Алаш тарихының шындығын көрдік

«Astana Media Week» апталығы аясында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Міржақып. Оян, қазақ!» көркем фильмінің толықметражды ашық көрсетілімін «Қазмедианың» концерт залына жиылған жұртпен 2,5 сағат тапжылмай тамашаладық. 6 бөлімнен тұратын сериалды қайта монтаждаған жандардың еңбегі ерек. Зал толы көрермендермен бірге фильмнен керемет әсер алып, Алаш тарихының шындығын көрдік
21 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетілетін туынды қазақтың біртуар перзенті, Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 1909-1935 жылдардағы өмір кезеңін қамтиды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мен қайраткерлерінің бейнесі сәтті, шынайы сомдалған. Бас кейіпкер – Міржақып Дулатұлының күрескерлік тұлғасы, қайраткерлік ұстанымы, тағдыр-талайы, достығы мен махаббаты толық ашылған. Өз ұлтына қалтқысыз қызмет етудің теңдессіз үлгісін көрсетіп, елін ұйқыдан оятқан Міржақыптың шын бейнесі алдыңнан шығады.
Жақаңның Алагөз атты жылқыға деген ғажайып сүйіспеншілігі, аштықтан қырылған қазақтарға жанұшырып көмектесуі, Ғайнижамалға ғашық болып, махаббатына кедергі жасауға ұмтылған жігітті дуэльде қалпағынан атуы, көрген түстерінен шошып оянуы, түрмеде наннан дойбы жасап ойнауы, маңайындағы сатқындардың іс-әрекеті, ату жазасына кесілген сәттегі алаштықтардың құшақ айқастырып қоштасуы, кішкентай Гүлнардың қасіреті мен Гүлнар апайдың әкесінің ақталуын естуі – бұл детальдардың бәрі бір-бірімен көркем қабысып, актерлердің шебер ойынымен көрерменнің көңіл пернесін дөп басады. Әр бөлімде оқиғалардың шинеленісуі өз ұлтын шексіз сүйген ұлдың болмыс-бейнесін одан әрі аша түседі.
Алаш арысының «Қазақ» газетінде шыққан мақаласында: «Ресей Думасына қазақтан депутат сайлау мүмкіндігі болғанда, біз қазаққа шын пайдалы депутат таңдауымыз керек. Ол ақжүрек, таза болса, жұртты я сатып, я алдап кетпейтін болса. Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екіталай жерде жанын қиярлық ержүректі болса. Өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса. Саясат ісіне жетік болса, білімді, шешен, оқыған көсем болса» деген жолдар бар. Қазақ халқын отарлық тәуелділіктен босатуды аңсаған, соның жолында күресіп, құрбан болған Міржақыптың өзінің бойында осы асыл қасиеттер болғанын көріп, қайран қаласың!