Жаңалықтар

АЛАШҚА АНАНДИ НЕ БЕРЕДІ?

Күллі әлем шығыс Еуропаға көз тігіп отырған кез. Бір туған халықтардың басы бөрік сыртында жарылып, бүкіл ел бүлінген заман. Украинадағы жағдай ушыққан мезгілде жаһандық деңгейдегі өзге жаңалықтардың көлеңкеде қалып қойғаны жасырын емес.

Кеше Америка киноөнер академиясы 24 номинация бойынша үздік деп танылғандарға 86-шы рет «Оскар» сыйлығын табыстады. «Екінші сорттағы» жаңалықтардың ең бастысы осы сияқты. Әнеугүні әңгімелеп қойған «Уол-Стриттан» ешкім топ жарып, төрге озбады. Таяуда ғана Ди Каприоның қайырымдылық жасаған болып жан-жаққа ақша шашқаны да киножүлде алуына ықпал ете алмады. Шіркінің әлі сол жалаңаш күйінде…

Шыны керек, бізге салар болса, жоғарыда аталған 24 жүлденің барлығын дерлік түрік пен үнді сериалдарының кейіпкерлеріне үлестіріп берер едік. Себебі, сонау «Асау жүректен» бастап «Келінге» дейінгі уақытта шетелдік арзанқол фильмдердің қазақ ортасында әжептәуір аудиториясы қалыптасып және ол кеңейіп те үлгерді. Мойындамасқа амал жоқ. Әлгі сериалдардың сағаты соққанда ауыл көшелерінен үрген ит пен сауын сиырлардың қарасын ғана көретін жағдайға жеттік. Бар тірлікті ысырып қойып, бала-шағамызбен бірге теледидардың алдына жиналамыз. Содан тәрбие аламыз. Тәрбие үйретеміз. Ішіміз күйеді.

Сериал десе, ішкен асымызды жерге қояты­нымызды білсе керек, ауылға Ананди келіпті. Кәдімгі «өзіміздің жылауық келін»! Құшақ жая қарсы алдық. Өз қызындай көріп өзеуреп жатқандар да бар екен. Не сенерімді, не сенбесімді білмей мен тұрмын…

Ақиқатын айтайықшы. Жаһандану деген жалмауыздың көмейіне жұтылып кетпеудің бір амалы болса, ол – ұлттық құндылығымызды сақтап, оны ұдайы дәріптеп отыру. Ал Ананди бастаған шетелдік сериалдардың бізге берері мол, әрине. Бірақ кері бағытта. Сондықтан қой терісін жамылып, маңырап жүрген қасқырларға қазірден бастап қақпан құра білейікші. Әйтпесе, ұлағат көрмей өскен ұрпағымыздың ұлардай шулағанынан не қайыр?!

Шевченконың жұрты шыбын жанын шүберекке түйіп, қос аждаһаның аузында шыр-пыр болып жатқанда етек-жеңімізді жинамай, біздің бейқам отырғанымыз жарамас.

Нұрислам Құспанғали

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button