ӘлеуметМәслихат

«Алаш» тасжолы шетте қала бере ме?

Астанада осыдан тура он жыл бұрын, нақты айтсақ 2007 жылдың 12 желтоқсанында «Алаш» автономиясы мен үкіметінің құрылғанына 90 жыл толу құрметіне бұрынғы Софиев тасжолына Алаш тасжолы атауы берілді. Ш.Жиенқұлова көшесінен басталып, Ақжол, Жолымбет көшелерімен қиылысатын бұл тасжолдың ұзындығы – 14717,3 м. Қалалық мәслихат депутаты Зәуре Жүсіпованың пікірінше, ниет дұрыс болса да, шешім дұрыс шығарылмаған. Алаш атына бас қаланың орталығындағы даңғылды беру керек еді. Ал бүгіндері аталмыш тасжол қаланың шетінде қалып қойған.

«Алаш» – бәріміз үшін қасиетті ұғым. Арғы жағындағы тарихты айтпағанда, бергіде, ХХ ғасыр басында құрылған «Алаш» партиясының азаттық аңсарын үлгі етуіміз керек. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, өзге де Алаш қайраткерлері қазақ үшін барын салды. Тә­уелсіздігіміздің алғышартын да солар жасады. Ал енді ардақтыларымызға қатысты атауды қалайша шет аймаққа апарып қойдық?» дейді Зәуре Ғинаятқызы.
Жалпы, депутаттың ұсынысы орынды. Осы күні елордада Алаш қайраткерлерінің атына 1 даңғыл, 26 көше және жоғарыда аталған Алаш тасжолы болса, солардың басым көпшілігі елеусіз жерлерде орналасқан. Бұл көшелердің ұзындығы да көңіл көншітпейді. Мысалы, Мұстафа Шоқай көшесі Промышленный тұрғын алабында тұр. Бірімжановтар көшесі, Ақмола облыстық «Алаш» комитетінің төрағасы болған Айдархан Тұрлыбаев, Жаһанша Сейдалин, күн көсем Владимир Ленинмен сағаттап дау­ласып, қазақ жерін қорғап қалған Әлімхан Ермеков атына берілген көшелер ұзындығы 1 мың метрге де жетпейді. Осы жағы әлі де ойланарлық.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button