызмет етіп, абыроймен жетті.

Оның марқұм анасы босанар алдында түс көрген екен. Түсінде мақпал түнде бір жұлдыз аса биіктен жарқырапты деседі…

Мұны төрт-бес інісін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай баққан Сұлухан әпкесі айтып берген еді.

Иә, Сұлтанхан тумай тұрып көрінген жұлдыз қашан да биік. Өйткені ол – мың өліп, мың тірілген қазақты жақсылыққа бастаған Алаш рухы ғой.

Дихан Қамзабекұлы,

ҰҒА академигі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button