Руханият

Алаштану ардақтысы

Ұлы Абайды, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовті, Алаш қайраткерлерін зерттеуші Тұрсын Жұртбай 70 жаста. Мерейлі дата қарсаңында елордада «Елдік ұстаным және Тәуелсіздік нысанасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға қатысқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Тұрсын Жұртбайдың жазушылық, шығармашылық жолына тоқталып, оның ғалым ретінде атқарған ауқымды жұмысын атап өтті.

[smartslider3 slider=273]

Мемлекеттік хатшы ғалымның екі томдық «Дулыға» тарихи-танымдық кітабының берер тағылымы мол екенін, «Бейуақ», «Бесігіңді түзе!..», «Талқы», «Мухтар Омарханович Ауэзов», «Құнанбай», «Сүре сөз» еңбектерінің ғылыми құндылығы аса жоғары деп баға берді.
– Тарихты түгендеу – мехнатты іс. Тірнектеп жинап, түбін қопара зерттеп, көз майын тауысып, жылдар бойы архивтерде отырып еңбек етуге екінің бірінің, егіздің сыңарының қайраты жете бермейді. Ол үшін аса зор табандылық керек, шыдамның шегін көрсетер, төзімді түгел тауысар ауыр жұмысты ұлт алдындағы жауапкершілігін сезіне алған азамат қана атқара алса керек. Жұрт жұмысына жанын салып істейтін ғалымдардың бірі жетпістің жотасына көтеріліп отырған ортамыздағы ардақты азаматымыз – Тұрсын Жұртбай. Ал ғалымның 50-жылдардағы ұлт зиялыларын қудалау, қуғын-сүргінге ұшырату туралы, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі басшылары мен мүшелерінің үстінен жүргізілген тергеу істерінің негізінде «Ұраным – Алаш!..» атты үш томдық зерделі зерттеуінің шығуы рухани дүниемізге үлкен серпіліс әкелді. Тұрсын Жұртбай осы үштомдық іргелі зерттеу еңбегі мен «Алаш ақиықтары» атты сирек деректер жинағының негізінде біртұтас Алаш идеясының тұжырымдамасын мүмкін болғанша толық ашты, – деді Қырымбек Көшербаев.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Мемлекеттік хатшы тарихқа қатысты бірқатар ойын ортаға салып, ұсыныстарымен бөлісті. Соның негізінде тарихи ілім-білімнің біржақты көзқарастарынан арыла отырып, өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасауды, ежелгі және орта ғасырлар тарихына баса назар аударуды ұсынды. Бұдан бөлек, кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихын қайта пайымдаудың, еліміздің осы заманғы тарихының толғақты мәселелерін зерттеуді күшейтудің, қазақ диаспораларының тарихын зерделеудің маңызды екеніне тоқталды.
Сондай-ақ конференцияға Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Білім және ғылым министрі ­Асхат Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және еліміздің белгілі ғалымдары қатысты.
«Ұлт тарихы мен әдебиеті қос қанаты іспеттес болған Тұрсын Жұртбайды бәрі ұлағатты ұстаз, саналы ғұмырын отандық ғылымды дамытуға арнаған айтары мол азамат ретінде жақсы біледі, шексіз құрметтейді. Тәуелсіздік жылдарында ұлт санасын жаңғыр­туға сүбелі үлес қосып келесіз. Кітап боп қапталған құнды еңбектеріңіз әлі талай буынға рухани азық болары сөзсіз» деді мерейтой иегерін құттықтаған елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Жиында сөз алған мерейтой иесі Тұрсын Жұртбай конференцияға қатысушылардың барлығына алғысын білдірді. «Қошеметке ешқашан құмар болған емеспіз, алайда сыйсыз болайын деген де ойым болған емес. Еңбегім еленген сайын кішірейіп, қарапайым, елге жақын болуға тырыстым. Жұмыс істеуіме күш беретін де сол елдің жан жылуы. Сол жылуды сезген сайын өмірім зая кетпегенін түсініп, жұбанамын» деді ғалым.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button