Алаш журналистикасын үлгі еткен
Алаштанушы ғалым, профессор Қайрат Сақтың еліміздің ғылымы мен біліміне қосып келе жатқан үлесі орасан зор. Ғылыми публицистикалық шығармаларында Алаш қозғалысы қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын терең зерттей келе, отандық журналистиканы «Қазақ» газеті салған жолменен дамытуды ұсынады. Қазақстанның бұрынғы және қазіргі астанасындағы маңдайалды жоғары оқу орындарындағы білім беру саласын дамытудағы қажырлы еңбегі – өз алдына бөлек әңгіме. Айтқандай, бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және саясаттану факультетін басқаратын декан, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Қайрат Өмірбайұлы асқаралы алпыс жасқа аяқ басып отыр.
Қасиетті Түркістан өңірінде туып, 1990 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін үздік тәмамдаған ол тәуелсіздік алған жылдан бастап еліміздің жаңа тарихын түгендеуге кірісіп кетті. Бірден аты әл-Фараби бабамыздың есіміне ауысқан Қазақ мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша 1993-1996 жылдары күндізгі оқу бөлімінің аспиранты болды. Еңбек жолын шетелдердегі қазақтармен байланыс жасайтын «Отан» қоғамына қарасты «Біздің отан» газетінің тілшісі болып бастап, араб жазуын жақсы білетіндіктен «Дала уәлаятының газеті» энциклопедиялық жинағының 4-5 томдарын құрастыруға қатысады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының атақты «Қазақ» газетінің 1997 жылы жарық көрген академиялық жинағын құрастырушы авторлардың бірі. Көп ұзамай «Қазақ газетіндегі ұлттық саяси-әлеуметтік мәселелердің жазылуы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. 1993-1996 жылдары алаш рухын аспандатқан «Қазақ» газетінің сол атпен жалғасы болып шыққан республикалық басылымы бас редакторының орынбасары, 1996-1998 жылдары өзі жоғары білім алған әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің «Журналистика тарихы» кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарады. 1998-2000 жылдары осы оқу орнының «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы және аты дәл солай аталатын баспасының директоры болып, еңбегін одан әрі жалғастырады. 2000-2008 жылдары кезінде ұстазы Тауман Амандосов негізін қалаған «Әдеби редакциялау және журналистік шеберлік» кафедрасының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.
Ол Астанаға 2008 жылы арнайы шақырумен келіп, елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің журналистика кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалады. 2010-2011 жылдары осы оқу орнында «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының меңгерушісі болған ол 2011 жылдан бастап күні бүгінге дейін өзі іргетасын қалаған Журналистика және саясаттану факультетінің деканы болып еңбек етуде. Осы аралықта маңдай терін төгіп, факультетті еліміздегі журналистік білім беру бағытындағы ордалы орталыққа айналдырып, өзі дәріс беретін білім алушылар санасына сіңіргендей, көпке үлгі болып, үнемі ізденіс пен қажырлы еңбектен ажырамай, биік бел-белестерді бағындырып келеді.
Ғылым жолындағы еңбектерінің бағалануы Алаш қайраткерлері өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі қажырлы ізденісі үшін 2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті берген «Ең үздік ғылыми-зерттеу жұмыс» жүлдесінің дипломанты атанудан басталады. «Ұлттық сана ұйытқысы» оқу құралы үшін 2002 жылы Қазақстан Журналистер Одағының сыйлығына ие болады. Журналистикаға бет бұрған жастарға берген білімі, ұстаздық еңбегі үшін 2007 жылы жоғары оқу орындарының «Ең үздік оқытушы» мемлекеттік грантының иегері болса, мемлекеттік тілді насихаттауға белсенді атсалысқаны үшін 2009 жылы «Тіл жанашыры» төсбелгісімен марапатталады. 2010 жылы Қазақстанның мәдениет қайраткері атанса, 2018 жылы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі», 2023 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін кеудесіне тағады. Өткен жылы мемлекеттік жоғары марапатқа ие болып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін алуы – ұзақ жылғы ұстаздық һәм ғылым саласындағы еңбегінің өтемі.
БАҚ беттерінде жариялаған мақалалары мен теле-радио арналарында берген сұхбаттарында ол «Қазақ» газетін үлгі ете отырып, отандық журналистиканы жаңғыртуға шақырады. («Қазақ» газетін үлгі етіп, отандық журналистиканы жаңғыртуымыз керек», «Айқын» газеті, 3.02.2023 жыл).
Осы мақаласында ғалым: «Бұл жолғы әңгіме етпегіміз – қазақ тәуелсіз журналистикасының теориялық та, тәжірибе жүзінде де негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының БАҚ-тың қоғамдағы орнын айқындап қана қоймай, оны іс жүзінде асырудағы ерен еңбегі мен жарқын жолын үлгі етіп ұсыну. Тегінде, «тарих спираль секілді өріледі» деген тәмсіл рас болып көрінеді. ХХ ғасыр басы мен ХХІ ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы ұқсастықтар соған меңзейді. Өткен жүзжылдықтың табалдырығынан қазақ қалай қиналып аттаса, мына ғасырдың алғашқы жиырма жылын да ауыр еңсергені көз алдымызда. Қазіргі шиеленісуі өршіп тұрған геосаяси жағдай, еліміздің күрделі кезеңді бастан кешіп жатуы ХХ ғасыр басындағы тарихи ахуалды еске түсіреді. Қазақ халқының тағдыр талайы қыл көпірдің үстінде тұрған кезде Алаш қайраткерлері шарқ ұрып жол іздегені секілді, бүгін де ел зиялылары Қазақстанның даму жолын айқындау қамында бас қатыруда. Айырмашылығы – ол кезде бодандықта болсақ, қазір азат елміз. Бірақ бостандық жемісін көрмеген халық көңілі толқулы. 2022 жылғы қаңтар қасіреті – соның айқын айғағы. Тарихтан сабақ алу – дамыған елдерден үйренетін жол. Қателікті қайталау – ел болашағын қауіп-қатерге байлау. Оған жол беруге болмайды» деп бүгінде қазақстандық БАҚ өзінің классикалық функциясын атқара алмай отырғанын жазады.
Халық пен билік арасындағы көпір қызметіне қол жеткізе алмауынан халықтың сөзі билікке, биліктің сөзі халыққа жетпей, арасы ажырап тұрғанын айта келе дамыған елдердің трансұлттық сипатқа ие бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы тапсырыспен аудиторияны зерттеу үшін ғалымдар тобы қызмет ететінін, ал бізде оны ойлап, тәжірибеге енгізуді көздеп отырған БАҚ жоқ екенін, себебі оған қаржы қарастырылмағанын, ал тегін тер төккенге ешкімнің құлқы болмайтындығын ашып көрсетеді.
«Соның кесірінен бұқарасы жоқ қазақстандық ақпарат құралдары ақпараттық бәсекеде жеңіліс табуда. Журналистика теориясы мен тарихын зерттеуші ғалым ретінде ұсынатын жолымыз біреу. Ол – мен ойлап тапқан дүние емес, ұлт ұстазы, қазақ тәуелсіз журналистикасының теориясы мен тәжірибесінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының дара жолы. Алаш ардақтысының «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ һәм тіл қандай керек болса, халыққа газет – сондай керек дүние» деген тұжырымын барлық бұқаралық ақпарат құралына қатысты деп қабылдап, құнды пікірге құлақ асатын кез туды» дей келе, мақаласын қазақты бір ұлт етіп біріктіру, ұйыту мақсатымен Алаш қайраткерлері шығарған «Қазақ» газетінің өнегелі жолын үлгі етіп, отандық журналистиканы жаңғыртатын, дербес әлеуметтік институт, шынайы төртінші билік деңгейіне көтеретін уақыт жетті деген оймен қорытындылайды.
Осы мақаласында ол сондай-ақ бір облысқа Ахмет есімін беру туралы тың ойын ұсынады. Мұның бәрі ұлт мұраты жолында бақилық болған Ахмет Байтұрсынұлына емес, оның өнегелі жолын жалғайтын ұрпақ тәрбиелеу үшін керек екенін жетеріне жеткізе жазған алаштанушы журналистің өзге де еңбектері қашан да Алаш арыстарының жанкешті өмірі және халыққа қалтқысыз еткен табанды еңбегімен астасып жатады. Осындай бағытта ғалым, журналист, ұстаздың бүгінге дейін 300-ден астам мақалалары мен он шақты кітабы жарық көрген. «Ұлттық сана ұйытқысы» монографиясы мен «Алаш мұрасы» оқу құралы ұлт руханиятына қосылған мол қазына саналады.
Сондай-ақ Қайрат Өмірбайұлы – Алаш баспасөзі мен көсемсөзінің тарихын терең зерттеу бағытында бірнеше ғылыми жобаны жүзеге асырған жетекші ғалым. Нәтижесінде оның жетекшілігімен жүзеге асқан ғылыми жобалар аясында «Қазақ энциклопедиясы бас редакциясы» баспасынан әлеуметтік маңызды кітаптар сериясымен басылып шыққан «Алаш көсемсөзі: жер мәселесі», «Алаш көсемсөзі: тіл мәселесі», «Алаш көсемсөзі: дін мәселесі», «Алаш көсемсөзі: шаруашылық мәселесі» атты тақырыптық 4 томдық еңбегі мен отандық және шетелдік ғылыми журналдарда жарық көрген бірнеше ғылыми мақалалары сала ғалымдарының жоғары бағалауына ие болған.
Журналистика тарихын елдің өткенімен тығыз байланыстыратын қаламгер әрі басшы Қайрат Сақ болашақ журналистер тарихи тұлғалардың журналистік шеберліктерін біліп, меңгеріп, әрі қарай жалғастыруы тиіс деп санайды. Журналистика арқылы саланың тарихи кезеңіндегі шынайы ақпарат, ақиқат жеткізілетіндіктен, студенттер осы «Журналистика тарихы» пәнін оқу барысында елдің де тарихын терең біліп шығады. Сол себепті декан ретінде өзі бұған қатты маңыз береді.
«Алаш қайраткерлері мемлекеттен бір теңге алмай, өзін-өзін қаржыландырып, халықтың шын мәніндегі көзі, құлағы һәм тілі болған газет ашып, ұлт жолында қызмет етті. Біз осыны студенттерге оқыту арқылы Алаш зиялыларынан үлгі-өнеге алып, олардың журналистік мектебін әрі қарай жалғастыруды мақсат етіп отырмыз. Журналистика – ең көне мамандықтардың бірі. Біз оның бастауын қағаз газет шыққан күнмен есептесек, тым келте қайырамыз. Бұған дейін қазақ баспасөзінің тарихы «Түркістан уәлаятының газеті» шығуынан басталады деп оқытылатын. Ал қазір біз одан әріге барып, Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастап оқытамыз. Өйткені ол да өз заманындағы бұқараға ақпарат беріп тұрған газеттің үлгісі. Публицистиканың жарқын көрінісі» дейді журналистика майталманы.
Қазақ журналистикасын ұлт зиялыларының ұранымен ұштастыра дамытуды ұсынып жүрген алаштанушы ғалымды бүгінгі алпыстың асуына жеткен мерейлі жасымен құттықтай отырып, қашан да қаламыңыз қарымды болып, шығармашылығыңыз шарықтай берсін деген тілек білдіреміз! Тамыры тереңге бойлап, жапырағы кеңге жайылған мәуелі бәйтеректей өнегелі әулеттің үлгісін көрсеткен өмір жолыңыз ұзақ та баянды болсын!
Райхан Рахметова